Әйел, қоғам және дін

Әйел адам – отбасы, ошақ қасының ырысы мен берекесі, жанұялық құндылықтардың сақтаушысы деген ұғымдардың астарында терең ұғым жатыр. Қазіргі аумалы-төкпелі заман әйел тұлғасына байланысты да әртүрлі пікірталастар туғызып отырғаны еш жасырын емес. Әсіресе, әйел-ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербететінін біз әсте қаперден шығарып алған сияқтымыз. Себебі, қазақтың ұғымында әйел адам ең алдымен ұрпақ тәрбиесінің алтын арқау тұлғасы болып саналады.
Психологиялық түсініктерде әйел жаны әйел адамның нәзіктігімен ғана ерекшеленбейді, ұлы істерге ұйытқы бола алатын көшбасшылық қасиеттерге де ие екенін көреміз. Сонда, әйел – ең алдымен ана, қоғамның белсенді мүшесі, ұлт тәрбиесінің өзегі. Қазақ халқы бағзы замандардан бері әйел тұлғасын қашанда биік қоя білген. Ол отбасының ұйытқысы болып, ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Ал, ұлттың алар асуы, шығар биігі еңселі болуы үшін жас ұрпақ елдік құндылықтармен ауыздануы тиіс. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің бір арнасы – имани тағылыммен жалғасады. Біз бүгін осы имани ұғымын әр саққа жорып, оның астарын ұғына алмай, сан сауалға бір ортақ жауап таба алмай қиналамыз.
Бүгінде тәуелсіз ел атанғанда азаттықтың таңымен бірге біздің тереземізден асыл дініміздің ұлағатты тағылымдары да етене енді. Исламдағы әйел тұлғасының қадір-қасиеті жаңаша арнада көрініс тапты. Бұл ұлтымыздың бұрынғы замандарынан бері біздің бабаларымыздың ұстанған ұғымымен астасып жатқанын, ана тұлғасының қоғамдағы орны бөлек екендігін дәлелдей түсетіндей. Өкінішке орай, осы ұлағат болар ұғымдар кейбір көрсоқырлықтың кесірінен жермен-жексен болып жатыр. Себебі, кейбіреулердің дініміздегі әйелдер өз ерлеріне бағынуы тиіс деген пікірін алға тартып, діни арбаудың ырғағымен кетеді. Бет-жүзін тұмшалау – осы теріс көзқарастың кесірі екенін білеміз.
Бір сәт бабалар тағылымына үңіліп көрейікші. Қазақ қыз баласын ғасырлар бойы еркін өсіріп, қылықты етіп тәрбиелеп, оның болмыс-бітімін ұлттық ұғыммен сабақтастырған. Бүгінде біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен діни тәлім-тәрбиенің бір-бірімен біте қайнаспағанынан қоғамымызда осындай әртүрлі пікір туғызатын көріністер қылаң беріп жатыр.
Иә, ислам дінінде әйел баласына хиджаб тағып жүруі парыз нәрсе. Хиджаб араб тілінде: «қалқан», «шымылдық» дегенді білдіреді. Ол – мұсылман әйелдің көшеге шыққанда бетін, денесін жасыру үшін киетін киімі. Ең алғашқыда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың әйелдері ғана хиджабпен жүретін болған. Кейін барлық мұсылман әйелдер осы салтты ұстанған. Бірақ, бұл жүзіңді толықтай тұмшала дегенді білдірмесе керек. Неге біз арабтың хиджаб сөзін жастанып алып, оны басқаша ой туғызатындай етіп қолданып жүрміз. Хиджаб сөзі – қазақ ұғымымен алғанда кәдімгі орамал емес пе?! Неге біз орамал сөзін қастерлеп қолданбаймыз? Орамал таққан әйелдің бойынан дініміздің де парыз істерін, ұлтымыздағы ана тұлғасының бет-бейнесін көрер едік.
Міне, осылай әйел адамды ислами адасушылықтың қол шоқпарына айналдыру әртүрлі экстремистік ағымдардың ұстанымы болып отыр. Біздің елімізде де тыйым салған дәстүрлі емес діни ағымдар қатарына қыздар мен әйелдердің көптеп кіріп кету мысалдары осыны айғақтай түседі. Олар өздерінің діни идеологияларын алға тарта отырып, қарапайым әйелдердің көңіл-күйін арбап, психикалық тұрғыдан ықпал ете түседі. Басын хиджабпен бүркеп алу – діни ағымдардың арбауына түсу дегенді білдірмесе керек. Хиджаб киіп, басына орамал тағу – әйел адамның бейнелік қалыбын сақтаудың бір жолы іспеттес. Сондықтан, басыңа орамал тағу – бет-жүзіңді толық тұмшалап алумен астаспайтынын білгеніміз жөн. Мұны айтып отырғанымыз, елімізде тәуелсіздік алғаннан бері, дәстүрлі емес діни көзқарастағы ағым өкілдері арасында оқшауланған әйел жамағаттары белгілі бір дәрежеде көбейіп отырғандығы еш жасырын емес. Ерінің айтқанына көніп, арбауында жүру осы ортада көбірек көрінеді. Мұндай оқшауланған ортадағы әйелдер өз балаларының құқықтарын белгілі бір дәрежеде шектеуге мәжбүр болады. Қазіргі зайырлы қоғамда мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты дәстүрлі емес діни көзқараспен ұғыну аса қауіпті.
Теріс пиғылдағы идеологияға арбалу салдары ер адамға қарағанда әйел адамдарда басымырақ болады. Мұны теолог зерттеушілер де атап көрсетеді. Мысалы, еліміздегі әлеуметтік желілерде діни сарындағы ақпараттарды оқу және көру әйел адамдардың еншісінде көбірек екені айтылады. Сондықтан, олардың діни сенімдеріндегі дәстүрлі арнадан ауытқулар негізінде туындайтын қатерлердің алдын алу, жолы жіңішке жандардың арасында белсенді жүргізілуі тиіс. Бұл ретте жат ағымдар арбауына түсе қоймаған жас қыз балаларды сақтап қалу басты орында болуы керек. Мұндай шаралар негізінен мемлекеттік конфессиялық қатынастар ұғымын түсіндірумен, жат ағымдардың қауіп-қатері мол екенін көрсететін ақпараттармен және ұлттық дәстүрімізге сай көзқарастарды бекіте түсуімен ерекшеленуі керек.
Негізі, ислам діні – мүлтіксіз дін. Онда адамды қорлауға, кемсітуге жол берілмейді. Исламда әйел адамның рөлі ерекше екенін көреміз. Қасиетті Құранда ерлер деген сүре жоқ. Әйелдер деген сүре бар. Сондықтан, мұсылман әйелдердің құқықтарын аяқасты ету ислам дінімен астаспайды және ол жайлы айтатындар – ислам дінінен алшақ адамдар.

Айгүл ЖҰМАБЕКОВА,
Ақмола облысы Дін істері
басқармасының «Конфессия-аралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының» психолог маманы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий