Әзірлік шарасы пысықталды

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Қарттар айлығында өткізілетін шараларға дайындық барысы жөнінде сала басшыларымен жиын өткізді.

Қарттар айлығы – қазіргі қоғамдағы аға буынның көптеген мәселелеріне, олардың кейбіреулеріне материалдық және моральдық қолдау көрсетуге назар аудартуға септігін тигізетінін атап өтті А.Әміренова: – Қазан айы мейірімділікке толы кезең болып табылады. Барша жұрт қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келер көмегін аямайды. «Мейірімділік» айлығы жарияланып, қарттарға құрмет артып, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатады. Қаламызда айлықты атап өтудің ерекше дәстүрі қалыптасқан. Жыл өткен сайын осы мерекеге арналған іс-шаралар ауқымы кеңейіп, көбейе түсуде. Қарт адамдарға жергілікті кәсіпкерлер және басқа да азаматтар өз сый-сияпаттарын тапсырады. Зейнеткерлермен дөңгелек үстелдер өткізіп, мерекелік ас және тағы басқа акциялар ұйымдастырылады.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитованың айтуынша, үлкенге ізет көрсету мақсатындағы іс-шаралар бірнеше күнге созылады. «Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету айлығы біздің қалада ауқымды мәдени шаралармен бастау алмақ. 60+ жобасы, бата беру конкурсы, түрлі концерттік бағдарламалар жұртшылық көңілінен шығады деген ойдамыз», – дейді ол. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметовтың мәлімдеуінше, жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері 473 зейнеткер мен 119 мүгедек балаға үйде қызмет көрсетеді. 1768 адам гигиеналық құралдармен, 88 адам есту аппараттарымен, 108 адам кресло-арбамен қамтылған. Жергілікті бюджет арқылы 583 қария шипажайға жіберілді. 70 адам «инватакси» қызметін пайдалануда.  7403 адам 163,1 миллион теңгенің көмекақысын алды. Айлық шеңберінде зейнетақысы аз, мүмкіндігі шектеулі мүгедектерге қаржылай көмек көрсетілді.

Айлықты өткізу жұмыстарында кемшіліктер мен олқылықтар аз емес. Біріншіден, бұл күні қала ардагерлерінің барлығына бірдей толық назар аударылмайды, олардың көбі ескерусіз қалуда. Әрине, бұл жайт ардагерлер тарапынан реніш туғызады. Елімізде қарттар күнін өткізу тәжірибесі барлық қарттарға бір күнде, яғни 1 қазан күні ғана көңіл бөлу мүмкін еместігін көрсетуде. Сондықтан, Қазақстанның барлық аймақтарында бірнеше жыл бойы ардагерлер кеңестерінің бастамасымен және әкімдіктердің келісімімен қарттардың айлықтары өткізіліп тұрады. Қарттарға әлеуметтік жәрдем көрсету айлығы өтетіні туралы мәлімдеме жасалды. Қалалық ардагерлер кеңесі алдын ала қарттар күніне арналған негізгі іс-шараларды белгілеу және өткізу жөніндегі жоспарды дайындап, бекітті және оның орындалуы бақылауға алынды. Осылайша айлық аясында барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелерде зейнеткерлерді тегіс қамтып, құрмет көрсету жоспарланған. «Әр сала ардагерлерін жинап, қала көлемінде түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл тек мекемелерде ғана аталып өтпей, әр отбасында тойлану керек. Әр азамат өз шаңырағындағы қарттарды сыйлап, құрмет көрсетулері тиіс», – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий