Ұлттық және діни тәрбие – адастырмас алтын қазық

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен діни құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Онда көптеген қордаланған өзекті мәселелер ортаға салынып, талқыланды.

Діни құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдардың мәжілісінде қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі А.Подгурский, қалалық жастар ресурстары орталығының директоры А.Белгібаева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облыстық жастар ісі жөніндегі бөлім меңгерушісі Д.Мүсіркеп, дінаралық қарым-қатынас дамуы және сараптама орталығы директорының міндетін атқарушы Г.Сатыбалдина баяндама жасады. Дәстүрлі діндер өкілдері, «Қазақ тілі және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Қиықов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Әлиев, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, арнайы мамандар қатысқан жиында баяндамашыларға көптеген сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды. Олай болатын да жөні бар.
Дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылардан қоғам арылған жоқ. Олардың ұстанымдарын, ата діннен өзгешеліктерін, таным-көзқарастарын жалпы жұрт әлі ұғып болған жоқ. Ата-аналар өз перзенттерінің қай дінді ұстанғанын танып-біле алмайды. Баласы әбден өзге ағымның теріс жолына сіңісіп кеткеннен кейін барып сан соғуда. Ондай опыныстарға жол бермес үшін ата-аналар діни сауатты болуы керек. Ал, ондай білім алуға ақпарат көздері жеткілікті ме?
Түптеп келгенде ата дінге әкелер, адастырмас жол – ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр. Ата-анасын сыйлап, ұлтының дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарды біліп өскен бала адаспақ емес. Қоғамда орын алып отырған үлкен бір кемшілік үлкендердің бала тәрбиесіне уақытты өте аз бөлуі, баланың немен айналысып жүргенін қадағаламауы. Балалардың ғаламторды шарлап, қажетсіз дүниелерді оқып, көруіне шектеу қоймау орны толмас өкінішке ұрындырар жағдай. Қайткенде де ата-ана балаларын тәрбиелеуге уақыт тауып, мектеп мұғалімдерімен бірлесе жұмыс жасаулары керек. Діни қызметкерлердің мектептерге кіргізілмеуі оларды көп хабар-ошар, діни түсініктерден шет қалдырып отырған сыңайлы. Бұл мәселе шешілсе, едәуір жеңілдік болар еді десті имамдар. Өйткені, колледждер мен университеттерге барып кездесу өткізетін мамандар студенттердің мектептен-ақ кейбір түсініктерінің қалыптасып келетінін байқаған. Мұның бір себебін
Г. Сатыбалдина айтты. Басқа ағымды ұстанған жас әйелдер үйде бала тәрбиесімен айналысады. Олар ұл-қыздарын кішкентай кезінен өзі ұстанған бағытқа тәрбиелейді. Ондай балалар мектеп жасына жеткеннен кейін де анасының ықпалында болары белгілі. Жоғары орнына келіп имамдар насихатын тыңдағанша олар қалыптасып қалары шындық. Тағы бір үлкен мәселе ер адамдар аз да болса бар болғанымен, әйел теологтар жоқ. Сондықтан, әйелдермен тіл табысып жұмыс жасаушы мамандарды тауып, жұмысқа тарту керек. Жиында осындай өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті орындарға ұсыныстар жасалатын болды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс