Ұлттық рухымызды асқақтата берейік!

Көкшетау қаласының Абай, Әуезов, Горький, Ақан сері, Темірбеков, Кенесары, Капцевич көшелері мен Абылай хан даңғылы күрделі жөндеуден өткізіліп, Абылай хан және Тәуелсіздік алаңдары, «Даңқ» аллеясы, орталық саябақ абаттандырылды.

Тәуелсіздік жылдары ішінде халқымыздың аяулы перзенттері Абылай хан, Қаныш Сәтпаев, Талғат Бигельдинов пен Мәлік Ғабдуллинге ескерткіштер орнатылды. Қалаға сән беретін шағын сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар жасалды.

Қазіргі қысқа күнде қырық құбылған құпиясы мол қатал заман ағымы өтінде, әсіресе, жас ұрпақтарға ауызы дуалы аға буынның өмірден түйген-білгендері жайлы айтары аз емес. Әттең, сол жазылған, айтылған ақыл-нақылдарымызды жастарымыз оқып, тыңдап, терең түсініп, шын пиғылмен зейіндеріне тоқи білсе ғой.

Астаналық облыс орталығы – Көкшетау қаласының
бүгінгі келісті келбетінен туындайтын ойлар

Өз алдымызға егемен мемлекет атанып, тәуелсіз өмір сүре бастаған жиырма бес жылдың ішінде қаншама қыруар істер атқарылды. Тіліміз бен дінімізден бастап салт-дәстүріміз түрленіп, ата-бабаларымыздан қалған қағидалы әдет-ғұрыптарымыз жанданып, ұлан-байтақ жерімізді қанымен қорғаған батыр-бағландарымызды дәріптеп, қазақ деген ұлттың дарындылығын, батырлығын, даналығын паш етіп, дүние жүзіне танылдық. Конституциямыздың шапағатымен осылайша ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келешекте де табысты еңбек етсек еңсеміз де жоғары, рухымыз да асқақ бола берері хақ. Осы тұрғыда қол жеткен жетістіктерімізді айғақтау үшін Көкшетаудың бүгінгі келісті келбетіне зер салайықшы. Бәрі күні кешегідей есімде. 1999 жылдың 10 қаңтарында еліміз өзінің Тұңғыш Президентін таңдады. 82 пайыз дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Жалпы, ХХ ғасырдың соңғы айлары ақмолалықтар, соның ішінде көкшетаулықтар үшін аса бір қуанышты сәт болды десек артық айтқандық болмас. Көкшетау облысы таратылып, Петропавлға қарап қалған қапалы кезде 1999 жылғы 9 сәуірде Көкшетауға Президент тапсырмасымен сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев келіп, Елбасы Жарлығымен Көкшетау қаласының Ақмола облысының орталығы болып жария-
ланған қуанышты хабарды жеткізді. Арада бес ай өткен соң, қарашаның 5 жұлдызында Президентіміздің өзі Көкшетау қаласына атбасын тіреді. Киелі Арқа төскейінде, қазақ мемлекеттігіміздің негізін қалаған кемеңгер қолбасшы, дипломант Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл ұлы тұлғаға республикамызда орнатылған алғашқы ескерткіш болатын. Салтанатты митингіде Елбасы тебірене сөз сөйледі. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң асылдарымызды ардақтап, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу керектігін айтты. Көкшетаулықтар да Тұңғыш Президентімізге ерекше бауырмалдық, сыйластық танытып, әсіресе, қариялар жағы: «Рахмет Нұреке!» деген ақ баталарын жаудырды. Міне, осы бір қуанышты сәттен бастап Көкшетауымыз қайта түледі. Облыс әкімі Сергей Кулагин мен оның командасы күні-түні тыным таппай, қаладағы әлеуметтік-экономикалық сипаттағы нысандарды қалпына келтіріп, күнделікті тұрмысқа қатысты түйткіл мәселелерді қысқа мерзімде шешті. Қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, қазақ драма театры өмірге келді. Әсіресе, қала тұрғындары үшін өмірлік маңызды нысандар: жылу, су, энергетика кәсіпорындарының жұмысы мықтап қолға алынды. Ең бастысы, жұмыссыздық қысқарып, завод, фабрикалар еңсе көтерді. Мемлекет басшысының қамқорлығы мен қолдауының арқасында Ақмола облысы экономиканың әр саласы бойынша үздіктер қатарына қосылды. 2014 жылғы 27 мамырда Сергей Кулагиннің облыстың басқару тізгінін қайта қолға алуы көкшетаулықтар тарапынан ерекше еңбек өрлеуін туғызды. Қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын жақсы білетін және бірінші кезекте қандай басым бағыттарға көңіл аударатындығын жақсы аңғаратын іскер басшы тағы да бар күш-жігерді әлеуметік инфрақұрылымды жетілдіруге, экономиканың артта қалған салаларын дамытуға аударды. Нәтижесінде Көкшетау қаласымен бірге облысымыздың барлық аймақтарында да тың өзгерістер байқалды. Дәлірек айтсақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында қысқа мерзімде ондаған көпқабатты сәнді де зәулім үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Шағын алаңдар, суағарлар, тозығы жеткен көшелер, тротуарлар жөнделіп, гүлзарлар көбейді. Науан Хазірет атындағы жаңа мешіт мұсылман жамағатқа есігін айқара ашты. Сондай-ақ, орталық саябақ, «Мәңгілік алау» маңы абаттандырылып, Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинге еңселі ескерткіш орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті қаламыз Көкшетау көзтартар көрікті де таза шаһарға айналды. Әрине, осынау игілікті істің басы-қасында жүріп, бәріне ұйытқы бола білген қала әкімі Ермек Маржықпаевқа жүктелер міндет те, жауапкершілік те жоғары. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, айына екі-үш рет облыс әкімімен, кейде өзі қаланы аралап, қордаланған тіршілік түйткілдерін көзбен көріп, қолма-қол шешім қабылдауы өте құптарлық жайт. Атқарылған ауқымды шаралардың біразы жоғарыда айтылғанымен оған қосарымыз: көпқабатты үйлердің маңын абаттандыру, тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша ескірген үйлерді жөндеу 2016-2017 жылдары аяқталады. «Жақсы десе жан сүйінеді» дегендей, Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңірінің көркеюі көңілімізді марқайтады. Әлбетте жақсылық оңайлықпен келмейтіндігі белгілі. Еңбек еткен әр адам өз ісінің шебері болуға тырысып, еліміз, халқымыз үшін адал тер төгіп жұмыс атқарса, ынтымақ-бірлікте болса, ырыс пен жеңіс ешқайда кетпейді. Осы орайда ойға ұлы ғұлама Әл-Фарабидің «Адамға алдымен білім емес, тәрбие беру керек» – деген қанатты сөзі еске түседі. Жер жүзінде небір жантүршігерлік қырғын, лаңкестік, аштық, арандатушылық белең алып, адамзат басына қара бұлттай қауіп-қатер төніп келе жатқанда мамыражай бейқам қол қусырып отыра бермеу керек. Түрлі теріс пиғылды іс-әрекеттердің сырттан келуіне қарсы тосқауылдар қойып, құйтырқы саясаттардың қақпанына жастарымыздың жазатайым түсіп қалмауына тосқауыл болайық. Ол үшін ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауына жол бермейік. Мемлекеттің негізін қалап отырған қазақ үшін маңыздысы: ана тілін қастерлеу, салт-дәстүрді сақтау. Бұл орайда әлі де болса жасқаншақтық, селсоқтығымыз басымдау. Жер, су, көшелер мен елді мекендердің атауларына ұлттық рең беріп, тәртіпке салатын уақыт жетті ғой. Мәселен, «Жас Отан», «Жаңа өмір», Қазақстанның 25 жылдығы атауларын неге бермеске. Бұл істерге тікелей ұйытқы болатын халық қалаулылары – мәслихат депутаттары мен ономастика комиссиясының батыл іс-қимыл танытуы қажет сияқты. Өйткені, мемлекетіміздің іргесі берік, ұлттық салт-дәстүріміздің сақталуы үшін бұл талаптар ауадай қажет. Оны жүзеге асыру үшін ешқандай қосымша заңдар шығарып, бағдарламалар қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл қағидалар Ата Заңымыз – Конституцияда тайға таңба басқандай жазылды емес пе. Ұлттық намыс, ұлттық құндылықтарымызды өзіміз ардақтамасақ, өзіміз ту етпесек, етегімізден ұстап еріп келе жатқан жаһанданудың жемі болып кетпеуімізге кім кепіл. Әрқашан да ұлттық рухымыз асқақ болғай!

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,

Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс