Әдемі өлең өрнектері

«Тәуелсіз елді жырлаймын!» деген тақырыпта қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған жас ақындардың жыр мүшәйрасы болып өтті. Онда әдемі өлең өрнегін төкпелеткен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Күләш Нысанбек бас жүлдені жеңіп алды.

Әрине, еліміз тәуелсіздігіне жиырма бес жыл толуы өнер жолына түскен немесе талант толқыны тербеген жас дарындарды да тебірентіп жаңа жырлар, арнаулар туындатуда. Әркім-ақ, осы күндері тәуелсіздіктің мән-мағынасына, тарихына терең үңіліп, еліміз өткен жолға тағы бір зер салуда. Осынау ерекше мерекеге деген ыстық лебіздер қазақ елінің талантты ұл-қыздарының күнделік, дәптерлеріне таңбаланып жатыр. Міне, «Дос-тар» мәдениет сарайында өткен мүшәйраға оқу орындарының студенттері, бір мектеп оқушысы, барлығы – он адам қатысты. Олардың өлең-жырларын бағалар қазылар алқасы қатарында облыстық тілдері дамыту басқармасының басшысы, ақын Арман Бердалин, «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов болды.
Мүшәйра қорытындысында:

Батыр боп өткен бабаларымның,
Бақұл боп кеткен аналарымның,
Ерен еңбегін бағалады кім?!
Солар еді ғой шын алып.

Солдырып кеше көркімді гүл өң,
Арыстарымды өлтірді кілең.
Етекті жасқа толтырды, білем,
Қатыгез мына уақыт.

Жер бетін қазақ мекен еткелі,
Ғұрпым неше өліп, неше көктеді?!
Керуен ғұмыр көшеді өйткені,
Ит үріп қалар артында.

Сөзімді ешкім мазақ қылмасын…
Алыстауы үшін азапты маусым.
Абылайлаған қазақтың дауысын,
Айырбастаман алтынға! – деп әдемі өлең өрнегін төкпелеткен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универсиетінің студенті Күләш Нысанбек бас жүлдені жеңіп алды.

Төрткіл дүние көз тігер паңдығына,
Бес жүз елу жыл толды хандығыма.
Егеменмін ерікті еңсем биік,
Мәшһүр болған бүгінде барлығына.

Түріктің текті ұрпағы мәрт қазақпын,
Өрлігімді табанға таптамақ кім?!
Тайға таңба басқандай тарихым бар,
Жер жаһанға жар салып мақтанамын! – деп жырлап, бірінші орынды еншілеген Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенті Кенжегүл Маметектің де өлеңінің өресі ешкімнен кем көрінген жоқ. Сондай-ақ, тіл байлығының молдығы мен құнары елең еткізген, жақсы жырымен оза шапқан, айтыскер ақын ретінде көзге түсіп жүрген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Мұхамед Қонқаев екінші, жоғары медициналық колледждің студенті Наурызхан Абылай үшінші орынға ие болды. Ал, №7 орта мектептің оқушысы Абдулла Ыдырысқа қазылар алқасының ұйғарымымен ынталандыру сыйлығы ұсынылды. Жалпы, жеңімпаздарға да, басқа қатысушыларға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс