«Әдеби саябақтың» саясында кітаптар мен шығармалар насихатталды

Көкшетаудың орталық қала бағында Ақмола облыстық мәдениет басқармасы мен М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіз ел – зерделі Қазақстан» деген атпен «Әдеби саябақ» ашылды. Шараның ашылу салтанатында өңірлік мәдениет басқармасының басшысы С.Бөрібаева құттықтау сөз сөйлеп, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры Эндрю Стэнтонның «Ойыншықтар тарихы» шығармасынан үзінді көрсетті. Түстен кейін қазақ театрында «Жыл кітапханашысы-2016» облыстық сайысының соңғы сатысы өтті. 

Сөйтіп, қала бағы бір сәт ел тарихы, балаларға арналған шығармалар насихатталып, танымал ертегілер кейіпкерлері қарсы алған, әдеби мекенге айналды. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген кітапханашылар, кітап сүйер қауым, таным-түйсіктерін кітап оқу арқылы толықтыра түскісі келетін балалар, шарада ұсынылған қызық қойылымдар мен деректерге үңіліп, өздері дайындаған шашуларын ұсынды. Мектеп оқушыларының бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырушылар бұл шараға тек кітаптарды сөрелерге жайғастырып қоймай, балдырғандардың өздерін сол кітаптар шығармаларын насихаттауға көптеп тартыпты. Олар алма-кезек тақпақтар оқып, кейіпкерлер суреттерін салып, кейіпкерлер киімдерін киіп белсене өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, оқырмандар мен кітапханашылар да әртүрлі ертегілерден шағын қо-йылымдар қойып, жұмбақтар жасырып, викториналық сұрақтар ойнатып, ортада арқан тартуға жұмылып, көпшілік назарына көп қызық ұсынды. Мысалы, М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана «Алтын кітап», «Еңбексүйгіш аллеясы» атты екі инновациялық жобамен келіпті. Атақты жазушылардың көпке танымал шығармалары алтын түспен қапталып, көз тартады. Бұл – оқырманның «Қандай шығармалар ерекше көп тараған?» деген қызығушылығына жауап беріп, «Осы кітапты міндетті түрде оқуым керек екен» деген ойға жетелері кәміл. Ал, «Еңбексүйгіш аллеясында» балалар өз қолдарымен гүл егіп, оны баптап-күту жөнінен білгендерін құрбыластарына түсіндіріп жатты. Ал, түстен кейін Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрында «Жыл кітапханашысы-2016» облыстық сайысының соңғы сайысы өтті. Оған 12 адам қатысты. Әр қатысушы өзінің жоғары мәдениетін, жағымды мінезін, үздік өнерін көрсетуге күш салды. Кітапханаға келуші оқырманмен ортақ тіл табысу, оның қалаған тақырыбын, іздеген авторын тауып, бағыт-бағдар сілтеу үшін, әрине, кітапханашыға үлкен дайындық керек. Дегенмен, бұл сайыстың бір жаңалығы – буктрейлер жұмысын көрсетуі болды. Буктрейлер оқырманға жаңаша кітап ұсынуымен, әлемнің мәдени қоғамдастығына кітап оқуды насихаттауымен, әдебиетті, визуалдық өнерді және ғаламторды біріктірген жеке жанрға айналып отырған тәсіл. Сонымен, байқаудың қорытындысы бойынша Сандықтау ОКЖ қызметкері А.Задорожная 1-ші дәрежелі диплом, Степногор қаласынан келіп қатысқан И.Арапбаева 2-ші дәрежелі диплом, Жарқайың аудандық ОКЖ қызметкері С.Крылова 3-ші дәрежелі диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жастар мен балалар кітап оқудан алшақтап, қол үзіп бара жатқан бүгінгідей кезеңде осындай үлкен дайындықпен арнайы шараның өтуі құптарлық іс.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс