Ұлтының ұлы перзенті

Жер қойнауының сиқырлы жиһазын асқан көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік өреге көтерілген ойшыл ғұлама. Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениетті үрдістің көш басында болып, кемеңгер ғалым атанды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Теңдік ауылында өз уақытында қазақтың игі жақсыларына белгілі болған ауқатты әулетте дүниеге келген.

қаныш сәтпаев, 3Болашақ ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев ауыз әдебиеті мен өз жерінің тарихын жақсы білетін, түркітектес һәм шығыс елдерінің әдебиетімен таныс аса сауатты адам болыпты. Имантай Сәтбаев қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановқа зор құрметпен қараған, оның әкесі Шыңғыспен жақсы таныс болып, сыйластық құрған. Орыстың белгілі ғалым-этнографы, Шоқан Уәлихановтың бірге оқыған досы Г.Н.Потанин Ресейдің географиялық қоғамының ауыз әдебиетін жинастыру кызметіне Имантай Сәтбаевтың көмегін пайдаланған.
Анасы Әлима Исақызы кенже ұлы Қаныш бес жасқа келгенде қайтыс болған. Жас Қаныш Имантайдың бәйбішесі Нұрым Тасболатқызының мейірбан әрі құтты бауырында өсті. Болашақ ғалым өз әкесінен, ауылдық молдадан, оған қоса жергілікті екіжылдық Ақкелін мектебінен алғашқы білім алды. Бала Қаныш сол күндерден-ақ ерекше ұғымталдық қабілет танытты. Бұл жайында көп жылдардан кейін «Өмірдің төрт мезгілі» атты кітабында академик Ш.Шөкин былай деп жазады. «Мені бір көргеннен жадында сақтап қалғыш мінезі талай тандантты. Арада он жыл өтсе де бір ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын».
Ауыл мектебінен кейін оқуын Павлодардағы екіжылдық орыс-қазақ училищесінде жал-ғастырған жас талант оны үздік аяқтады. Сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинария-
сына түсіп, 1918 жылы бітіріп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнінің мұғалімі, 1919-1920 жылдары Ақкелін болысындағы
4-ауылда мұғалім, 1920-1921 жылдары Баян-ауылда халық судьясы қызметтерін атқарды.
Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игеріп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерін үздік орындап жүрді. Студенттік жылдарында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңірегіндегі ақын-жыраулардың аузынан жазып алған, әйгілі Едіге батыр жайындағы «Ер Едіге» эпосын қазақ тіліне аударады. Осы еңбегі 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негізгі себебі – бұрынғы Мелиоранскийдің аударған нұсқасында аты қазақша, заты кітапшілдеу ноғайша болып кетуіне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегін ана тіліне деген үлкен қамқорлығы һәм тіл ұстартуға қосқан тамаша үлесі деп білеміз.
Қаныш Шоқан Уәлиханов сияқты ауыз әдебиетін зерттеуді Баянауылда жүргенде бас-тап, студент кезінде жалғастырды. Жезқазған – Ұлытау өңірінде бұл талабын күрделі ғылыми зерттеуге айналдырған ол көптеген этнографиялық тарихи мұраларды ашты. 1921 жылы күзде ол қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінің геология бөліміне қабылданды. 1926 жылы Қаныш институтты үздік аяқтап, тау-кен инженер-геологы деген мамандық бойынша диплом алған бірінші қазақ болды. Институтты бітіргеннен кейін Қазақстан Халық шаруашылығы орталық кеңесінің ұйғаруымен «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімін басқаруға жіберілді. Бұл треске Жезқазған мыс кен орындарын, Байқоңыр көмірін зерттеуқаныш сәтпаев портрет және ағылшындар бастап, аяқтамаған Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жалғастыру міңдеттелді. Бұған қоса Орталық қазақстандық басқа да кен орындарының жұмысын қадағалау тапсырылды. Қаныш «Атбасцветмет» тресінің беделді қызметкері болды. Ол кезде бұл мекеменің кеңсесі Мәскеуде еді. Жас маман жазда өнеркәсіп орындарында болса, қыста Мәскеуде зертханалық талдау жасаумен айналысты. Қарсақбайға Қаныш Имантайұлы 1926 жылы келді. Оның алдында Жезқазған – Ұлытау ауданындағы кен байлықтарын іздеу мен геологиялық барлау жұмыстарын жаңа техникамен кеңінен жүргізу тәрізді аса маңызды міндет тұрды. Қаныш бұл жұмыстарды асқан іскерлікпен атқарып, Жезқазған кен орнында мыс қорының орасан мол екендігін анықтады. Ол геологиялық-барлау жұмыстарымен ғана шектелмей, геология ғылымының барлық саласы бойынша жұмыс жүргізді. Жаңа технологияны пайдалана отырып, ғылым мен нақтылы істің бірлігін ұштастырып, сан салалы геологиялық қызмет жүйесінің негізін қалады. Қаныш Сәтбаев – кен инженер-геологы ретінде тау-кен жұмысын да жақсы білетін, әртүрлі кен қазбасы жүйелерін мұқият зерттеген, жер жүзіндегі мысты алқаптардағы кеніштердің геологиясымен бірге кен қазу технологиясын да терең талдаған оқымысты. 1941 жылы Қ.И.Сәтбаев Алматыдағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылы ол Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы төрағасының орынбасары, 1942 жылдан бастап сол филиалдың – болашақ Қазақстан Ғылым Академиясының басшысы болды. 1942 жылы Қ.Сәтбаев Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегі үшін геология-минералогия ғылымдарының докторы атағына ие болды. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Соғыс кезіндегі ауыр жылдарда ғалым өзінің бар күш-жігерін Отанды фашизмнен қорғау ісіне арнады. Басқа да көптеген қауырт жұмыстардың ішінде өзі ашқан Жездідегі марганец қазба байлығын Отан қорғау игілігіне тез арада аттандыру тамаша ерлікпен пара-пар еді. Қаныш Имантайұлы соғыс кезінде орталықтан жер аударылған ғалымдар мен өнер қызметкерлеріне үлкен қамқорлық жасап, майданға көмек көрсету, әртүрлі күрделі ғылыми мәселелерді шешуде оларды ортақ іске жұмылдырды. Орал, Батыс Сібір және Қазақстанның кен байлығын Отан қорғау жолына жұмсауға арналған Мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Ол тек қана геология ғылымымен шұғылданып қоймай, халық шаруашылығының индустриялды жолмен өркендеуіне ұйымдастырушы ретінде өте зор еңбек сіңірді. Ғылым мен нақты істі ұштастыра жүргізу оның өмір бойғы қайраткерлік кредосына айналды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тамаша мінез-құлқымен де, өзінің сұлу тұлғасымен де ерекше дараланатын. Үлкен-кішімен қарым-қатынаста ол қарапайым және сыпайы болатын, әрқашан қайырымдылығымен, қамқорлыққа құштарлығымен баурайтын. Ол өзінің жылы күлкісі, мейірбанды жүзімен кездескен адамның мәңгілік есінде қалатын.
Қ.И.Сәтбаев – үлкен шаңырақтың атасы. Ол балаларын өте жақсы көріп, оларға тамаша тәлім-тәрбие берген. Қаныш Имантайұлының бірінші зайыбы Шәрипа Имантаевадан туған Ханиса Сәтбаева – медицина ғылымдарының докторы, профессор; Шәмшиябану Сәтбаева – филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, екінші зайыбы Таисия Кошкина-Сәтбаевадан туған Мейіз Сәтбаева геология-минералогия ғылымдарының докторы. Мәлеш атты ұлы он төрт жасында, Мәриям атты қызы жиырма бір жасында қайтыс болған. Үш қызынан туған сегіз немересі, жеті шөбересі бар.

Г.Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий