Әйел қауымының қоғамдағы рөлі

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин 7 наурызда білім, құқық қорғау, медицина, өнер, кәсіпкерлік, спорт саласында белсенді қызметімен өңірге танылған нәзік жандар өкілдері мен көп бала тәрбиелеп өсірген ардақты аналарды қабылдап, оларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтады. Әйелдер қауымының бүгінгі қоғамдағы атқарар рөлі жайлы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов қысқаша ақпарат берді.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Сергей Кулагин ел тарихында нәзік жандардың ерекше жасампаз рөл атқаратындығын айрықша атап көрсетті. «Біз әрқашанда әйел-ананың алдында ерекше құрметпен бас иеміз. Бүгінгі таңда біздің облысымызда 8 мыңдай көпбалалы ана бар. Олардың үш мыңнан астамы «Алтын алқа», төрт мыңға жуығы «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінгі жүрек тебірентерлік салтанатты жағдайда мен Ұлы Отан соғысының барлық ауыртпашылығын ерлермен бірдей көтерген майдангер әйелдерге, тың еңбеккерлеріне шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі. Шаруашылықтың әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер бізде көптеп саналады. Атап айтқанда, олар әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының 25 пайызын құрайды. Облыстық департаменттер мен басқармалардың бірінші жетекшілері мен олардың орынбасарлары болып 29, ал қала әкімдерінің орынбасары болып 13 нәзік жандар жұмыс істейді. Өңірдегі жиырма мыңдай шағын және орта бизнес нысандарына біздің іскер замандастарымыз жетекшілік етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында қызмет етушілердің қатарында іскер, талапкер арулар көптеп саналады. Республикалық, халықаралық жауапты сайыста ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы құрбыларымыздың жетістіктерін қалайша мақтан етпеске.
Облыстың және еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне елеулі үлес қосқаны, ұрпақ тәрбиелегені үшін жиынға қатысқан әйелдердің бір тобы наградалармен марапатталды. Өңір басшысының қолынан «Алтын алқа» төсбелгісін Айымгүл Бейсенбаева, Карим Хавдал, «Күміс алқа» төсбелгісін Татьяна Кноль, Анна Козейкина, Гүлжан Рамазанова, Канзия Сарсембаева алды. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен біздің облыс бойынша 61 анаға «Батыр ана» атағы берілді. «Ақмола облысы поляктар бірлестігі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Людмила Суховецкая, ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук, №1 сервистік-техникалық колледждің өндірістік оқу мастері Валентина Сероштанова, Ақмола облыстық сотының маманы Дана Маженова, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лариса Блажко, облыстық прокуратураның бас маманы Әсел Ахметжанова, облыстық филармонияның директоры Нұргүл Шайкенова, «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлім басшысы Галина Таскаева, шаңғы тебуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Осипова, қорғаныс департаментінтің маманы Күләш Қапарова алғыс хатпен марапатталды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс