Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Табиғаттың тамаша мезгілі, алтын күзбен тіркесе келген мереке – Мұғалім күні қалыптасқан дәстүр бойынша елімізде қазан айының алғашқы жексенбісі атап өтіледі. Осыған орай, «Достар» мәдениет сарайында ұстаздар қауымына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Безендірілген сахна, зал толы көрермен мереке сәнін одан әрмен арттыра түскендей. Алдымен сахнаға мектеп оқушылары шығып, ұстаздарға деген ыстық ықыластары мен құрметтерін білдірді. Мерекеге 400-ге жуық білім бөлімінің қызметкерлері, ардагер ұстаздар мен мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері қатысты.

Ыбырай Алтынсарин:

Мен үшін жақсы мұғалім
бәрінен де артық, өйткені
мұғалім – мектептің жүрегі.

№18 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Баян Сәтпаева салтанатты шарадан алған әсері жайлы өзінің ақжарма лебізін жеткізді: «Мереке қарсаңында ұстаздар қауымына жан-жақты құрмет көрсетіліп жатқанына ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде педагогтардың берер тәлімі зор екені анық. Білімді ұрпақ – қашанда ел болашағы екендігін әсте ұмытуға болмайды. Бұл жолда бар білгенімізбен түйгенімізді оқушыларға үйретуден еш жалықпаймыз».

Салтанатты шарада алдымен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бала тәрбиелеп, әр шәкіртке мейірім төккен ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі: «Талмай еңбектену мен ізденімпаздықтың, сарқылмас күш-жігер, сүйікті кәсіпке деген адалдықтың арқасында мектептеріміз әр оқу жылында жаңа жетістіктерге жетіп, таудай табыстарға кенелуде. Мемлекетіміздің қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде ұстаздар қауымының да қосар үлесі бар. Егемендік таңы арайлап атқалы қаламызда тұңғыш рет жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілетін 900 орындық жаңа білім ғимараты пайдалануға берілмек. Қаламызда осыған дейін білім саласында жеткен жетістіктеріміз ұстаздардың еңбектерінің арқасы, алдағы уақытта олар бұдан да зор шыңдарға жетеріне сенемін». Құттықтаудың соңы марапаттау рәсіміне ұласты. М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Шаттық Қарасартова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, №1 мектеп-гимназия директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Елена Глухарева Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, №2 Красный Яр орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сая Байбатырова Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. №2 орта мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Әбдіқасымова, «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Мәментікова, №4 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гулярам Кубрина, №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күләш Ғаббасова, №11 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ирина Ильина, №3 Красный Яр көпсалалы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Әбілмәженоваларға қала әкімінің Құрмет грамотасы мен 50 мың теңгенің сыйақысы тапсырылды. Салтанатты шараға қатысқан ардагер-ұстаздарға қала әкімінің атынан гүл шоқтары табыс етілді. Оқушыларды білім нәрімен сусындатуда талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы қала әкімі, облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Кез келген саланың кәсібінен нәсібін табуды ниет еткен жандардың барлығы да ұстаздың алдынан өтеді. Озық білім алған, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген азамат – қоғамның тірегі, қозғаушысы. Пайым-парасатының ке-
ңеюіне, ақылының толысуына мұғалімнің сіңіретін еңбегі ерен. Ұстаздар күні мерекесіне орай білім беру ісіне сүбелі еңбек сіңірген 10 ұстазға шипажайлық-курорттық емделуге жолдамалар тапсырылды. Бұл күні мектеп, балабақша басшылары қалалық мәдениет бөлімінің әртістерімен қосылып, ғалым да, шахтер де бас иетін ерекше қасиетке ие ұстаздар қауымына ән арнап, мерекелік кештің көркін қыздырды. Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеурінді темір балқытқан ұста да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан да парасатты педагогтарға барша адам баласы құрметпен бас иеді. Ұстаз еңбегі қашанда өлшеусіз. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел ертеңін кемел біліммен тәрбиелеп шығару – ерен еңбекті талап етеді. Міне, осы ерен еңбек жолында бар білімін сарп етіп жүрген ұстаздар қауымын қанша ұлықтасақ та артық етпейді.

Ә.ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс