Әйел отбасындағы орнымен құнды

Көкшетау қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырысты қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жүргізіп отырды. Аталмыш шараға әйелдер ісі және отбасылық демографиялық сая-сат жөніндегі қалалық комиссияның өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.  Мәжілістің күн тәртібінде қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысына тоқталды.

Қалалық комиссияның қолдауымен өңірде басшы әйелдер санын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде әйелдер экономиканың түрлі салаларында өнімді еңбек етуде.  Баяндамашы әр саладағы көшбасшы нәзікжандыларды атай келіп, қуантарлық деректерді мысалға келтірді.– Әйелдердің саяси белсенділігі арнайы комиссияның, өңірдегі әйелдер қоғамдық бірлестіктерінің тығыз байланыс-тары арқасында дамып келеді. Бүгінде қаладағы мемлекеттік органдарда қыз-келіншектердің үлесі 53 пайызды құрап отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау мен білім беру саласында, биліктің үш тармағында, бизнесте олардың үлесі жыл санап көбейіп келеді. Қандай қызметте болса да өз міндеттеріне жауапты қарайтын нәзікжандылар өзгелерге үлгі көрсетуде, – деді ол. Шағын және орта бизнес саласында нәзік жандылардың 30 пайызы жұмыспен қамтылған. Былтыр әйелдердің 33 пайызы микрокредит алуға қол жеткізген. Қала бойынша 306 әйел әлеуметтік жұмыспен қамтылған. 116 әйел кәсіби дайындықтан өткен. Елді мекендерде де бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Айталық, Красный Яр селосында 14 әйел «Асыл арман» серіктестігінде тегін оқу курсынан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасқан. Айлық жалақылары 100 мың теңгені құрап отыр. «Селода кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындар мен кәсіпкерлердің қатысуымен жиындар өткізіледі. Жеке кәсіп ашуға қашанда қолдау көрсетіледі. Айталық, Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіріп отыр», – дейді Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсин. Ал, Станционный кентінде қой жүнін өңдеу, бал арасын өсіру, жиһаз жасаумен айналысуға бел буғандар бар екен.

Бүгінде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 132 мүгедек балаға қызмет көрсетілуде. Мұндағы білікті мамандар ата-аналармен психологиялық тренингтер, кеңестер өткізеді. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 132 отбасының 23 пайызы толық емес отбасылар. Биыл қала әкімінің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Мейірім» орталығы ашылды.

Былтыр 1639 жас отау құрса, оның 749-ы жыл өтпей жатып ажырасуға өтініш берген. Гендерлік саясатты насихаттау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы жастар тәрбиесі туралы басқосуға жиналғандар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өткен жылы әйелдерге күш көрсетуге қатысты 289 факті орын алған.  Бүгінгі күні қала бойынша 11498 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту мақсатында кәсіпкерлермен жұмыс жүргізілуде. 2010-2017 жылдар аралығында 13 жекеменшік балабақша ашылды. Көкшетаудың халық тығыз орналасқан аумақтарында 3 балабақша салынуда.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы уақыт ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысында жасөспірімдер ісіне қатысты 16, ата-аналарға қатысты 22 материал қаралған. Бала тағдырына жауапты ата-ана салғырттығы да балалар қылмысына себеп болып отырғандығын аңғаруға болады. Тәрбие мәселесіне салғырт қарайтын 47 отбасында 70 жасөспірім тәрбиеленуде. Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала мектептерінде 143 секция жұмыс істеуде.

Отбасын нығайту жұмысы негізгі міндеттердің біріне айналуға тиіс. Бұл жерде неке және отбасы институтын нығайтудың, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен сақтаудың айқын дәлелі болып табылатын «Мерейлі Отбасы» ұлттық конкурсы маңызды рөл атқарады. Аталған байқауға Көкшетау қаласынан 19 отбасы қатысқан.

Басқосуда №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлназия Зұлқарнаева жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Былтыр қалада 15-18 жастағы қыздар арасында жүкті болудың 12 жағдайы тіркелген екен. Оның 7-уі колледж студенттері. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға сағат бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма?! Мамандар жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынасқа ерте түсуге ғаламтор мен жөн-жосықсыз шетелдік фильмдердің әсері күшті екенін айтады. Бүгінде балалары бәлиғат жасына толмаған ата-аналар тарапынан мектептерде аталмыш тақырыпта арнайы тәрбие сағаттарын, семинарлар ұйымдастыру туралы ұсыныстар көп көрінеді. Жастар арасында осы тақырыптарда материалдар таратылады. Анонимді сауалнамалар, психологиялық тестілер жүргізіп тұрамыз. Әлеуметтік желілерде де насихат жүргізіледі. Қыздарға анасының, ұлдарға әкесінің ақыл-кеңесі ауадай қажет. Осы орайда қаладағы барлық мектептерде әкелер кеңесін құру керектігін айтады қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Жәния Дондағұлова. – Бүгінде қалада кешкі мектептердің жабылу себебі онда баланың дұрыс тәрбие алып шықпайтынына көзіміз жетіп отыр. Сол себепті тәрбиесі қиын жасөспірімдерді тәрбиелеу мектеп мұғалімдеріне жүктеліп отыр, – дейді ол.

Жалпы, мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінсек, жастарымыз аяғын шалыс басып, сан соқтырар жағдайға тап болып жатса, үлкендер тарапынан қысым көрсетпеу қажет. – Бізге көмекке жүгінетін жас аналардың 80 пайызы колледж студенттері. Ерте жүкті болған қыздардың тағдыры жақындарын алаңдатпайды. Мұндай жағдайға тап болған кейбір қыздарды ата-аналары үйлерінен қуып жіберген. Осында тұрып жатқандардың  көбісі ата-аналарына «қалада оқу оқып жатырмыз» деп өтірік айтуға мәжбүр. Мұндай қадамға барған ұл-қыздарды айыптағанша, олардың қателеспеуі үшін дұрыс тәрбие беріп, келеңсіздіктің алдын алу әлдеқайда артық. Осы ретте қыздарға ананың, ал ер балаларға әкенің ақыл-кеңесі, тәрбиесі ауадай қажет, – дейді «Аналар үйінің» үйлестірушісі Көгершін Хасенова. Оның айтуынша, жалғызбасты аналарды баспанамен қамту өзекті мәселеге айналып отыр. Олар мұнда бір жылға дейін ғана тұруға құқылы. Мұндағы мамандар жас аналардың құжаттарын реттеп, жұмысқа тұруға көмектеседі.

Отырыста сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ләззат Есжанованың айтуына қарағанда, облыстағы 87 мыңнан аса кәсіподақ мүшелерінің 49897-ін нәзік жандылар құрап отыр. Өңірде еңбекші әйелдер мәселелеріне қатысты комиссия құрылған. Оның жұмысында еңбек нарығында әйелдердің мүмкіндігін шектеудің кез келген түріне қарсы күрес, әсіресе, жұмыстан шығару, еңбекақы төлеміне қатысты мәселелер қаралады. Көп жағдайда әйелдер еңбек заңнамаларын білмейтіндігін айтады Л.Есжанова. Сараптама көрсеткендей, жүкті әйелдерді, үш жасқа дейінгі сәбилері бар аналарды жұмыстан шығару, үстеме жұмысқа тарту, демалыс және мейрам күндері, түнгі уақыттарда жазбаша келісімсіз жұмысқа шығару, жұмысқа қабылдау тәртібін бұзушылық, еңбек келісімшартын бұзу, жүкті әйелдерді қызметтік іссапарларға шығарарда кепілдеме ұсынуға қатысты түрлі заңбұзушылықтар анықталған.

Жиынды қорытындылаған А.Әміренова облыстық комиссияның назарын алдымен тұрғындардың, соның ішінде әйелдердің жұмыспен қамтылуы, саламатты отбасы, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелеріне, әйел мен бала денсаулығын нығайту, отбасылық және адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мәселелеріне аудартып, осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сонымен қатар отбасылық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту  қажеттігін  атап  өтті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий