Ұлы Шоқанның ұрпақтары

«Ақ бас тарих беттері туған халқының арман-аңсарына айналған талай даналардың дүниеге келгенін, дүниеден өткенін баяндайды. Перзент парызы – кіндік қаны тамған жері үшін халқының жарқын болашағы үшін қам-қарекет ету болса керек. Өйткені ұлы адамдар ғасырларға қызмет етеді, ғасырлармен бірге жасайды. Олар өмірге келер ұрпаққа үлгі болып қала береді» – дейді белгілі жазушы Жанайдар Мусин.

Олай болса Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлының өмір жолы, еңбек жолы ғасырлармен бірге жасап, келер ұрпағымызға үлгі болары анық. Шоқан туралы ғалымдар, тарихшылар Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин одан бері де ақын-жазушылар, зерттеушілер еңбектер арнады. Ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы өзім де жергілікті басылымдарға жаздым. Біздің мектептің түлегі, «Жұлдыз» отрядының председателі болған Тоқжан Қасенова да Омбыда оқып жүргенде Омбы газетіне «Шоқан ізімен» деген тақырыпта біраз мақала жариялады. Сондықтан мен Шоқанның өміріне тоқталмаймын. Айтайын дегенім Шоқанның кіндік қаны тамған жері…
Елдің үлкендерінен естігенім Шоқан Сырымбетте, Айғанымның қонысында дүниеге келген. Қазақтың дәстүрі бойынша тұңғыш немерені қара шаңырақта туғызып, әжесі бауырына салатын болған. Осыған қарағанда Айғаным әже Зейнепті күні жақындағанда бейтаныс жерге жіберуі мүмкін де емес. Сырымбетте тәжірибелі аналар болған. Қарттардың айтуынша, Шоқан Айғанымның шаңырағында дүниеге келген. Атын да әжесі Қанапия деп өзі қойған деседі. Олары да өз ата-әжелерінен естігендерін айтып отыр.
Шоқан кішкентай күнінде әжесі мен әкесі Шыңғыстың тізесіне шынтақтап жүресінен отырған. Шынтақтап отырып тапжылмастан үлкендердің әңгімесін ұзақ тыңдайтын болған. Содан әжесі шоқиып отыратын немересіне сүйсініп, еркелетіп Шоқанжан деп атаған. Тарихта да Шоқан болып аталып кеткен. Шоқанды анда туды, мында туды деп әр саққа жүгіртпей-ақ, бір тоқтамға келетін уақыт жеткен сияқты.
Енді бір айтайын дегенім, Шоқанның өз кіндігінен тараған ұрпақтары жайында. Шоқанның өмірін зерттеген Ирина Ивановна Стрелкова: «Существует легенда, что первый ребенок Айсары рожден не от Жакупа, а от Чокана, но это ничем не подтверждено», — дейді. Бұл легенда емес – шындық еді. Ертерек Шоқанның, Шыңғыстың атын атауға қорқып қалған хан тұқымы ашық ештеңе айта алмаған ғой. Әлде Шоқанның ұрпағын айтуға бір-бірінен қызғанды ма, әйтеуір беймәлім. Кеңес дәуірінде, аласапыран кезде Уәлиханов болып жүрген Хүжжат деген төре тұқымы Уәлиханов Хүжжаттан «Сен төре тұқымынансың ба?» – деп тексергенде: «Иә, мен хан тұқымынанмын» – деген ғой. Содан сол үшін түрмеге де отырып шыққан. Бірақ, фамилиясын өзгертпеген. Ол кісінің балалары Алматыда тұрады. Бәрі жақсы қызметте.
Енді әңгімемді Шоқанның өз кіндігінен тараған ұрпақ бар екендігін дәлелдемелер арқылы қарияларға сөз берейін.
Жақыптың екінші әйелі Ақықтан туған Құлыш атаның естелігі: «Айсары Шыңғысқа Шоқанның қайтқанын естіртіп, көңіл айтып хат жазады. Мен де сіздің балаңызбын. Шоқанның жолдасымын, екіқабатпын. Не айтасыз, рұқсат бересіз бе, әлде бір балаңызға қосасыз ба? – деген. Содан Шыңғыс балаларын жинап алып, Айсарының хатын оқиды. Шоқаннан бір иіс көретін болдық. Айсарыны қайсың барып әкеліп бересіңдер. Алып келіп жаныма қондырыңдар. Одан тараған ұрпақтарды өзім жеткіземін дейді. Ешқайсысы ештеңе айтпаған соң Жақыптан сұрайды. Бұған дейін Жақыптың Мәну, Ақық атты екі әйелі болған. Сонымен Жақып Айсарыны әкеп Шыңғыс-тың жанына қондырған».
Жақыптың қалай барып, қалай әкелгендігі туралы айтылып жатыр ғой, ол жайында жазбаймын. Мақашева Ақыш (Ақлима) Батырбекқызы 1910 жылы қаңтардың бірінде дүниеге келген: «Менің білетінім Айсарының ең үлкені Мәлік. Мәриям, Рәбиға кейін туды. Мәлікті көрдім. Ол ұзын бойлы, сұлу жігіт еді. Сол кезде сақал-мұрты бар».
Мұхамбеталин Нұрмыхан, 1915 жылы туған: «Менің есімде қалғаны – Мәлік Рәбиғадан үлкен. Менің жігіт кезімде Мәлік жетпістерге келіп қалған кісі еді. Сол кезде үлкендер Мәлікті іште келген бала еді дейтін».
Жармұхамбетов Арыстанғалидың Жармұхамбет әкесінен естіген естелігі: «Шоқан Айсарыға үйленеді. Айсарының аяғы ауыр болады. Шоқан ауырып, халі нашарлаған кезде Айсарыға аманат етіп тапсырған. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, сені елге кетуге бауырларым келсе бар деген. Содан Шыңғыс Айсарының хатын алғаннан кейін Жақыптың қасына елдің қадірлі адамдарын қосып, жол-жоралғысымен жіберген. Айсарыны елге алып келіп, өзіне жеке үй тігіп қондырған. Уақыты жетіп Айсарыдан ұл туған. Атын Мәлік қойған. Кейін Жақыпқа қосылған. Одан Мәриям, Шәукібай (Рәбиға) атты екі қыз туған. Осыны әкем талай айтты. Өйткені менің де бабаларым солардың ортасында Шыңғыстың шаруасын істеп, күтушісі болған адамдар. Мәліктен Қабдош туған. Одан Серғали, Ербатыр туды. Рәбиғадан Нүркеш туды. Одан ұрпақ жоқ. Мәриям тұрмысқа шыққан. Хабарсыз кетті» – дейді Арыстанғали Жаржанұлы.
Егер саралап қарайтын болсақ Рәбиға 86 жасында 1964 жылы қайтқан, яғни 1878 жылы туған, Шоқан болса 1835 жылы туып, 1865 жылы қайтыс болды. Аяғы ауыр келген Айсарының 1866 жылы ұлы туса, Рәбиға Шоқан қайтқаннан кейін он үш жылдан соң туып отыр. 1906 жылы Мәліктен төртінші әлде бесінші баладан кейін Қабдош туған. Ол туғанда Мәлік 40 жаста болған. Мәлік 1934 жылы қайтыс болды. 1964 жылы Мәлік 98 жаста, ал Рәбиға 86 жаста. Аралары 12 жас. Рәбиғаның баласы Нүркештің айтуы бойынша Мәліктен кейін
Мәриям, үшіншісі Рәбиға болып отыр.
Менің осы жазғандарым талқыға түсуі мүмкін. Қолымда қарттардың тірі кезінде қолдарын қойған естеліктері бар. Жазып алғанда ішінде ұрпақтары болды. Қазір Сырымбетте тұрады.
Енді бір айтарым, Айғанымның суреті жайында. Қазір кейбір жерлерде Айғаным деп іліп жүрген сурет ол – Айғаным болып ойнаған алғашқы актрисаның суреті. Энциклопедияда болған. Бірақ актрисаның аты-жөні жоқ. «Айғаным рөлінде ойнаған алғашқы актриса» — деп қана жазылған.
Осыған орай айтарым – архивтен Айғанымның суреті кездеспеді ме екен деген ой туады. Бар болса нақты суреті жариялануы керек қой.
Қабдөштен туған Серғали атақты шофер. «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері. Шоқанға өте ұқсайды. Еріні, көзінің алды, жалпы бет әлпеті. Ал осыдан туған Уахит деген бала өте ұқсас. Жалпы Қабдөштен туған ұл-қыздардан Шоқанмен ұқсастықты көруге болады.

Күлпән ХАЙРУЛЛИНА, қарт ұстаз, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
СҚО, Айыртау ауданы Сырымбет ауылы.

PS. Ардақты ана, құрметті қарт ұстаз Күлпән Хайроллақызы Хайруллина 2010 жылы 24 маусым күні 79 жасына қараған шағында дүниеден озды. Бір күн бұрын хабарласып бұл мақаланы газетке беруге өтінген еді.

Марат ӘБСЕМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий