Әкем – біздің мақтанышымыз

Екінші дүниежүзілік соғыс көп ұлттармен бірге, қазақтың да басына қара бұлт үйірді. Талай ананың көз жасы көл болды. Талай боздақ «Отаным» деп отқа оранды, жат топырақта жер жастанды. Талай әкенің сай-сүйегі сырқырап, үнсіз егілді. Талай қаракөз батыстан келетін соқпақ-сүрлеуге жанарын тігіп, талдырумен күн кешті. Ал, талай бала бұғанасы бекімей, қабырғасы қатаймай қара жұмысқа жегілді. Ұлы Отан соғысында мыңдаған қазақ баласы кеңес әскерінің қатарында фашистік басқыншыларға қарсы ұрыс жүргізді. Солардың бірі – менің әкем Сұлтан Жоламанов. 1916 жылы 5 наурызда Айыртау ауданының Бірлестік ауылында дүниеге келген әкем Сұлтан Жоламанұлы қайратты, ер мінезді, өжет кісі болыпты. 1940 жылы Петропавлдағы мұғалімдер институтын тәмамдаған ол Куйбышев әскери училищесіне оқуға түседі. Бірақ, бір жылдан соң сұрапыл соғыс басталып, солдат киімін киіп, қолына винтовка алып жауға қарсы жасақ қатарына кіреді. 1945 жылдың 1 мамырында ауыр жараланып, Ұлы Жеңісті госпитальда қарсы алады. Кейін жаралануына байланысты елге оралады. Соғыстағы ерлігі үшін «Германияны алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталса, кейін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін төсіне тақты. Варшаваны қорғау үшін шайқаста ол «нағыз қиян-кескі соғысты көрдім» деп айтып отыратын.
Анам Күлзипаның әкесі Ахмади Аягөз станциясында партия-кеңес органдарында жұмыс істеген. Алайда, 1937 жылдың қанды қасіреті бұл әулетті де шыр айналдырды. Әкесін НКВД жансыздары қоғам мүлкін талан-таражға салды деген желеумен бір түнде ұстап әкетеді. Сол уақытта мектепте оқып жүрген анам Күлзипаны «халық жауының» қызы деп оқудан шығарып тастайды. Әкем мен анамның отау құруы да өз алдына бір оқиға. Әлі мектепте оқып жүрген Күлзипа әскери киім киген Сұлтан деген жігітпен жақын ағайынның үйінде танысады. Сөйтіп, соғыс аяқталған жылы әкем Күлзипа анамызбен отау құрады. Алайда, «халық жауы» атанған қызға құжат әзірлеу оңайға түспейді. Сол кезде Сұлтанға Алматыдағы ағасы Жәкен Жоламановтың үлкен көмегі тиеді. Құжат әзірлеген кезде Күлзипа есімі Антонина болып өзгертіледі. Сөйтіп, екеуі 1945 жылдың соңына таман Германияға қоныстанады. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Шығыс Германия территориясы кеңес әскери әкімшілігінің бақылауында, Берлин КСРО-ның оккупациялық аймағында болды. Офицер Сұлтан Жоламанов Германияның Зюль қаласының коменданты болып тағайындалды. Әке-шешем Германияда 1945-1948 жылдары тұрды. 1947 жылдың 3 наурызында тұңғыш қыздары – мен неміс жерінде өмірге келдім. 1948 жылы әкем әскерден босап Көкшетауға келеді. Облыстық мал дайындау кеңсесіне қызметке орналасады. Бұдан соң екі жылдай Айыртау ауданындағы Жарқын мал базасына басшылық жасайды. Мұнда ол мал басын көбейтуге сүбелі үлес қосады. Осылайша өз білімі, күш-жігерімен елінің көркеюіне бір кісідей үлес қосты. 1956 жылы әкем Сұлтан Көкшетаудағы №2557 автоколоннаға жұмысқа ауысып, кадрлар бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Осындағы көліктер сол кезде облыстық әскери комиссариаттың тіркеуінде болатын. Кәсіпорын басшылары офицер шенді жігіттен техникалардың ұдайы әскери дайындықта тұруын талап етсе, ол өзіне жүктелген бұл міндетті бұлжытпай орындайды. Бейбіт өмірде де ел жұртына сыйлы болып, адалдық пен адамгершілікті ту еткен әкеміз басшылық қызметтерді де абыройлы атқарды. Анам да қарап отырмай, экономист-диспетчер мамандығына оқып, алдымен №2 автобазаға, кейін таксопаркке жұмысқа орналасады. Ұзақ жыл қазіргі «Сейнұр» фирмасында абыройлы еңбек етті.
Анам Күлзипа 1983 жылы зейнеткерлікке шығып, арада үш жыл өткенде әкем Сұлтан өмірден озды. Құтты шаңырақта екі қыз, екі ұл бала дүние есігін ашты. Бұл күнде екеуінің өсіріп-тәрбиелеген балалары бір-бір үйдің түтінін түтетіп, ел үшін еңбек етіп жүрміз. Әкеміздің берген тәлімінің арқасында бірімізден-біріміз бір елі ажырамадық. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор болып ер жеттік. Шаңырақтың темірқазығы анамыз ұл-қыздарынан немере-шөбере сү-йіп отыр. Биыл аман-есен ортамызда жүрсе майдангер әкем Сұлтан Жоламанұлы 100 жасқа толушы еді. Бұл дүниеде ыстық ықылас пен кең пейілден, қарапайым көңілден асқан еш нәрсе жоқ екен-ау. Ел адамдарының әкеме деген ерекше сый-құрметін көргенде, ол текке өмір сүрмеген екен, дұрыс ғұмыр кешкен-ау деп бір марқайып қаламыз. Әке өсиетіне адалдық танытып, ерінбей еңбек етуге тырысудамыз. Әрине, бойымызда бір жақсы қасиет болса, соның бәрі әкеміздің берген тәрбиесі деп білеміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс