Ұлттық құндылықтар іздеушісімен жүздесу

Ұлттық дәстүріміз, қарапайым да қасиетті құндылықтарымыздан айрылып, талай ғаламат дүниелерімізді ұмытып, байырғы қазақы қалпымыздан алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес. «Дәстүр» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал ақын Қасымхан Бегмановтың М.Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен зиялы қауыммен кездесуінде көтерген негізгі мәселесі осы болды. Ол әр өлкеден өлкетанушыларды, этнографтарды іздей жүріп, бұрын жұрт естімеген сүбелі әңгімелерін жазып алып, журналына жариялады.

Бұл, кітапхананың Ақпараттық-билиографиялық бөлімінің «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының бесінші шарасы екенін айта кеткен ләзім. Оқырманына «Мұстафа Шоқай жолымен» атты танымдық талғамды кітап шығарып, көрерменіне көзайым деректі фильм ұсынған, атақты этнограф ақсақал Жағда Бабалықпен салиқалы сұхбат жүргізіп, «Этнографпен әңгіме» атты берері мол шығарма ұсынған ақынмен жүздесуге ақын Төлеген Қажыбай, өлкетанушы Мұсатай Ғалым, қаламгер Мұрат қажы Ыдырысов, ақын-сазгер Иран сал Тасқара, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, ақын Байқал Байәділов, Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мұстафа Шоқай жолымен дүниенің біраз қала, елді мекендерін кезіп, басынан не бір тебіреністі сәттерді өткізген, Бабалықтай тұла бойы тұнған қазына қариямен ұзақ сырласып, қазақтың аты шыққан ғалым, оқымыстыларымен іздеп барып сұхбаттасқан Қасымхан ақынның айтары көп болса, жиналған қауымның оған айтар алғысы да, қояр сұрағы да көп еді. Тағылымды кештің соңында қонақ «Ташкентпен қоштасу», «Бес қала» сияқты айтар ойы, мазмұны терең жалынды жырларын оқып, кітапхана директоры Талғат Ыбыраевқа өлеңдеріне жазылған әндер дискісін, кітаптарын, өзі шығарып отырған «Дәстүр» журналын сыйға тартты.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс