Ұлыдан қалған ұлағат

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ғұлама ғалымның 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Баршаңызды Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған ғылыми-практикалық конференция жұмысының ашылуымен құттықтаймын,–деп бастады сөзін өңір басшысы Ермек Маржықпаев: – Қазақстан халқы үшін биылғы жыл ерекше болмақ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы сияқты қос ғұламаның есімін ерекше ұлықтап, Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау туралы тапсырма беруінің маңызы зор. Өйткені, ғалымдары да, батырлары да әлемді мойындатқан еліміздің бүгінгі жас ұрпағын сол даңқты бабаларымыздың атына лайықты ұрпақ етіп тәрбиелеу – бәріміздің қасиетті парызымыз дегім келеді. Облысымызда жыл бойы 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.
Әл-Фараби еңбектері, орта ғасырдың мәдениеті мен философиясы әлі күнге дейін адамзат игілігі үшін қызмет етіп келе жатыр. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымның шығуы», «Бақытқа жету», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» сияқты көптеген философиялық еңбектері мәңгілік мән-мазмұнын жоймайтын еңбектер. Конференция модераторы жазушы-аудармашы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы келесі сөз кезегін Анкара қаласынан келген түркиялық тарихшы ғалым, Хажи Байрам Вели атындағы университет профессоры Қоңыралп Ержиласун бекке берді. Ол Фараб аумағында Әбу Насыр туған уақытта өмір сүрген тайпалар, олардың әр кезеңде өзге өлкелерге қоныс аударуы мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Шараның келесі қонағы аты мәшһүр академик, жазушы Ғарифолла Есім «Әбу Насыр әл-Фарабидің хакімдігі» деген тақырып бойынша ой толғады.
– Әл-Фарабидің «Ғылым-дардың шығуы» туралы трактаты бар. Сонда былай дейді:
«…білгейсің, субстанциялар мен акциденциялардан басқа және сол субстанциялар мен акциденцияларды жаратқан мәңгілік жарылқаушыдан өзге ештеменің жоқ екенін». Субстанция – зат, акциденция – қасиет.Заттар сансыз, қасиеттер тіпті сансыз. Соның бәрінің Жаратушысы бар. Жаратушыны ол кісі – «Хақ тағала» дейді. Хақ тағала тілімізде жиі қолданылатын – Алла тағала. Ол ғылымның шығуы туралы алдағы ойын тағы да нақтылаған: «Субстанциялар бар, акциденциялар бар. Енді осы субстанциялар мен акциденцияларды Жаратушы бар».Бұл дәрісте қолданылатын тәсіл.
Әл-Фараби: «Акциденцияларды сезім арқылы танимыз» дейді. Яғни, акциденциялар бізге сезім мүшелері арқылы мағлұм болмақ. Ал, субстанцияны қалай танымақпыз? Субстанцияны ақыл арқылы танимыз. Субстанцияны ақыл арқылы танысақ, ақылдан сезімнің айырмашылығы неде? Сезім сезіліп тұрады. Ақылда сезім жоқ. Ақыл – дерексіз. Абстракция. Ойша. Принциптік тұрғыда. Сонда ақыл бізге қайдан келеді? Сірә, Жаратушыдан. Тәжірибеге дейінгі ақылды бүгінде «априори» дейміз. Жаратушының ақылы қандай ақыл? Тәжірибеге дейінгі ақыл. Ақыл арқылы біз заттарды танимыз. Енді ақылдың дегенімен жүретін болсақ, ақыл бізді білімге, ғылымға алып келмек. Содан, ол кісі білім саласын жүйелейді, – деген Ғ.Есім одан әрі әл-Фараби зерттеген ғылым салаларына тоқталды.
Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бас-тап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған. Құдіретті ғылым дегенде бұл кісінің айтып отырған метафизикасы Хақ тағалаға тікелей қатысты. Ал, құдірет деген Алланың ғана қасиеті. Сонда ол кісі ғылым мен дінді бөліп отыр ма? Бөліп отырған жоқ.
Хакім әл-Фараби Алла тағала туралы былай деген: Ол – біртұтас: өмір сүруі үшін өзге ештеңеге тәуелді болмауы себепті де, заттар тәрізді көлем, сандық өлшемдердің болмауы тұрғысынан да. Демек, оған не көлем, не орын, не уақыт таңуға болмайды. Ол дене емес. Оның болмысында өзінің өмір сүруі тәуелді болатындай бөтен ешнәрсе жоқ. Осы мағынада ол біртұтас. Дәл осы іспетті оның болмысын материя, форма, түр, түс деген тәрізді түсініктермен сипаттауға болмайды.
Ол ешқандай қайшылықсыз. Ол – таза ізгілік. Ол – таза ақыл, таза ақылмен білуші және таза ақылмен танушы – осының бәрі оның тұтастығын және даралығын құрайды. Ол – данышпан, тірі, құдіретті және керемет иесі. Ол – көркем, шебер, кемелді және ұлы. Ол өзі – шапағат иесі. Ол өзі – махаббат иесі және махаббат нұрын себуші. Өмір сүретін барлық заттар содан басталады, күллі заттарда оның таңбасы бар және күллісі тек сол арқылы ғана бар бола алады. Барлық дүние соның бар болуының арқасында және соның шапағат нұрымен, үйлесімді ретімен жаратылады. «Мәселелердің мәні» кітабында осылай түсіндіреді.
Қазіргі философия мен пәлсапаның арақатынасы туралы, Фарабидің дінді – білім деуі, Маркстік философияның дінді – апиын деуін еске сала келіп, пәлсапада дін мен ғылым, дін мен білімнің үйлесім тапқанына тоқталды. – Себебі, әлем жарастықта, гармония-да. Жарастық дегеніміз дін. Осыны түсінсек, дін жолындамыз. Философия атеистік білім жүйесі. Пәлсапа дінді білім деп қарастыратын ойлау жүйесі. Ойлансақ, әл-Фарабидің философ еместігіне көзіміз жетеді. Бұл түсінік хакім Абайға да қатысты, – деген баяндамашы тыңдарман ойын жаңа бір биіктерге бастады.
Конференцияда, сондай-ақ, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің оқытушысы Досай Кенжетай «Фараби – өркениет ұстазы», Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Самал Төлеубаева «Әл-Фараби және Араб халифатындағы кітап мәдениеті», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универсиетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі Аманай Сейітқасымов «Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби және заманауи ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығы», осы оқу орнының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Екінші ұстаз» деген тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасап, сұрақтарға жауап берді.
Кеш соңында конференцияға қатысушылар М.Жұмабаев атындағы кітапхананың биылғы мерейтойлары аталып өтілгелі отырған тарихи тұлғаларға арналған кітап көрмелерін, кітапхананың бүгінгі заман талабына сай оқырманға ұсынатын электрондық басылымдар, жаңа электрондық қондырғылар ұсынатын қызметтерді аралап көріп, ескерткіш суреттерге түсті. Кітапхана директоры Талғат Ыбыраевқа ғалымдар өз ғылыми еңбектерін, кітаптарын табыс етті.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий