Ұлт дәстүрі дәріптелді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының құрметіне өткізілген облыстық «Батамен ел көгерер», «Әлди, әлди, ақ бөпем» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, «Елбасы медалі» бағдарламасында жеңіске жеткен оқушыларға жүлделер мен медальдар табыс етті.

Байқауға Ақмола өңірінің 16 ауданынан ақсақалдар қатысқан. Қариялар 15-20 минутқа дейін тоқтамай батаның түр-түрін айтып жарысқа түскен. Нәтижесінде Ақкөл ауданының ақсақалы Серік Құмаш «Ұлыс батагөйі» атанды. Оған ақмолалықтар атынан ат мінгізілді. Ал, екінші орынды сандықтаулық батагөй Меңдібай Көпебаев, үшінші орынды Целиноград ауданынан келген Мекебай Кәкеұлы иеленді. – Қазақ халқының мейрамы ақ тілек пен батасыз өтпейді. Бабаларымыз «баталы ер арымас» деп бекер айтпаған. Адамның жақсы ниетіне, арман-тілегіне ерекше мән берген. Мереке алдында ұлттық дәстүріміз бата беруден үлкен сайыс өтті. Бүгін соның қорытындысын жасап отырмыз. Әдемі өнегелі дәстүрімізді көрсетіп жатырсыздар. Осы еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, – деді өңір басшысы.
Жас аналар арасында ұйымдастырылған «Әлди, әлди, ақ бөпем» сайысында Жақсы ауданының келіні Мәдиана Жылкенова «Үздік келін» атанып, 50 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ал, көкшетаулық Жанасыл Оңғарбайқызы «Өнегелі», сандықтаулық Рабиға Мұқанова «Өнерлі келін» деген атқа лайық деп танылды. – Халқымыз «тәрбие тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Қазақтың бар болмысы мен мінезі осы бесіктен басталады. Сіздер осы байқауға қатысып нағыз қазақ келінінің бейнесін көрсеттіңіздер. Қымбатты арулар жеңістеріңіз құтты болсын. Еңбектеріңіз жанып, ұл-қыздарыңыз еліміздің мақтанышы бола берсін», – деген тілегін жеткізді облыс әкімі.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев білім сайыста-рында жоғары нәтижеге қол жеткізген дарынды балаларды «Елбасы медалі» наградасымен марапаттады. Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» сарайында өткен шарада 41 оқушы «Елбасы медаліне» ие болды. – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі», «Қабілет», «Мың бала» олимпиадасы, «Бірге оқу» онлайн мектебі жобалары табысты жүзеге асырылуда. Осы жобаларға 15 мың жас ақмолалық қатысты. Соңғы екі жылда аталған жобаларды іске асыруға облыстық бюджеттен 150 миллион теңге қаржы бағытталды. «Елбасы медалі» жобасына 253 жас қатысып, оның 94-і қола медаль иегері атанды, – дей келе, облыс әкімі өңірімізде жастарды қолдауға қажетті жағдай жасалып, заманауи мектептер, спорт кешендері, шығармашылық және бос уақытты өткізу орталықтары бой көтеріп жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің қолынан «Елбасы медалін» алған жастардың қатарында Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей- интернатының 10 сынып оқушысы Даниял Зарлықов, С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Әдемай Тоқмолдина да бар.
«Елбасы медалі» – Елбасының бақылауымен талантты және бәсекеге қабілетті жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі деп аталатын 7 бағыттан тұрады.
Сондай-ақ, әкім «Қоғамдық келісім» мекемесінде облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған этнографиялық және ұлттық қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, этномәдени бірлестіктер әзірлеген мерекелік дастарханнан дәм татты. Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев майдангерлер мен тыл ардагерлерін құттықтауды да ұмыт қалдырмады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий