Ұлттық болмысты дәріптейік

Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын байыппен, бірнеше қайтара оқып шықтым. Өйткені, бұл мақалада айтылған ой көп. Еліміз бен ұлтымыздың дамуына байланысты өте терең мәселелер көтерілген. Бәріміздің, үлкен-кішінің ендігі міндеті осы мақалада айтылған аталы сөздерді орындау деп түсінемін. Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Айтса айтқандай, бұрынғыдан қалған қаншама асыл ұстанымдар ұмытылып бара жатыр. Мысалы, мақалада: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді», – деген пікір бар. Ал, халқымыздың осы ғаламат ұстанымы бүгінгі таңда ұрпақ санасында бар ма? Немерелеріміз өзен-суды сақтауды, ластамауды, тал-ағашты сындырмауды, бұлақ көрсе көзін ашып, құдық көрсе күтім көрсетуді біле ме? Тіпті, көздерінше қолмен егілген ауласы мен көшесіндегі ағаш, гүлдерді аялау керектігін ескере ме? Қазақ қашанда табиғатты құрмет тұтқан, қадірлеген. Табиғат та қазаққа бар мейірімін төккендей. Табиғатпен біте қайнасқан жұртымыз оның сырын да білген, тілдесе алған. Сөйтіп, табиғи апаттардан сақтана алған. Экологиялық өмір салтын ұстану қазақтың бір ғана озық қасиеті. Басқа ізгі көзқарасы қаншама?! Қысқасы, баршамыз Елбасы мақаласын ықтияттап оқып, алдағы міндеттерімізді анықтап, оның айтқандарын жүзеге асыруда белсенділік танытқанымыз жөн.

Шәмшия Айтжанова,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы,
ақын, қолөнер шебері

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс