Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі

Төрт жыл, 1400 күн мен 1400 түнге созылған екінші дүниежүзілік соғыста 27 миллионнан астам адам ажал құшты. Бұл дегеніңіз, әр күн сайын 14 мың, әр сағат сайын 700, ал әр минут сайын он адамның өмірі қиылды деген сөз. Миллиондаған адамның қыршын өмірімен, тыл еңбеккерлерінің зейнетімен келген төрт жылдық үміттің жеңіске жеткен күні Көкшетауда биыл да салтанатпен аталып өтті.

Шараға қатысушылар алдымен қан майданнан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен қала әкімі Ермек Маржықпаев бастаған жұртшылық соғыста қайтыс болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов ескерткіштеріне, Даңқ аллеясындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. 1942 жылы майданда қаза тапқан көкшетаулық жауынгер Әбілқасым Жаманбаевтың жетпіс алты жылдан соң Жеңіс мерекесі қарсаңында табылған медалі және есімі жазылған медальонын құрметті күзет жұртшылықтың алдына алып шықты. Сол күні жауынгердің сүйегі Көкшетаудағы мұсылмандар зиратына жерленді. Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақмола өңірінен 80 мыңнан астам адам аттанған, соның жартысынан көбі қайта оралмаған. Бүгінде елге аман келген ардагерлердің көбі дүниеден озды. Жеңіс күнінің биылғы салтанатын ақмолалық 76 ардагер ғана тамашалай алды…

– Жеңіс күні біздің жадымыздан ешқашан өшірілмейді, бұл күнді, Жеңіс алып келген ардагерлерді еш уақытта ұмытпауымыз керек. Соғысқа 80 мыңға жуық ақмолалық қатысты, өкінішке қарай, оның жартысынан астамы қайтып оралған жоқ. Сол аталарымыздың төккен терінің арқасында бүгінде егемен ел болып отырмыз. Сондықтан еш уақытта бұл қасиетті күнді ұмытпауымыз керек. Облыс басшылығы атынан барлық ардагерлерді, қала халқын Жеңіс күнімен құттықтаймын! Елімізде соғыс болмасын, Қазақстанның көк байрағы желбірей берсін! – деді аймақ басшысы. Мұнан соң жеті мыңнан астам адамнан құралған «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Ерікті азаматтардан құралған шеру сапында Ұлы Отан соғысында шейіт болған, елге оралып қайтыс болған, Семей-Невада, Чернобыль апаты, Ауған соғысы ардагерлерінің ұрпақтары, Батыр аналар, жастар бар. Бұл бүгінгі ұрпақ зұлмат соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан жауынгер бабаларын ұмытпайтындығының бір көрінісі. Аталарының, әжелерінің суреттерін көтеріп шыққан балалар өз батырлары туралы мақтанышпен айтты. Көзі тірі ардагерлер мен тылда еңбек еткендер, бүгінде сексен-тоқсаннан асқан аталар мен әжелер де майдандастарын, тылда бірге еңбек еткен достарын еске алысты.

Бұл күні жұртшылық «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» тақырыбындағы театрландырылған көріністер қойылымын тамашалады. Қойылымның есте қалатын тұсы аспанда кәдімгі ұшақтың пайда болуы еді. Одан шашылған құттықтау листовкаларын халық жапа-тармағай қағып алуға ұмтылды. Листовкаларға жауап ретінде әуеге түрлі-түсті шарлар көтерілді. Жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламада патриоттық әндер шырқалып, рухы биік өлеңдер оқылды. Мерекелік от шашу шараның қорытындысы болды.

Бүгінгі ұрпақ үшін аңызға айналған жылдар өтеді, сол жылдарды аңызға айналдырған адамдар да арамыздан алыстайды. Бірақ ұрпақ жадында тарих жаңғырып тұрады. Жеңіс күні өткен шаралар соның айғағы.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий