Әкенің беделі көтерілсе…

Біздің өңірде тұңғыш рет Әкелер форумы өтті. Оған облыстың бірнеше ауданынан, қалалардан он үміткер қатысты. Бұл бастама өткен жылы қолға алынған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы және «Астана қаласының әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, республикалық әкелер форумы өткізілген еді. Көкшетау қаласында өткен шара осының заңды жалғасы. «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған форумның мақсаты қоғамдағы, отбасындағы әкенің рөлін белгілеу, отағасының беделін көтеру. Шара барысында «Мен әкеме ұқсағым, еліктегім келеді» оқушылар арасындағы шығарма байқауының жеңімпаздары өздерінің жазғандарын оқып берді. Ал, әкелер арасында өткен сайыста целиноградтық Ғани Исаев пен көкшетаулық Ерлан Закирьяновтар тапқырлығымен көрермен көңілін жаулап алды. Бұл күні үлгілі әкелер «Жыл әкесі» атанып, бірнеше адам «Құрметті әке» грамоталарына ие болды. Форумның соңында өңірде «Әкелер одағын» құру туралы резолюция қабылданды.

IMG_9292Жасыратыны жоқ, соңғы кездері отбасындағы әкенің беделі төмендеп кетті. Аналардың рөлі бірінші орынға шығып, ұлдарына айбарын көрсетіп, жұбайына нық сөзін айтатын жігерлі жігіттер қатары сиреді. Сондықтан, балаларына, жарына бәрін назарымен-ақ түсіндіретін бұрынғы әкелердің рөлін қайтару керек. Міне, форумда сөз алғандардың бәрі осыны айтты.
Алдымен «Әкеден алған өнеге» облыстық байқауы өтті. Оған облыстың бірнеше ауданынан және Көкшетау қаласынан барлығы он үміткер қатысты. Әкелер алдымен өзін таныстырып, отбасы мүшелерімен бірігіп, өнер
көрсетіп, өз шежіресін алға тартты. Бұл сайыстарда көкшетаулық Ерлан Закирьянов, целиноградтық Ғани Исаев, еңбекшілдерлік Нұрлан Шәменовтер ата-бабасына, ата-анасына деген құрметін ерекше жеткізді. Бірі бейнематериалдар арқылы, енді бірі баннерлер жасап, енді бірі қолөнер түрінде өз өнерін ортаға салды.
«Мен әкеме ұқсағым, еліктегім келеді» деген байқауда топ жарған Бахтияр Алдияр мен Сәбина Ескендірова жиналғандар алдында өз шығармасын оқып беріп, жүректерді тебірентіп, толқытты.
Форум түстен кейін «Отбасы институты мен Әкелер одағының дамуына бастама» тақырыбымен жалғасты. Онда атаның тәрбиесі, ұл баланың тәрбиесі, әкенің отбасындағы, бала өміріндегі орны, ұлттық салт-дәстүр мен ойындар арқылы баланы тәрбиелеу тақырыптарында түрлі мекеме, қоғамдық бірлестік өкілдері, әскерилер, спортшылар сөз алып, өз ойын ортаға салды. Олардың қатарында жетім балаларды ба-уырына басып отырған жандар да бар. Отбасындағы кикілжіңдер, ата-ана арасындағы сыйластықтың бұзылуы, түрлі статистикалық деректермен келтіріліп, көпшілікке ой тастар мәліметтер берілді. Форум барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында өткен «Қаламгер Live» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында отбасы құндылықтарын сақтау, әке мен ана тұлғасын насихаттау, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жайында жазған біздің әріп
тестеріміз, қалалық «Степной маяк» газетінің тілшілері Наталья Анфимова мен Аружан Қажымұратова да бар. Жиналғандар әкелер форумын жыл сайын өткізіп тұру қажет деген шешімге келді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий