Ұранымыз: «Қанатыңды кең серпі!»

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникация қызметі Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаға байланысты брифинг өткізді. Оған Ақмола облысы дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Бүкібаев, Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тимур Ысқақов, шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Осипова, бокстан әйелдер арасында әлем чемпионы Дина Жоламан қатысты.

Алматы қаласында Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданы өткізу шешімі 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында дауыс беру нәтижесі бойынша қабылданды. Бұл шешім еліміздің әлемдік қауымдастықтағы мәртебесін тағы да айғақтап берді. Сонымен Алатау баурайындағы әсем шаһарда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында қазақ елінің тарихындағы тұңғыш рет әлемдік спорт додасы өткізілгелі отыр. Спорттың он екі түрінен өткізілетін Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаға әлемнің алпысқа жуық елінен екі мыңнан астам студент спортшы келеді. Спортшылармен бірге келетін бапкер, көмекшілерді айтпағанда жанкүйер, турист ретінде ағылатын қонақтардың өзі Алматыны қан базарға айналдырары хақ. Универсиадаға дайындық жөнінде айтар болсақ, «Сұңқар» шаңғымен секіру халықаралық кешені, «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайы және Алматы облысындағы шаңғы-биатлон стадионы сақадай-сай. Одан бөлек әйгілі «Медеу» мұз айдыны мен Шымбұлақ» тау-шаңғылы курорты тағы бар. Универсиада үшін қосымша «Алматы Арена», «Халық арена» сарайлары мен Атлеттер қалашығы салынды. Қонақтарды күтуден бөлек олардың мейлінше қауіпсіз болуы да әбден ойластырылған. Универсиаданың ұйымдастыру комитеті тепловизор жабдығын сатып алып, әуежайға орналастырды. Аталған жабдық осы ойынға келетін спортшының денінің саулығын әуежайдан анықтауға мүмкіндік береді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, Дүниежүзілік Қысқы Универсиадада спорттың 12 түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынады екен. Тағы бір ерекшелік универсиаданың тұмары ретінде сұңқардың таңдап алынуы бекерден-бекер емес. Қыран құс жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелеп қана қоймай, қашаннан табиғатқа сай өрлік пен ерліктің белгісі болған. Соған сәйкес «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі универсиада ұраны ретінде таңдалып алынды. Иә, үш күннен кейін басталатын бұл әлемдік сайыстан қазақстандық жанкүйерлер үлкен үміт күтуде. Осы жолы еліміздің намысын Ақмола облысынан 17 спортшы қорғайды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс