Ұлттық өнерді ұлықтаған этноауыл

Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер – тұнған тарих» этноауылы ашылды. Іс-шараны тамашалауға Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев қатысты.  Қалалық білім бөлімі, «Әулет» орталығы, мектептердің бастамасымен ашылған этноауылда 12 ақ шаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері таныстырылды.

Қаз-қатар тігіліп, көздің жауын алған ақ шаңқан киіз үйлер безендірілген сәнімен жасыл даланың көркін ашты. Қараған жанардың жауын алатын бұйымдар сан түрлі ұлттық ою-өрнекпен әспеттелген. Оюдан бетіне түр салып басқан текемет-кілемдер, тоқыма үлгілері, тақия мен қамзол-кәжекейлер, жүннен жасалған небір кәдесый заттары халқымыздың қолөнер шеберлігінің шыңын паш етіп тұрғандай. Біз әңгімелеп отырған дүниенің барлығы этноауылдағы киіз үйлерден көрініс тапты. Жайылған ақ дастарханда ұлттық тағамдар дәмділігімен елді тамсандырды. Әсіресе, Көкшенің қымызы, құрты мен майы, женті және балқаймағынан дәм татқан қонақтар таңдайларын қағып, риза болды. Келген қонақтарға ұлттық киім үлгісімен киінген көркіне сай, болмыс-бітімі жан сүйсінер ибалы келіндер иіліп сәлем салып, аяқтарынан тік тұрып қызмет жасады. Оларға риза болған үлкендер ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды. Жастар жағы алтыбақан теуіп, асық атып, түрлі ұлттық ойындардың көрігін қыздырып жатты. Этноауыл аясында мәдени және тарихи ескерткіштер мен тұлғалар, өлке тарихына қатысты зерттеу материалдары ұсынылды. Білім беру мекемелері қолданбалы өнер көрмесін ұсынды. Оған мектеп оқушыларының үздік жұмыстары қойылды. Келушілер киіз басу, көрпе тігу, жүн иіру, ағаштан ыдыс ою өнерін тамашалады. Осы аумақта ұлттық спорт түрлері, «Хан ордасындағы кеңес» атты театрландырылған қойылымы, жыраулардың термелері және қазақтың ұлттық тағамдарының көрмесі өтті. Жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесінде зергерлердің қолынан шыққан асыл дүниелер, ұлттық бұйымдар көптің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, ұлттық киім киген аналар ұршық иіріп, кілем тоқып ұлттық құндылықтарды паш етті. Мұнда қолөнершілер арнайы келіп, өз жұмысымен таныстырды. Ал, ісмерлер қызығушылық танытқан әрбір тұрғынға шеберлік сағатын өткізді. Жалпы, сәндік қолданбалы өнер немесе киіз өңдеудің инновациялық технологияларын үйретудің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары. Өскелең ұрпақтың эстетикалық түйсік-талғамын дамытып, еңбекке баулиды. Сайып келгенде, ұлттық өнерді бағалауға, түсінуге ықпал ететіні анық. Қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов этноауылды құрудағы басты мақсат – қала тұрғындарын, әсіресе, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызбен таныстырып, мәдениетіміздің озық үлгілерін таныту екендігін атап өтті.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий