Әйгілі   Дос-Мұқасан   – Көкшетауда!

Сүйікті шаһардың 195 жылдық мерейтойына атақты ансамбль «Дос-Мұқасан» келеді дегенді естіген көкшетаулықтар мен қала қонақтары бұл жаңалыққа елең етті. Себебі, бұл өнер ұжымының қай әнін алсаң да – хит. Өйткені, ол туындылардың бәрінің сөзін халық жатқа біледі, қосыла шырқайды, мың бұрала билейді. «Хит» деген сөз осыдан шыққан, яғни халық әндерін сүйіп тыңдайды, сөзін жаттап алады, ести қалса қосыла кетеді. Ал, «Дос-Мұқасанның» биге де, вальске де, шейкке де келетін әндері жетерлік, олар халық шығармаларының өзін эстрада жанрына салып шырқайды. Абылай хан алаңында сүйікті топтың шығуын асыға күткен жерлестеріміз олардың аты аталған сәтте сахнаға қарай жүгірді. Көкшетаулықтармен ақжарқын амандасқан Ақжол Мейірбеков әр әнді хабарлаған сайын жұртшылық қошеметтеп, думандатты. Топтың жетекшісі әрі ұйымдастырушысы Мұрат Құсайыновқа ілтипат ерекше болды. 50 жылдық тарихы бар ансамбльдің халық арасына кең таралған әндері айтылған сәтте, қуанбаған адам қалмады. Аға буын өкілдері ғана емес, жастар да «Дос-Мұқасанның» әндерін біледі екен. «Наз қоңырымен» наздандырып, «Куә болымен» күрсінтіп, «16 қызымен» жетелеп, «Алматы түнін» аралатып, «Той жырымен» түйіндеген топпен көкшеліктер мен қала қонақтары қимай қоштасты. Бір деммен өткен концерттен алған әсерлерінен көпке дейін айыға алмаған жерлестеріміз әлеуметтік желіге жарыса жазып жатты. Ал, ендігі ретте атақты ансамбль жайлы мәлімет бере кетейік.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары дүниені дүр сілкіндірген «Дос-Мұқасанның» өмірге келуі де оңай болмапты. Аға буын мен орта буын өкілдері Кеңес уақыты кезінде партия саясатымен жыл сайын жазғы демалыс уақытында елдегі жоғары оқу орындарының студенттерінен көптеген құрылыс отрядтары жасақталып, комсомол жастар штабтары құрылып, олар шалғай ауыл, аудандарға аттанып, тұрғын үйлер, мәдени ошақтарын, мектептер, сонымен бірге малға арналған қора-жайлар салатынын жақсы біледі. Сондай бір жалынды отряд Алматы қаласындағы Политехникалық институттың жанынан құрылып, Павлодар облысы, Баянауыл ауданына жол тартады. Сол кездегі қалыптасқан үрдіс бойынша Венгрияның Будапешт қаласынан К.Маркс атындағы университеттің студенттері Баянауылға жұмысқа келеді. Екі елдің студент жастары қоян-қолтық араласып бірге жұмыс істеп, интернационалдық үлгілі отрядқа айналады. Шаршауды білмейтін жігерлі студенттер қабырға газетін шығарып, спорттық жарыстар ұйымдастырып, гитарада ойнап, ән шырқады. Сол 1967 жылы 1-тамыз – Құрылысшылар күнінде Политехникалық институттың студенттері гитарада ойнап, ән айтады. Янош есімді венгерлік студент оларға «Дос-Мұқасан» деп ат қояды. Оған Досым – Дос, Мұрат –
Мұ, Қамит – Қа, Саня – Сан есімдерінің бірінші буындары алынады. Сол кездегі институт ректоры Әшім Омаров, проректоры Өмірбек Жолдасбеков, факультет деканы Баян Рақышев, партком хатшысы Досмұхамед Кішібеков, кафедра меңгерушісі Тұрсын Сәлібаевтар өнерлі жастардың қолтығынан демеп, қамқоршы болып, жігіттерге қажетті музыкалық аспаптар сатып алып береді.
Кеңестің қыспағында отырған елде құрылған ансамбль мүшелері, жанашырлары ұзақ кеңесті, тұжырым жасады, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырды, жол тапты. Ол электронды аспаптары бар ансамбльді желеу етіп, қазақ әндерін рухтана шырқайтын көптің сахнасына айналдыру еді. Бұл үшін музыка тілі арқылы туған жер табиғатын, ұлтымыздың батырлығын, елдігін танытатын шығармалар керек болды. Ондай әндер дер кезінде жазылды, қазақтың халық әндері іріктеліп алынды. Атап айтсақ, «Наз қоңыр», «Куә бол», «16 қыз», «Туған жер», «Алматы түні», «Дудар-ай», «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Той жыры», «Ғашықпын», «Әсем жұлдыз», «Бойжеткен», «Қайдасың», «Қуанышым менің», «Наурыз», «Сұлулық», «Құрбым-ай», т.б. көптеген әндерді айтуға болады.
Жан-жағын саясат бұғауы торлаған қазақ музыкасының жаңа таңы атып, ансамбль қазақ музыкасының ақтаңдақ тұстарын дөп басты. «Дос-Мұқасан» ансамблі көктен түскен жасындай жарқ етіп, тек Қазақ елі емес, дүниежүзіне танылып үлгерді, әлемдік музыка тарихында өзіндік орнын ойып алды, алтын әріптермен жазылды.Тоқырау тозаңына тоттанған тоталитаризмнің тас қабырғасын сөгіп, ұлттық рухты дәріптеуге орасан зор үлес қосты. Сөзіміз дәйекті болу үшін ансамбльдің басынан өткен батырлыққа пара-пар іс-қимылдарын айтуға болады. «Дос-Мұқасан» ансамблі 1976 жылы 6 айға Америка еліне гастрольдік сапарға аттанбақшы болады. Мәскеудегі атқамінерлер әндеріңнің 50 пайызы қазақша, 45 пайызы орысша, 5 пайызы ағылшынша болуы шарт деп талап қояды. Алайда, ноқтаға басы сыймаған қазақ жастары әндерінің 70-80 пайызын қазақша орындайды. Сонау 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты шыққан көзі қарақты қазақ баласына танымал «Қасқалдақ» әнін де репертуарына қосып орындайды. Ансамбль жігіттерінің тағы бір көзсіз батырлығы, Моңғолияға сапар шегуі, сонымен бірге соғыс өрті толастамаған Ауғанстанға барып жауынгер жастарға концерт беруі дер едік.
Жалпы, «Дос-Мұқасан» көк байрақты елімізді қоспағанда алыс-жақын шетелдердің 100 шақты қалаларында гастрольдік сапарда болды. Бір ғана Америка құрлығында 6 айдың ішінде 180-ге тарта концерт берді. Көптеген халықаралық ән байқауларына қатысып, жеңімпаз, лауреат атанды. 1971 жылы «Дос-Мұқасан» ансамблі еліміздің намысын қорғап, Ташкент қаласында өткізілген «Халықтар достығы» атты Бүкілодақтық техникалық оқу орындары арасындағы фестивальға қатысып, I дәрежелі диплом иегері атанды.
1973 жылы Белоруссияның астанасы Минск қаласында өткен Бүкілодақтық кәсіби орындаушылардың конкурсына қатысып, лауреат атанды, жергілікті «Песняры» ансамблінен кейінгі екінші орынды иемденді. Алдыңғы орынды иеленген «Песняры» мен «Дос-Мұқасан» КСРО атынан Германияда өтетін Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің Х фестиваліне жолдама алады. «Песняры», «Самоцветы», «Девчата», «Москвичи» және т.б. топтар жиналған жарыста жерлестеріміздің айы оңынан туып, бағы жанды. Сонымен бірге ансамбль «Кеңес әндерін аса үздік өңдегені» үшін арнайы сыйлықты жеңіп алды. Аталмыш сыйлықты қазылар алқасының төрағасы, атақты композитор А.Пахмутова тапсырған еді. Бұдан кейін қазақ жігіттері араға екі-үш ай салып Берлинге аттанады. «Дос-Мұқасанды» фестивальға жібермеуді ойлаған кейбір үстем ұлттың өкілдері кездеседі, алайда А.Пахмутова мен ақын Н.Добронравовтың табандылығы арқасында ойлағандары жүзеге аспай қалады. Берлиндегі үлкен додаға екі жүзге тарта өнер ұжымдары мен жұлдыздары қатысады. «Дос-Мұқасан» шашасына шаң жуытпаған Құлагердей бәйгеден оза шауып, фестивальдің алтын медалін жеңіп алады. Бұл сөз жоқ, бар өнерін ортаға салған нағыз қазақ жігіттерінің жоғары деңгейдегі тамаша жетістігі болатын. «Дос-Мұқасан» кейіннен 1985 жылы тағы да Бүкілодақтық студенттердің Мәскеуде өткен ХІІ фестиваліне қатысып лауреат атанады.
Осы орайда ұлтын дәріптеген Мұрат Құсайыновтың еңбегі зор болды. Оның шығармаларына келетін болсақ, қазақ ақындарының өлеңдеріне жазылған жүзге тарта әндері бар. «Туған жер», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Болашақ», «Далам менің», «Ғашық жүрек» және т.б. әндері. Сонымен бірге «Жыр жазамын жүрегімнен», «Қарлығаш», «Ауылың сенің іргелі», «Ләйлім-шырақ», «Наз қоңыр», «Құсни-Қорлан» және т.б. 30-ға жуық композиторлар мен халық әндерін оркестр мен вокалға арнап өңдеді.
Араға жылдар салып, «Дос-Мұқасан» есімін қайта жаңғыртып, бастары қайта қосылып, бүгінде әйгілі топ барлық жерден шақырту алып, халықтың сүйікті әндерін шырқап жүр. Оларға қай өңірге барса да ілтипат пен құрмет ерекше. Ал, Көкшетаудың 195 жылдық мерейтойын шырайландырған ансамбльге алғысымыз шексіз!
Гәкку Бәйішева.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий