Ұлыстың ұлы күні ұлы істерге бастасын!

Күн мен түнді теңестіріп, гүл-бәйшешек, тал-терекке бүр жардырып, жер-дүниені жаңғыртып әз Наурыз да жетті… «Ақ көп болсын, ырыс мол болсын!» – дейді екен, ақылгөй аталарымыз, дана халқымыз. Осы бата бүгінгі бізге, Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау үстіндегі, көк байрағы желбіреген ел-жұртымызға дарысын!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қыс қыспағынан, қытымыр аязы мен адуын боранынан аман шығып, мал ауызы көкке ілігіп, төлі аяқтанып, бала-шаға аққа жеткен осынау күнді ата-бабамыз ерекше салтанатпен қарсы алыпты. Көрші-көлем, ағайын-туысымен төс түйістіріп амандасып, арадағы өкпе-назды кешірісіпті. Сөйтіп, шаруа жайлы, көңіл көктем, мамыражай, шуақты күндерді кешіп, серпіліп, сергіп, жадырапты. Наурыз табиғаттың ғана жасаруының басы емес, адамдардың да қайта түлер кезі іспетті. Кір-ластан арылу, ақ бұлақтың көзін ашу, ағайынға ақ дастарқан жайып, ақ пейілмен дәм ұсыну, ақ жүректен жыр ақтарып, күй төгу – Наурыз ала келер қуаныш, жанға қуат берер, болашаққа үміт артар ұлы істердің бастауы.
Әз Наурыздың осы ерекшелігі, қасиет-сыры Ұлт Көшбасшысы, егеменді еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі таңда ел алдына қойған жаңа бастамаларын, серпінді істерге жетелер жаңа идеяларын, өрелі бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы тапсырмалары мен талаптарын еске салады. Президент бастамасымен еліміз жаңа, ұлан-ғайыр істер алдында, жаңғыру, жаңару кезеңі алдында тұр. Ұлы Даланың төсінен ту тіккен жас мемлекет өзінің бейбіт бағыт-бағдарын, халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатын, жұмыр жердің бетіндегі тыныштық, бейбітшілік үшін ядролық қарудан бас тарту сияқты тәуекелге де бара алатын батылдығын паш етті! Жақсылық жалғызсыратқан жоқ. Ұлт Көшбасшысының бұл батыл қадамын қызу қолдаушылар, оның осынау оқыс та шыншыл шешіміне қол соғушылар әлемнің әр түкпірінен табылды. Иығына әлемдік масштабтағы ауыртпалықты сескенбей артқан лидер төрт құбыланы түгел елең еткізді. Қазақстан қарлы шыңға, арман шыңына атылуға ыңғайланып, шиыршық атқан қабыланды елестетті. Солай болды да. Қазақстан өзінің тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ғана уақытының ішінде әлем таныған, әлем сенген, әлем өзіне дос санаған, жолынан таймас тегеурінді мемлекетке айналды. Бұрын мүмкін емес көрінген әлем діндері жетекшілерін бір үстел басында тоғыстырып, пікір алмастырып, оны игі дәстүрге айналдырды. Қазақстандық достық, татулық, ұлттар арасындағы ауызбірлікті өзгелер үлгі етуде. Алыс-жақын елдердің алпауыт компаниялары осынау береке орын тепкен, бақ қонып, ырыс дарыған елге сеніммен инвестиция құюға құлшынуда. Батыл қадам, көзсіз тәуекел, ізгі ниет, адал пиғыл елді осындай белеске көтерді.
Иә, Қазақстан қарышты қадам алдында тұр. Қазақстан жаңаша дамудың жолына түсті. Әз Наурыздың жарқын лебі сергіткен сайын дала кейпі ел дамуының бүгінгі ахуалымен сәйкес келгендей.. Сандуғашы сайрап, аққу-қазы қаңқылдап, қойны ырыс-құтқа толған Ұлы Дала Елі араға ғасырлар салып, ата-баба аңсаған арманды күніне жетті. Енді дүр сілкініп, қанатын қомдап, жаңа биіктерге самғамақ! Ынтымағы жарасқан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған біртұтас ұлтымыз Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім. Реформалар. Даму» Жолдауын жүзеге асыруға, әлемнің дамыған 30 елі қатарынан табылуға, Президент алға қойған 100 қадамды қарышты аттап, әр тапсырманы сапалы орындауға саналы түрде жұмылған.
Ұшан қиырсыз, көгінде қыран қалқыған, төсінде ел тәуелсіздігін көксеп, тебінгісін шіріткен алдаспан текті баһадүрлер тұлпарларының дүбірі қалған Ұлы Дала төрінен ойып тұрып орын алған тәуелсіз елімізге биыл жиырма бес жыл. Соныдан із салып, белгісіз белестерді бағындырып, бақытымызға қарай батыл қадам басқанымызға жиырма бес жыл! Тәуелсіз еліміздің тұғырын нықтап, іргесін бекітіп, беделін биіктеткенімізге жиырма бес жыл! Жиырма бес жігіттің тепсе темір үзетін шағы, бойын қуат кернеп, ұлы істерді атқаруға бел буар, кез келген тәуекелге барар кемел шағы! Алға қойған ұлы мақсаты үшін тау қопарар, теңіз суын тізеден кешер шағы! Міне, жиырма беске толған, көк байрағын ұлы даланың, сайын сахараның алқынбас асау желі желбіреткен Қазақстан осындай шақта! Мақсат асқақ, меже биік. Ал, оны орындауға Ұлы Даланың ұрпағы дайын! Жер-дүниені жаңғыртып, жасантып, кеудені қуанышқа толтыра келген әз Наурыз осындай оралымды ойға бөктірді.Ұлыстың ұлы күні ұлы істерге бастасын, ұлы қадамдарға ұйытқы болсын!

DSC_5608

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс