Ұлағатты мереке! Ұрпақ тағзымы!

Көкшетаудағы Жеңіс күніне арналған салтанат биыл Абылай хан алаңынан басталды. Әскери киім киіп, сапқа тұрған мектеп шәкірттері, әскери-патриоттық клубтар мүшелері Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге салтанатты мерекеге дайындықтары туралы рапорт берді.

Аталар еңбегі мен ерлігін қастерлеген жас ұрпақтың бұлайша сап түзеуі сол ерлікті жалғастырушылардың, тәуелсіз елімізді болашақта да қорғаушылардың барлығының айғағы. Одан әрі облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, облыстық мәслихат депутаттары қаланың құрметті азаматтарымен бірге қалалық бақ аллеясымен Тәуелсіздік алаңына қарай жүрді. Өшпес ерлікті еске алуға жиылған жұртшылық саны көп. Әр қадам сайын соғыс жылдарының әнін салған әншілер, сол кезең сазын тартқан сырнайшылар, салтанатты әскери марштарды күмбірлеткен үрмелі-аспаптар оркестрі, ұршықша үйіріліп, қос-қостан жұптасып, дөңгелене вальс билегендер… енді бір жерде жаралы солдаттарға көмек көрсетіп, жарасын таңған санитарлар, тақырыптық көрмелер, әдеби-музыкалық композициялар, «Олар біздің есімізде» деп аталатын, Ұлы Отан соғысында құрбан болғандар мен қатысушылар портреттері ілінген стенд. Осының бәрі кешегі күркіреп өткен қаһарлы соғыс салған лаңды, соғыс сырқатын, ол салған жазылмас жараны, қыршын кеткен боздақтарды, аталар ерлігін еске салады. Тәуелсіздік алаңына жиылған халық алдында мінберге көтеріліп, өңір басшысы Сергей Кулагин сөз алды: «Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсетіп, қаһармандықпен елді жаудан қорғаған, фашизмге қарсы қалқан болып, оны өз ұясында талқандаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тылда оларға көмек қолын созып, күн-түн қатып тер төккен тыл еңбеккерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Еліміз майдангер-батырларын әрқашан мақтан етеді, оларға қамқорлықты ешқашан естен шығармайды. Ұлы Отан соғысындағы еліміз жауынгерлерінің ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін тағзым етерлік қасиетті ерлік, Отан сүюдің, ел қорғаудың, қаһармандықтың үлгісі. Әкелеріміз бен аталарымыз сыйлаған осынау бейбіт күнді, берекелі тірлікті сақтау, тәуелсіз Отанымыздың іргесін бекітіп, тұғырын нығайта түсу – бізге міндет!», – деді ол.

Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелері мен аталарының фотосуреттерін жоғары көтере ұстап, қала көшелерімен шеруге қатысқандар саны жылдағыға қарағанда әлдеқайда көп болды. Ол заңды да. Жастары ұлғайған жауынгер қарттар күн санап қайтпас сапарға аттанып жатыр. Тек, олардың есімдерін жас ұрпақтың ұмытпайтыны көңілге демеу.

Тәуелсіздік алаңындағы негізгі мереке аяқталған соң өңір басшысы мен оған ерген ресми өкілдер Кеңестер Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, «Мәңгілік Алау» монументіне бет түзеді. Облыс әкімі Сергей Кулагин, қала әкімі Ермек Маржықпаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин мен қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі мүшелері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері гүл қою рәсіміне қатысты. Одан соң Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар бір минут үнсіздікпен еске алынып, құрметті қарауыл аспанға үш дүркін оқ атты. Қан майданда өздерімен бірге кеудесін оққа төсеген дос-жолдастарын еске алып, көз жанарларын жас шылаған соғыс және тыл ардагерлері дәм ауыз тиіп, өткенді бір сәт  еске алу үшін Ақан сері көшесінде тігілген әскери палаткаларға қарай беттегенде жиылған жұрт оларға қошеметпен дүркірете қол соқты.

Тәуелсіздік алаңына құрылған сахна төрінен соғыс жылдарының ән-күйі аспандап, түс ауа қайта шалқыды. Жеңіс мерекесі «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасымен, жастардың көңілді концертімен жалғасты. Қалалық бақ аттракциондарында мәз-мейрам ойнаған немере-шөберелеріне қолдарын күннен көлегейлеп қараған қарт жауынгерлер өңінен бүгінгі күнге деген ризашылық аңғарылады. Ымырт үйіріле гүрс-гүрс етіп, аспанға сан түрлі отшашу атылды. Бұдан 71 жыл бұрынғы Ұлы Жеңіс салютінің жаңғырығы бұл!..

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс