Ұлттық теңге – елдігіміздің белгісі

Тәуелсіз Қазақстанның айшықты белгісі – төл Теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасында алғаш айналымға шыққан еді. Содан бері егемен елдің мығым банк жүйесі қалыптасты. Қазіргі уақытта халықтың қаржы институттарына деген сенімі артып келеді. Үнемшілдікпен ертеңгі күнге қадам басуды да үйреніп қалды. Халықтың қаржылық сауаттылығы, баспанаға қаржы салу және тағы басқа мәселелер жөнінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Ақмола филиалының директоры Айбас Жарқынбаевпен әңгімелескен едік.

«Көкшетау» газеті: Айбас Байтасұлы, соңғы жылдары халықтың қаржы институттарына сенімі қаншалықты артты?
Айбас Байтасұлы: Бұрынғыдай емес, халықтың банктерге деген сенімі жылдан-жылға артып келеді. Мұны олардың салымшы болуға ұмтылуынан-ақ байқауға болады. Мысалы, біздің банкпен келісім-шарт жасасқан ақмолалықтардың саны 20 мыңнан асты. 8 726 миллион теңгенің 3000 несиесі рәсімделді. Яғни, 3000 салымшы қоныс тойын тойлады. Тек мемлекеттік бағдарлама ғана емес, біздің салымшылар нарықтық баспана алу жолдарын да біліп алды. Өйткені, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі ең төменгі саналады.
«Көкшетау» газеті: Елімізде бастау алған «Нұрлы жол» бағдарламасының ерекшеліктерін халық толық түсініп болған жоқ. Соны тағы бір саралап өтсеңіз.
Айбас Байтасұлы: «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асуының бір ерекшелігі, мемлекеттің баспана салуға бөлген қаржысы мемлекетке қайтарылып, оған қосымша шаршы метр тұрғын үй салуға болатындығында. Бұрын пәтерлер екі бағыт бойынша бөлінетін, мысалы 100 пәтер салынған болса, оның 50-і салымшыларға, 50-і жергілікті әкімшілікте үй кезегінде тұрғандарға берілетін. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша балл жинау жолдары жоғарыдағы жалпы кезекте тұрғандарға да қатысты болады. Яғни, үй алу кезегің келіп тұрса да, егер біздің банкте жинаған салымың жоқ болса, онда сен пәтер ала алмайсың. Ал, тізімде соңғылардың бірі болып, ал жинаған салымы пәтер алуға жетіп тұрса, ол адам кезектің басына шығады. Бұрын мұндай жүйе болмаған. Дегенмен ол адамның отбасылық жағдайы, несиені төлей алу қабілеті, өзіне немесе отбасы мүшесіне соңғы бес жылда тиесілі баспанасының болуы есепке алынады. Баға да нарықтық қатынастарға қарай өзгеруде. Бұрын бір шаршы метр 100 мың теңге болған еді, қазір 120-125 мың теңгеге өсті. Өзге жекеменшік құрылыс фирмалары бір шаршы метрді 190-200 мың теңгеге дейін өсіріп жіберді. Салыстырып қарап, өз таңдауыңызды жасаңыз.
«Көкшетау» газеті: Өз бағамдауыңызша халықтың қаржылық сауаттылығы қаншалықты өсіп келеді?
Айбас Байтасұлы: Қазір халықтың басым бөлігі сауатты. Олар соңғы шыққан бағдарламалармен жақсы таныс. Теңгенің бағамын, қаншалықты өзгеріске ұшырап жатқанын, баспана бағасындағы ауытқушылықтардың бәрін бақылап отырады. Қазір интернет арқылы өзінің салымын қадағалау жолдарын жақсы біледі. Төлем карточкалары, терминалдар, Egov бағдарламасын қолдану арқылы қаржы салу жүйесінен де хабардар. Мұның бәрі бізді қуантады. Ең бастысы, халықтың үнемшілдікке бет бұруы. Балаларының болашағына алаңдауы. Тіпті, бізге салымшы болғанда өзінен басқа отбасының бірнеше мүшесіне депозит ашып, жыл соңында мемлекет сыйақысын алуға ұмтылуы қаржылық сауаттылықтың бір белгісіндей.
«Көкшетау» газеті: «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қазір екі бағыт бойынша жұмыс істейді ғой?
Айбас Байтасұлы: Иә, «Тұрғындардың барлық категориясына арналған» және «Жас отбасылары үшін» деп аталатын қос бағыт басшылыққа алынып отыр. Бірінші бағыт бойынша 600 пәтер беру көзделсе, екінші бағыт бойынша 263 пәтер беру көзделген. Яғни, мемлекеттік бағдарламамен 863 баспана тапсыру жоспарланған. Жыл соңына дейін Щучье қаласында барлық категорияға жататын тұрғындарға 75 пәтер, жас отбасыларына кіретіндерге Көкшетау қаласында 90 пәтер тапсыру көзделген. Облыс әкімшілігімен жасалған меморандум аясында «Нұрлы жол» бағдарламасымен 216 пәтер кілті табыс етілмек. Бұл бағдарламаға жоғарыда айтылғандай Банк салымшылары да, әкімшілікте кезекте тұрғандар да қатыса алады. Тек біздің банкте салымы бар адамдардың пәтер алу мүмкіндігі жоғары болатынын тағы да еске салғым келеді.
«Көкшетау» газеті: Айбас Байтасұлы, бүгін Төл теңгенің туған күнінде, әрі қаржыгерлер мерекесінде әріптестеріңізге және салымшыларыңызға айтар қандай тілегіңіз бар?
Айбас Байтасұлы: Біздің банк қызметкерлері нарықтағы өзгерістерді тек теңгемен бағамдайды. Мұның бәрі біздің төл теңгеміздің тұрақтанып, нарықта өзінің орнын нық тапқанын білдіреді. Сондықтан теңгеміздің әрдайым осындай қалыпта болуын тілеймін. Баршаңыздың отбастарыңызға береке, бірлік және болашаққа деген сенімдеріңіздің арта беруіне тілектеспін.
«Көкшетау» газеті: Мереке құтты болсын. Әңгімеңізге рахмет!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс