Әбекеңдер әңгімеге шақырады…

«Әбекеңдер» деп отырғанымыз аға буынның қос өкілі: Амангелді Бекқожин биыл 75 жасқа толса, Амангелді Нұғыманов сексеннің белесінен асты. Екеуі де осы Көкшетау қаласына көшіп келгеннен кейін танысып, қимас дос болып кетті.

Сағынып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның исі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші!

Сағи ЖИЕНБАЕВ.

«Сыйласаңдар кәріңді – жарылқармын бәріңді» деген қанатты сөз бар. Қарияларымызды сыйлау – ата-бабамыздан бері келе жатқан асыл да, ардақты адами қасиеттеріміздің бірі. Осы бір ізгі ойдан туындаған сезім өзім аса құрметтейтін екі азамат жайлы сыр шерту үшін қолыма қалам алдырды.
Іргеміздегі Қарлыкөл ауылының тумасы Амангелді Бекқожин Алматының ауылшаруашылығы институтының механизация факультетін тәмамдап, 1965 жылы еңбек жолын Жақсы ауданының Подгорное селосында инженер-бақылаушылықтан бастаған болатын. Әбекең облыстағы іргелі шаруашылық Чкалов ауданындағы Абай атындағы совхозында, Щучье ауданындағы Успено-Юрьевка астық қабылдау кәсіпорнында директор қызметтерін абыроймен атқарып, 1999 жылы Көкшетауға көшіп келіп, облыстық ауыл-шаруашылығы басқармасында өзінің инженерлік мамандығы бойынша кәсібін жалғастырып, зейнеткерлікке шықты. 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Клара Уахитқызы жеңгемізбен үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Осы ұл-қыздардан он немере көрді. Ал, Амангелді Нұғыманов – Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Сергеев ауданындағы Көктерек ауылының тумасы. Әкесі Сейсенбек – ұзақ жылдар колхозда басқарма болып, төсіне Ленин орденін таққан ел ағасы. Шешесі 100-ге келіп, осы Көкшетауда фәниден бақиға озды. Амангелді Сейсенбекұлы отыз жылдай автокөлік мекемесінде бас бухгалтер болып істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан. Абыроймен дейтініміз суреті Министрліктің құрмет тақтасынан түспеген маман. Зайыбы Ермек екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 9 немере, 3 шөбере сүйді.
Бұл Әбекеңдердің достығы, сыйластығы, өнегелі өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай. Жаратқанның маңдайыңа жазып берген тіршілігінде өмірдің ащы-тұщысын бастан өткеріп, тәттісін таразылап, ауырын салмақтап, ақылы мен парасаттылықтың арқасында абырой биігінен көрінуде. «Бұл өлім қайда жоқ, жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ, өтері өтіп кеткен соң, мың теңгелік қайғыдан бір теңгелік пайда жоқ», – деген бабалар сөзін малданып, жан-жағыңды қарманып, сәулелі сөзге алданып, «орнында бар оңалар» деп өзіңді өзің жұбатасың. Екеуінің де тәңір қосқан жарлары Клара Уахитқызы мен Ермек Сыздыққызы бақилық болған… Бірде, Амангелді Сейсенбекұлын сөзге тартқанда мынандай жүрекжарды лебізін білдірген болатын: «Менің адасым, Амангелді Бекқожаұлы өзінің аңқылдаған мінезімен, турашылдығымен, жалпы адами қасиеттерімен маған туған інідей болып кетті. Оның парасаттылығымен, ақыл-ойының кеңдігімен жалғыз маған емес, кімге болса да қол ұшын беруге дайын азамат екеніне көзім жетті. Ойын-той өз алдына, өлім-жітім, дұғалардан қалмайды. Бұл да оның адамгершілігі».
***
Міне, Көкшенің арайлап тағы бір таңы атты. Екі қарт жұптарын жазбай Абылай хан даңғылымен Мақтай тауына қарай бет алып келеді. Осы жерде өздері құралыпты тағы бір-екі қартпен кездесіп, әдеттегідей жарасымды әңгіме-дүкен құрмақшы…

Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс