Әкем аштықта ауылдастарын балықпен асырап аман алып қалды

(Қаратай атайдың әңгімесі)

Жасы тоқсаннан асса да сүйікті кәсібінен қол үзбеген Қаратай атамен кездесуге барғанымда, мойын бұрып қарамастан, балықтың ауын тоқып отыра берді. Жанына барып жайғасып, қандай мақсатпен келгенімді айттым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, ата көзі нашар көрсе де бірақ жаттығып қалған саусақтары тор көздің өлшемінен еш адаспайтынын айтып, бір жымиып қойды. Аяқтарын бірінің үстіне бірін айқастырып, маған байыптап қарап алып, әңгімесін бастады. Әкесінен үйренген кәсібі – балық аулау, оның ауын қолмен тоқу. Аңшылықты жанына серік еткені бір бөлек әңгіме. Түрлі техниканың тілін біледі. Өзінің мамандығы –мұғалім. Осы саладағы еңбек өтілі қырық жылдан асады. Есепке жүйрік. Диқаншылықты да меңгерген. Соғыс уақытында лобогрейканың тілін білетін жан ретінде тұңғыш комбайнның руліне де отырған. Бүгінгі заманның сөзімен айтсақ, кәдімгі іскер жан. Әкесінің пысықтығы ұлына өмір бойы азық болып келеді. Философиялық көзқарасы кең, пайым-парасаты, таным-түсінігі терең, көп оқыған, көп білетін жан жағымды дауысымен, салмақты мінезімен, байсалды қалыппен әңгімесін сабақтай түсті.

Адам санасынан тыс және одан тәуелсіз өмір сүретін обьективті дүние -материя бірінші, ал сана -екінші. Бұл туралы дауласатындар көп. Материя санадан тыс өмір сүре алады, бірақ сана материясыз өмір сүре алмайды. Дүниені құдай жаратқан, ол мінсіз. Ол елес дейді. Бүгін бар, ертең жоқ дейді. Бірінші идеяда әлемді тану мүмкін дейді. Мысалы, тасты алсақ, оны заводқа апарып бірнеше сүзгіден өткізіп, өңдеуге болады. Содан темір аламыз ғой. Егер оны тану мүмкін болмаса, оны аша алмаймыз ғой. Көзқарастарымыз әр түрлі. Мысалы, қазіргі жастардан осы жайлы сұрасаң, аспанда ай бар, бұлтты көреміз, желді сеземіз. Басқа не керек дейді? Адам тұрмысы нашарлаған кезде дінге беріледі. Құдайдан сұрайды. Құдай береді деп сенеді. Адам не жасаса да, өзі кінәлі. Адам өлтірсе, құдайдың ісі ғой дейді. Төбелессе де құдай итермеледі деп жуып-шаяды. Құдай бізді жаратқан шығар, онда біздің қандай шаруамыз бар? Ол миллиардтаған адамның әрбірінің соңында жүрмейді ғой,былай істе, былай жаса деп. Соны түсіну керек деп бір түйді.
Менің бүгінгі кейіпкерім – Қаратай Сейдахметұлы Сейдахметов. Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Арғынның ішінде Құлқай, кейде Орыс атасы деп те атайды. Құлқай жаугершіліктен келе жатқанда, келіні босанған ғой, алдынан сүйінші сұратып шапқыншы жібереді, атын кім қоямыз деп сұрайды, жолдан шаршап келе жатқан ол: «Мейлі, орыс қой» деген екен. Содан Орыс атасы деп кеткен дейді өзі. Әкесінің аты Сейдахмет, оның әкесінің аты Жүніс, Жүністің әкесінің аты Бейсенбай. Солай кете береді. Молданың қойған аты Жақия, ал, әжесі еркелетіп «Қаратайым» дейтін. Осылайша Қаратай атанып кетті.
Баубек батыр біздің аталарымыз болады дейді ата әңгімесін әрі қарай жалғастырып. «Баубектің піл сүйегімен безендірілген ағаш кереуеті, шығыршықтан жасалған сауыты, 20 литрлік мыс самауыры, 5 литрлік құманы біздің үйде болды. Сауыттың желкесінен байлайтын бауы бар, тартып қалғанда жиналып тұра қалады, жең сияқты киіледі. Жүктің арасында жататын. Әжем Баубек атамыздың өлеңін айтып отырушы еді, соны жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Құлқайлар ірі болыпты, ұрпағымыз да ірі болсын деп денелі қыздарға үйленеді екен. Біздің жерімізде олар соғысқан қалмақтың төрт обасы бар. Әкем Баубек атадан қалған сол мұраны Амангелді атындағы музейге 1943 жылы тапсырды. Кейін оқуға барғанда көрдім, сауыт экспонаттар арасында тұр екен, бірақ кім, қашан, қай жылы тапсырғаны жазылмаған. Тек «Кольчуга батыра» деп қана жазылып тұр екен. Ал, кереуетті көрмедім»,–дейді. Қаратай ата да денелі, ұзын бойлы адам.
Әкесі Сейдахмет балықшы, әрі аңшы болыпты. Сонау аштық жылдары екі ауылдың тұрғындарын өлімнен аман алып қалған адам. «Әкем Құранды жатқа оқитын. Бірақ молда болған жоқ. Молда болатын адам жетім адам болу керек дейтін. Балықшылық кәсіпті қашан, қайдан үйренгенін сұрамаппын. Балық аулауға қажетті құрал-жабдықтың бәрін қолмен жасайтын. Метілді орыстарға жасауды әкем үйретті. Ол кезде жіп те жоқ. Катушкаға оралған 20, 30, 40 –шы өлшемдік жіптер болады. 20-шы жіптен ау тоқиды, оны үш қабаттап метіл, сүзекі тоқиды. Әкем ауыл, аудан, облыстан катушкадағы жіптерді жинап алып келетін. Оған «Қызыл Партизан» артелі ақша береді. Үш қабаттап, төрт елі етіп, ауылдың әйелдеріне балықтың ауын тоқуды үйретті. Аудың екі қанаты болады. Қыл мен жүнді бұрап есіп, әйелдер жоғарғы етегі мен төменгі етегін жасайды. Жоғарғы жағына керек қалтқыға қайың ағаштарын алып келеді, қабығын сыпырып, ағашқа орап-орап, алғашқы кезде ауға салды. Сүзекіге қалтқыны тақтайдан жасады, етегіне Қараңғылық деген өзенде ақ саз бар, әлгіні ағашқа орайды да сығымдап-сығымдап сырмақ жасайды, сосын оның бәрін өртейді, сол кезде ағашы жанып кетеді, балшығы қалады. Жіпті содан өткізіп, сүзекіні 100-150 метрге Алакөлге салады. Қыста мұзды сүйменмен оятын жұмыскерлері бар, таңнан қара кешке дейін сонда жүреді. Мұрттарына мұз қатып түн қараңғысында келеді. Көлде ол уақытта табан мен шортан көп болды. Ірі шортандар жиі түсетін. Еліміздің батыс жағында жоқшылық болды ғой, қарын ашушылық болды. Ал, біздің артель бай болды. Әкеміздің жетекшілігімен ауланған балықты астыққа айырбастайтын. Менің есімде қалған бір дерек, біздің ауыл жақта тек екі -ақ адам ғана өлді. Ақсуаттан шығып, артельге барып бір тойынып алайық деп адасып кетіп, аштан өлген екен. Басқа шығын шыққан жоқ. Қазір 5 млн қазақ өлді деп жазып жүр ғой. Ол қате дерек. Біздің әкеміз сол зұлматты жылдары екі ауылды аман алып шықты. Екі келі балықты 1 келі астыққа айырбастап отырдық. Кейін сол кәсіпке машықтанып, мен де балықпен сауда жасауды үйрендім»-дейді Қаратай ата. Қолында тоқып отырған балықтың ауын қалай тоқитынын, қайсысы қалай аталатынын да түсіндіріп жатыр. Жіп орайтын таяқшаны инелік деп атайды. Қолға ұстайтын шағын ағаштан жасалған жалпақ таяқша қалақ деп аталады, аудың көзінің үлкен-кішілігі осы қалаққа байланысты. Ау тоқысаң бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз елі жасайсың, он елісі үлкен сазандарға арналған. Аудың көзі 32 мм-ден 64 мм-ге дейін барады. Екі өңеші болады. Аудың көзіне түскен балық бірінші өңештен өтеді де, екіншісіне барып тіреліп қалады, одан қайтып шыға алмайды. Аудың ұзындығы 6 -7 метр, ені 3 метр болады. Ортасында желі болады (крыло), сол жерге түскен балық өңештеріне қарай кетеді. Екі жағында қазық болады. Содан алып, төгіп аласың да, қайтадан бекітіп қоясың. Балық аулауды қазақ әлі үйренген жоқ. Бірен-сараң бар шығар, бірақ өте аз дейді ата.
Соғыс уақытында тылда еңбек етпеген жан жоқ. Елде қалған қариялар мен әйелдер. Балалар да бос отырмады. «10 жасымнан жұмыс істедім. Егіннің арам шөбін жұлудан бастап, барлық қара жұмыстарға жегілдім. 12 жасымда әкем ертіп апарып, кішкентай орақпен шөп шабуды үйретті. 13 жасымда әкем трудармияға кетті. Ол кісінің сіңірген еңбегі, алған наградасы жайлы «Сталинский путь» газетінде жазылды. Әкем кеткенде үйде бір құлынды бие, екі сиыр, бес қой болды, солардың шөбін өзім шауып, тасып, қысқа жететіндей етіп дайындап алдым. Оның сыртында көлге ау салып қоямын, жексенбі күні қамысқа барамын. Екі шана қамыс шауып, біреуін сиырға алып келемін. Екі аудың балығын алып келіп сатып, астыққа айырбастаймын» ,–деген сәтте қазір 13 жастағы бала сондай тірлікті жасар ма еді деген ойға қаласың. Ал, сол жастағы балаға соғыс уақытында төрт отбасын асырауға тура келгенін айтсам, таңданар ма едіңіз, әлде бас шайқар ма едіңіз?! «Бір күні советтен адамдар келіп, бес отбасын өз қарамағыңа ал деді. Мен төртеуін алатын болып келістім. Үйде мен, 14 жастамын, анам Назым, әжем Сақып, жеті жасар қарындасым болды. Оған тағы төрт отбасы қосылды. Ғаббас деген соғысқа кеткен ағамыздың әйелі баласымен, Қойсал деген ағамыздың әйелі екі баласымен, Сәбит деген нағашымның әйелі екі баласымен қалған. Солардың бәріне мен бас-көз болып, асырап, аман сақтап қалуым керек болды. Ай сайын үкіметтен 150 грамм паек береді. Соны бір айға жеткізу керек. Үйде ағаш табақ бар, сонымен шешем бір табақ бидай беріп отырады, ол кезде үйде көп бидай ұстауға болмайды, қорқынышты, көрсетіп жіберуі мүмкін. Осылайша әупірімдеп күн көріп жатқанда, 1943 жылдың қысында әкем қайтып келді. Оларды сапқа тұрғызып, кімде қандай мамандық бар дегенде, әкем балықшымын деген, бізге балықшы керек деп, ай сайын 3 центнер балық тапсыратын болып, келісім-шартқа отырған екен. Соғыс уақытында әркім өз басымен қайғы ғой. Балықтың ауын тоқиын десек, жіп жоқ. Әкеммен резеңке баллондарды алып, екеулеп тарқата бастадық. 30 сантиметр жіпті бір-біріне байлап, жазға дейін зорға жасадық. Тоқыған кезде іліге беріп, көп қиналдық. 10 пар метр метіл жасадық. Мұз ерігенде шортандар көлдің бетіне шығады, жаз бойы сол шортандарды ауладық. Бір күні тұман еді. Жәрдемдесейін деп көлдің жиегіне барамын. Жақындағанда «Договор орындалды!» деп әкем айқай салды. Сөйтіп, 3,5 центнер балық жинап, тапсырды. Содан әкем совхоздың директорына балық аулайтын сүзекі жасайық деді. Орысшалап айтқанда, невод. Директор әскери тәртіппен жүретін мықты адам еді. Көп тор әкеліп берді, содан 300 метрдей сүзекі жасады, қоржыны 20 метр. Екі атты тағалап берді, екі шығыр жасатты. Он шақты адам бөлді. Балық тасуға Қостанайдың әскери әуежайы көмекке келді. Балық үшке бөлінетін болды, бір бөлігін артельге, бір бөлігін әуежайға, бір бөлігін совхозға беретін болды. Машина бөлді. Сол жылы 1 центнерден артық балық шықты. Мұз қалыңдамаса ат шананы көтермейді. Ол қалыңдағаннан кейін тағы сүзекі тасталды, күніне 20-25 тонна балық шығады. Енді оны жиекке тасу керек қой, тақыр мұздың қарын таптап отыру керек. Әйелдер сиырларын жегіп, қораптармен келіп тұрады. Әр қатынағанда бес келі балық алып шығады. Жолда күтіп тұрған балаларына ірілерін лақтырып кетеді. Бір шал соны көріп қалып, мыналар балықты ысырап етіп жатыр деп, совхоз директорына шағымданыпты. Әкем оған егер көлік берсеңдер бәрін тоқтатамыз деп еді, көлік жоқ, одан ештеңе кемімейді, осылай істей беріңдер деп келісімін берді. Майдан есебі ғой бәрі. Біздің шешеміз балықты қуырып беретін, бауырсақ, май, ет, қаймақ жейтінбіз. Анамыз момын адам болды. 75 жасында қайтты» ,– деп күрсінді Қаратай ата. Әкесі аңшылықпен де айналысты. 30-шы жылдары бір күнде бір қапшық құс атып, оны ауыл әйелдеріне жүнін жұлғызып, үйітіп, үкіметке өткізіп, ішек-қарны мен бауырын, бүйрегін өздеріне беріп отырған. Осылайша ауылдастарын тек балықпен ғана емес, аң,құспен де асыраған. Қаратай ата да әкесіне тартқан аңшы. Түз тағысын аулаудың әдісін өзі ойлап тауыпты. «Қасқырды мен капсуламен ауладым. Қытайдың сағатқа арналған батареясын сатып аламын да ішін қара дәріге (черный порох) толтырамын. Аузы кішкентай ғой, металлический калий деген болады, су тисе жанады, жұқа целлофанға салып, үстіне тоң майды ерітіп жағамын. Малдың өкпесін жұқалап тіліп, далаға қатырамын, ет түсті болсын деп қызыл жіппен байлаймын, сыртына тоң майды ерітіп жағып жіберем, жуа қосам. Темір-терсек үйілген жерге қасқырлар келетін, жаңағы дайындаған дәрімді бозға лақтырып жіберем. Қасқыр жуаны жақсы көреді. Өкпені дәрімен бірге асап жібергенде, ішке барғасын тоң май еріп, калийге тигесін, асқазан сөлі жанады, сосын қасқырдың ішін жарып жібереді. Кейде бірден жантәсілім етпей, жүріп барып өлетіндері болады. Бұл онша тиімді болмағасын тұзақ құрып ауладым. Қасқыр басын көтеріп жүретін жыртқыш. Тұзаққа түскенде қамыс арасындағы темірді сүйрете жөнеледі, сосын қылқынады, көп алысқа бара алмайды. Жатады. Қасқырдың төзімділігі сондай, мойын етін қырқып кетсе де қан шықпайды. Бір жылда тұзақпен 12 қасқыр алдым. Жексенбі күндері ғана шығам. Боран күні шықпаймын. Терісін үкіметке тапсырамын. Соған 50 сом береді. Ол кезде үлкен ақша», –дейді ата жымиып.
Қаратай Сейдахметұлының тағылымды өмірінен көп сабақ алуға болады. Жұбайы екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, жеткізген. Өкінішке орай жан жары өмірден ерте озды. Ал, атамыз бала-шағасының ортасында, немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Сүйікті кәсібінің нәсібін әлі татып келеді. Бұрынғылардың сүйегі асыл болады деуші еді, талайдың тезінен өтіп, замана желі қалай соқса да, соған бейімделіп, өткен мен бүгінгіні таразыға сала, өз ойын бүкпесіз ашық жеткізе білетін көзі қарақты жандардың қатарынан табылатын Қаратай атаның қызықты әңгімесі әлі жалғасады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий