Ұлағаты биік өр тұлға

Өмірдерек: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы, журналист Мәди Хасенов Зеренді ауданының Қошқарбай ауылында 1936 жылғы 1 желтоқсанда туған. 1954 жылы әуелі Көкшетау педучилищесін, 1961 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Таңдаған мамандықтарына орай аздаған уақыт ауыл мектебінде мұғалім, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер болып істеген ол 1961 жылдан 1992 жылға дейінгі журналистік саналы ғұмырын «Тың өлкесі» және «Коммунизм нұры» газеттеріне арнады. Жазушы қаламынан туған шығармалар: «Алғашқы ән», «Қайнар бұлақ» әңгімелер жинағы, «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары» очерктер жинағы, «Тайталас», «Қайсар» повестері, «Нартәуекел», «Қиянат» романдары оқырмандарының олжасына айналды.

«Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ақпараттық-библиографиялық бөлімінде «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы ашылды. «Ұлағаты биік өр тұлға» тақырыбындағы алғашқы тұсаукесер мәдени шара жерлесіміз, жазушы-журналист Мәди Хасеновтың туғанына 80 жыл толуына арналды.

Жалпы, шығармашылық қызмет сияқты жазушылық өнер де адам талантының қайнар бұлағы іспеттес. Ендеше, қаламгер шеберлігі мен дарындылығында шек болмайды. Уақыт көші ілгері жылжыған сайын сөз маржанын өрнектей терген жазушы туындылары да өзінің рухани құндылығын, тәрбиелік мәнін жойған емес. Көкше және Ақмола жұртшылығы есімін ардақтай білген осындай дарын иесінің бірегейі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы, журналист Мәди Хасенов екендігін мақтан етеміз. Мәкең есімін ерекшелеп, құрметтеп еске алып отырғанымыз осы айда дарынды жерлесіміз 80 жасқа толмақ. Осыған орай Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ұлағаты биік өр тұлға» электрондық басылымының тұсаукесері болды. Көкшелік оқырман, зиялы қауым үшін тағы бір жағымды жаңалық, осында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы ашылды. Әдебиет әлеміндегі осы қос оқиғаға арналып, облыстық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімі жерлес жазушы Мәди Хасеновтың 80 жасқа толуына орай мерекелік іс-шара өткізді. Мерейтой иесінің туған-туысқандары, әріптестері, студенттер қатысқан салиқалы жиынға төрағалық еткен Қазақстан Журналистер одағының Ақмола облыстық ұйымының төрағасы, ақын, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев жазушы Мәди Хасеновтың қаламынан туындаған шығармаларына қысқаша шолу жасап, оның өміршеңдігін, тәрбиелік мәнін тілге тиек етті.
Бұдан кейін ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі Махаббат Ивахина «Ұлағаты биік өр тұлға» электрондық басылымына енген жазушының әдеби мұраларымен таныс-тырып, оны Мәкеңнің аяулы перзенті Алмасқа тапсырды. Оқу залының кітапханашысы Мәдина Балтабекқызы «Ұлағаты биік өр тұлға» тақырыбындағы көрмеге қысқаша шолу жасады. Облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа әріптес ағасы Мәди Хасенұлының шығармашылығын онан әрі насихаттау жолында редакция ұжымының атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек Мәди Хасеновтың «Нартәуекел», «Қиянат» романдарының оқиға желісінің шеберлікпен өрнектелуі, кейіпкерлердің образын ашудағы жазушы ізденістері жайлы пікірін білдірді. Ұзақ жыл қала мектептерінде ұстаздық қызмет атқарған, қоғам қайраткері Жанайдар Мусиннің асыл жары Райхан Сүлейменқызы Алматы шаһарында Мәдимен бірге өткізген студенттік жастық шақтарынан әсерлі әңгіме айтты. Мәкеңнің туған апасы Күлжиянның сүйікті қызы, ұлағатты ұстаз Балқадиша Сәменова айтқан естеліктен біз ұлы тұлғаның тәлім-тәрбие алған ортасы, өмірге деген шынайы көзқарасынан толық мағлұмат алғандай боламыз. Мәди ағамыздың әкесі Хасен ақсақал он саусағынан өнер тамған білікті ағаш ұстазы болса, анасы Тұржан да қазақтың ою-өрнектерін, киіз-кілемдерін тоқумен айналысқан. Ауыл мектебін бітіріп, нағашысының ақыл-кеңесімен Алматыдағы қыздар педагогика институтының химия-биология факультетінде оқыған кезінде де Балқадиша жиеніне Мәди нағашысының қамқорлығы мол болыпты. Үлкен шаһардың өміріне тез бейімделуіне ықпал етіп, демалыс күндері өзімен бірге театрларға жиі апаратын.
Мәдидің інісі, зеренділік білікті кәсіпкер Қайыркен Сағдиұлының ағасы жайлы ағынан жарыла айтқан жылы лебізі көпшілікті бейжай қалдырмады. Сонау сексенінші жылдары қазақ ауылдарының басына бұлт үйіріліп, шаруашылықтары жабылып жатқан кезде Мәкеңнің қолдауымен, қолпаштауымен Айдабол мал семірту совхозында зоотехник болып қызмет атқарып жүрген Қайыркен ініміз жауға жалғыз шапқан хас батырдай «Қошқарбай» шағын кәсіпорнын құрып, еліне қорған бола білді. Құдайға шүкір, содан бері бұл ауылдың іргесі сөгілмей, аудан көлеміндегі шаруашылығы дамыған жап-жақсы елді мекенге айналды. Тікелей Қайыркеннің қамқорлығымен 30 шақты үйлер салынып, шет аймақта жүрген қандастарымыз шақырылды. Басқа жерге қызмет бабымен кеткен жас-тар да ауылға қайта оралды. Осындай белсенді жұмыс жүргізудің нәтижесінде егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыды. Жаңадан салынған орталау мектепке жерлес жазушы Мәди Хасеновтың есімі берілді. Бұл білім ордасына келіні Мүслима жетекшілік етуде. Жерлес інісі, «Көкшетау» газетінің жауапты хатшысы Балталы Сәрсенбаев Көкше топырағынан шыққан әдебиет, өнер қайраткерлерінің мұраларын зерттеу мақсатында жаңадан ашылған «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы белсенді жұмыс жасайтындығына сенім білдірді. Дарынды перзенттерімізді тек мерейтой кезінде ғана еске алып қоймай, үнемі назарда ұстау үшін жоспарлы шығармашылық жұмыс жүргізу керек. Атап айтқанда, туған күні қарсаңында Мәди Хасенов атындағы әдебиет оқуларын неге өткізіп тұрмасқа. Осы пікірді айтыс-кер ақын, өнер жанашыры Қуаныш Оспанов та қолдап, жас прозашылар арасында Мәди Хасенов атындағы байқауды өткізуді ұсынды. Осы жиында зиялы қауым өкілдерінің ерекше бір қамқорлықпен, жанашырлықпен айтқан пікірлеріне қарағанда Мәди сияқты дарынды қаламгерлердің есімі мәңгі жасайтындығына көзіміз тағы бір жетті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс