Әзіл – шыны аралас

Оқырманына «Бейуақ естілген ән», «Таразы-тағдыр» сияқты жыр жинақтарын, «Сейтен тағылымы» атты ғылыми-зерттеу, «Балық аулай барғанда», «Жетпісқалиевтың жетпіс жеті әңгімесі», «Жанат Қасым жайлы сөз», «Жабал шешен», «Көкшелік қаламгерлер құпиялары» сияқты прозалық шығармалар ұсынған журналист-жазушы Серік Жетпісқалиевтың да өлең-жырдан басқа, арасында түртініп, әзіл-сықақ, қысқа әңгімелер түртіп қоятыны бар. Бүгін «Күміс күлкінің» оқырманына оның әр жылдары жазған езу тартқызар дүниелерін жариялап отырмыз.

«Қайдан әкеліп жатырсыңдар?..»

«Көкшетау» мәдениет сарайында сексеннің сеңгіріне шыққан, шашын ақ қырау шалған саңлақ, асыл ұл Ермек Серкебаев арқыратып арияларын айтып тұр. Әр ән аяқталысымен сахнаға бір қыз шығып, оған сытырлаған «салапанға» оралған бір тал раушан гүлін ұсынады. Жалғыз болған соң солай көріне ме, әлгі гүлдер сабаудай-сабаудай ұзын-ақ. Кезекті гүлді қабылдау сәтінде атақты әнші таң қалысын жасырмай: «Мынаны бір-бірлеп қайдан әкеліп жатырсыңдар?» – деді-ау!

«Худой қатындар қатып қалмай ма?..»

Теледидардан Иванов кәрияның «Детка» деп аталатын сауықтыру бағдарламасы туралы хабар көріп отырғанбыз. Ақ қардың үстінде тырдай жалаңаш тұрған славян текті екі-үш әйел екі-екі шелектен салқын суды төбелерінен төмен қарай құйып-құйып жіберді. Өздері қоңды. Толық денелері мұздай суға тітіркенген де жоқ. Жайнаң қағады. Мұны көрген құрдасымның тыриған арық әйелі: «Кәнешіні, олар сеп-семіз. Құп-худой қазақ қатындары болса, давно қатып қалмай ма?!» – деп тыржыңдады.

«Ешқашан өлмейтін шығарсыңдар!»

Алматылық әріптесімді қыдыртып жүрмін. Бурабайды аралаттым, Айнакөлге шомылдырып, сарала қазы асатып, сары қымыз ішкізіп, ән-күй тыңдатып дегендей. Қоңыр салқын, жанға жайлы, шыбынсыз жаз. Кештетіп Қопа көлін жағалап қыдырып келеміз. Сонда аспанын саңылау қалдырмай түтін тұмшалаған, миллион жарым халқы құжынаған, бес жүз мың машинасы миды ашытып, ығы-жығы болған шаһарын жамандап, мұңын шаққан әріптесімнің қалт тұра қалып: «Мынадай жерде тұрған сендер ешқашан өлмейтін шығарсыңдар!», – дегені ғой. «Аузыңа май!» – дедім мен де, іле.

«Қыста не киесіз?»

Шілде. Бірақ, күз күніндей салқын. Суық жел соғып тұр. Көкшетаудың кешкілік көшеге шығып сейілдейтін шалдары әлдеқашан қысқы пальто, бөріктерін киіп алған. Мен де үстіме күздік былғары курткам, басыма фуражкамды киіп, Атыраудан келетін інімді қарсыалмаққа вокзалға тарттым. Шолақ жең ақ көйлекпен алдымнан шыққан інімнің сонда айтқаны: «Аға-ау, жазда бұлай киінгенде, қыста не киесіз?!».

Түйенің үлкені…

Таңертеңгі уақыт. Автобус іші адамға лық толы. «Екі иығына екі кісі мінгендей» деген жай сөз, кәдімгі атан түйедей ұлы даланың ұланы қопарыла көтеріліп, талшыбықтай талдырмаш келіншекке орын берді. Бойы да биік-ақ екен, төбеге тіреліп, жылтиған жарық біткеннің бәрін көлегейлеп, салон іші қаракөлеңкеленіп кетті. Мінетіндер міне алмай, түсетіндер түсе алмай, әлгі жігітті айналып өте алмай әлек. Ақыры шыдамы таусылған жүйкесі жұқалау біреу: «Өңкимей отыршы өзің!» – деп зекіді. Талшыбықтай келіншек те бұл «қызыққа» өзінің қатысы болғанын аңғарып, екі беті бал-бұл жанды да: «Отырыңыз!» – деп оған орнын қайта ұсынды. Ол дүрс етіп отыра кеткенде автобус іші кеңейіп және жап-жарық болып жүре берді. «Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді, деген осы екен-ау!» – деп гүж етті дәу. Сонда, артқы жақта отырған біреу: «Отыр» дегенге отыра қойған түйені айтсайшы!» – деп салған. Күлкіден тығылып тұрған жұрт ду күлді. Дәу қосыла күлгенде шағын автобус шайқалып кетті.

Қобызын боздатып…

Қызара бөртіп, «тойып» келген қызметкеріне бастығы ұрсып отыр:
– Қарағым-ау, «енді арақты алсам, екі дүниеде оңбайын» деп ант-су ішкенің кеше ғана емес пе еді? Мынауың не сұмдық, тағы тал түсте былаңдап кеп тұрсың?
– Өзім де өкініп тұрмын, аға, ұрыспаңызшы. Ішпейін-ақ деп едім… Ерекең ғой қобызын боздатып, адамның сай-сүйегін сырқыратып…
– Ал, сонда? Ерекең күнде қобыз тартады. Сен ол қобыз тартқан сайын сай-сүйегің сырқырап, тойып келіп тұрамысың?
– Жоқ, өйте қоймаспын, мен енді қобыз дауысы шыққан жерден аулағырақ жүрермін, кешіріңізші…

Сүйісіп отыр едім…

Түн ортасы. Біреу есікті дүрсілдетіп, алып барады. Ашсам – Асан. Түн ұйқымды төрт бөлгеніне тас-талқан болсам да, мүмкін жәй емес шығар деп, ашуымды тежеп, амандық сұрассам, әлгім:
– Аға, сіздің үйдің жанындағы стадионда бір қызбен сүйісіп отыр едім, қатты шөлдеп кеттім. Су беріңізші, – деп, ыржалақтайды.
Жастыққа не дауа, өзімнің де сондай «сұмдықтарым» есіме түсіп, үн-түнсіз бір ожау су әкеп бердім.

«Базардан асып қайда барады…»

Адам толы автобус «Бурабай» аялдамасынан өте бере жұрт өре түрегелді. Келесі аялдама – «Орталық базар». Бәрінің көзі алдыңғы жақтағы шығар есікте. Бірін-бірі итермелеп, «Келесіден түсесіз бе?», «Шығасыз ба?» деп өңмеңдейді. Сонда, орта тұста қыстырылып тұрған бір ақсақалдың: «Асықпаңдар, түге! Бүгінгі жұрт базардан асып, қайда барады дейсің?!» – дегені. Әділ айтылған сөзге жүгінген жұрт жым болды.

«Жұртты желіктіру ғой…»

Қаншалық «үйреніп кеттік» десек те, айрандай ұйып әлдебір хабарды қарап отырғаныңда ойыңды ойран-топан етіп жарнаманың килігетіні ит жыныңды ұстатады. Сабаңа түскеніңше не көріп отырғаныңды ұмытасың. «Әйтеуір, жұртты желіктіру ғой!» – деді бірде анау-мынау әңгімеге араласа қоймайтын, мінезі ауыр әжем. Артынан бұл сөздің соншалық дәл айтылғанына таң қалдым. Жоқты бар ғып, жаманды жақсы ғып, әлдебір та-уарды санаңа тықпалап, көзіңді қызықтыруға тырысатын жарнама біткеннің негізгі мақсаты расында да жұртты желіктіру ғой…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс