Ұлттық мұраны ұлықтаған

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың құрастыруымен жарық көрген «Айтыс керуені» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақта Орынбай мен Тоғжан ақыннан бастап, Тезекбай мен Шөженің, Біржан мен Сараның, Есенбай мен Қожабектің, Ажар мен Уақиттың, Мұса мен Көкеннің және тағы басқа барлығы 20 айтыскер ақынның айтыстары топтастырылған.

Дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың өзгелерден озық бір қасиеті – уақыт құмының астына көміліп ұмыт қалған құндылықтарды аршып, жарыққа шығаруға, жығылғанды сүйеп тұрғызуға, заманында тағдыр тауқыметін тартып, азап шегіп көз жұмған марқұмдардың рухын тірілтіп, жүрек отын жағуға құлшынып, білек сыбанып кірісіп кететіндігі. Кештің жүргізушісі, айтыскер ақын Қуаныш Оспанов өнер иесінің қазақтың ескіден келе жатқан есті сөздерінің асыл үлгілерін жинаумен айналысып келетіндігін тілге тиек етті. Жиналғандар да автордың өнерді дамытуға деген жанашырлық көзқарасы туралы ой өрбітті. Өйткені, Арқа әндері әлі де толықтай зерттелген жоқ. Ән өнері дегеніңіз мұхит. Әр әннiң тарихын мұқият зерттеу керек, оның артында үлкен жауапкершiлiк жатқаны белгiлi. Қазірдің өзінде ән мәтініне, ән авторларына қатысты дау-дамай көп. Бірақ анау айтты, мынау айтты демей, нақты ғылыми зерттеулер қажет. Ауызша дерек ғылыми тұжырым бола алмайтыны хақ.
Шырқап жүрген әндерінің тарихына терең үңілетін әнші Сәрсенбай Хасенов зерттеушілік қыры жайлы былайша ой бөлісті: «Консерваториядағы ұстаздарымыз: «Әр әнді айтпас бұрын оның тарихын біліп алыңдар, әннің астарында қандай сырдың жатқанын сезініңдер, сонда ғана ән әлеміне кіріп, беріліп айта аласыңдар», – деп үнемі айтып отыратын. – Мен де студент кезімнен осыған машықтандым. Бұған ұстаздарымның тапсырмасы ғана деп қараған емеспін, керісінше, әннің тарихын, авторлардың өмірін зерттегенді ұнатамын. Іздене отырып неше түрлі құпиялардың бетін ашып, сан түрлі тағдырларды танисың. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, Шал ақын, Есіл аудандарына сапарлап, сал-серілер өнеріне қатысты деректер жинадым. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер бар екендігіне көз жеткіздім. «Гәкку» әнінің бірнеше нұсқасын таптым. Байқағаным, ән күрделене түскен сайын оның кәсібилігі де артады. Сегіз серінің «Ақбұлақ» әнінің, Біржан салдың көп айтыла бермейтін «Ақсеркешінің» нақышы бөлек. Дәстүрлі әнді насихаттап, дәріптеу мәселесіне келсек, ол біздің ең басты борышымыз. Арқа әндері кезінде жан-жақты зерттелді. Бірден бір нақты зерттеген адам – Ілия Жақанов деп есептеймін. Одан кейін де сал-серілер өнерін зерттеп жатқандар баршылық. Мысалы, әйгілі Ақан серінің «Балқадиша» әнін тыңдаған әрбір жан басты кейіпкер Қадиша қыз-дың тағдырына аяушылық білдіріп, ауыр күрсінетіні сөзсіз. Қазір қазақтың ұлттық нақышындағы «Жігіттер» квартеті «Балқадиша» әнін «Күйеуің 85-те-ай, Шал Қадиша», – деп өрескел бұрмалайды. Бұл дұрыс нұсқасы емес. Қадиша қыз үлкен кісіге емес, өз теңіне атастырылып, кейіннен ұзатылған. Ұзақ мұңлы әннің 90 шумағы болған деседі. Өкінішке орай, бізге толық жеткен жоқ.
Шалғайдағы қазақ ауылдарына жиі шығып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттап жүрген әншіні дәстүрлі әннің кенжелеп қалып бара жатқаны қатты қынжылтады. Себебі қазір дәстүрлі өнерде жүрген жас таланттарды шығаратын арнайы бағдарлама жоқ. Халық әндері, ұлттық музыкамыз тек конкурстарда ғана насихатталып жатыр. Дәстүрлі әнді тыңдамайтын жастарды кінәлауға да, ренжуге де болмайды. Өйткені, олар түгіл төл өнерімізді құлағына да қыс-
тырмайтын аға буын өкілдері де жетерлік. Тағы бір пікір. Дәстүрлі әншілерді теледидар, радиодан таныстырып, әндерін тоқтаусыз беріп отырса біздің де іздеушілеріміздің қатары көбейер еді. «Бізді іздейтін – қазақы қалпынан ажырамаған, қаймағы бұзылмаған өрелі орта. Ал, шынында, ұлттық өнердің нақ жанашыры – ауылда. Бұған ауыл-ауылды аралап, концерт бергенімде көзім жетті. Әлде де дәстүрлі ән эстраданың көлеңкесінде қалып кетпесін десек насихат жұмыстарын мықтап қолға алу керек», – дейді өнер иесі.
Осы кеште Сәрсенбай Хасенов отбасымен бірге Арқа әндерін бірінен соң бірін төгілтті. Әкесі Оразалы шырқаған «Дудар-ай», бауыры Нұрқасымның орындауындағы М.Жұмабаевтың «Ақсұңқар құс», Жаяу Мұсаның «Ақ шашақ» әндерін көрермен жылы қабылдады. Әншінің бес жасар қызы Айым «Сал дәурен», «Майра» әндерін тамылжыта шырқады. Балаларын да өнерге тәрбиелеп жүрген әншінің өнегелі ісіне шын разы болдық. Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы «Кенесары-Наурызбай» жырынан үзіндіні, Міржақып Дулатұлының «Алаш» гимнін жиналғандар бір кісідей ұйып тыңдап, терең әсер алды. Сахнада орындалған әндер жүректі шымырлатып, жанды тербетті. Әйтсе де көрермен залында әншінің шығармашылығына қызығушылық танытқан жастардың аздығы қынжылтты. Кештен алған әсерімізді түйіндей келе айтарымыз, халқымыздың ежелден келе жатқан рухани азығы мен байлығының бүгінде көп сұранысқа ие болмауы, тек ұлттық мейрамдар мен дәстүрлі ән сайыстарында ғана жарқ етуі жүрегіңді ауыртады. Қазақ руханияты – қазақтың өзегін жарып шыққан өз үні, асыл арманы, асқақ мұраты, қуанышы, мұңы, жүрек тебіренісі. Айтпағымыз, дәстүрлі әннің тізгінін ұстаушыларға әлі де қолдау керек, насихат қажет.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс