Әке аруағына тағзым

Зеренділік Жаңаболат ақсақал немересі Мәлікті ертіп шалғайдағы Украина жерінде жерленген әкесі Зияда Әбілпейісовтің мәйітіне барып, құран оқып, аруағына тағзым етті.

Зеренді ауданындағы «Туражол» колхозының бригадирі Зияда Әбілпейісов 1941 жылдың қыркүйегінде Ұлы Отан соғысына аттанғанда артында көздері жаутаңдап жары Қалия мен жалғыз ұлы Жаңаболаты қалған еді. Жиырма тоғыз жастағы қазақ жауынгері 61-ші армияның 415-ші атқыштар дивизиясы сапында Украинаның Киев және Чернигов қаласы мен Днепр өзені үшін болған шайқасқа қатысты. Чернигов қаласынан 26 шақырым қашықтықтағы Черныш селосын жаудан азат ету шайқасында 24 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Солардың арасында біздің жерлесіміз Зияда Әбілпейісов те бар болатын. Үш тәулікке созылған қиян-кескі ұрыста қатардағы қазақ жауынгері ондаған жауды жер жастандырды. Сөйтіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Есімі Украинаны азат еткен қызыл әскерлер қатарына жазылды.

Өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың ортасында Черныш селосын неміс-фашистерден босатқан жауынгерлерге арналып еңселі ескерткіш орнатылды. Бүгінге дейін жергілікті орталық мектептің оқушылары оны күтіп ұстауда. Олар Украинаны жаудан тазартқан әрбір ұлт өкіліне құрметпен қарап, олардың рухын асқақтатуда. «Артында бар оңалар» дегендей, әкесі майданға аттанғанда бес жасында қалған жалғыз ұлы Жаңаболат бүгіндері 80 жастағы қазыналы қария. Анасы Қалия қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өзі де талаптанып жоғары білім алды. Жиырма жылдан астам Чкалов ауданындағы «Тихоокеан» кеңшарын басқарды. Арманы соғыста қаза тапқан әкесі Зияданың зиратына барып, дұға оқу еді. Тәубе, ол ойы да орындалды. Жанына немересі Мәлікті және журналист інісі мені ертіп, «Қайдасың, Украина?!», – деп сапарға шықты. Ұшақпен бірнеше сағат ұшып, Украина астанасы Киев қаласына келдік. Одан соң, жеңіл көлік жалдап, Жаңаболат ақсақалдың әкесі жерленген Чернигов облысының Черныш селосына жол тарттық. Айта кетуіміз керек, Чернигов қаласында Украина ұлттық телеарнасының филиалындағы әріптестеріміз бізге қол ұшын созды. Олар түсіру тобымен бірге Черныш селосына келді. Бауырластар ескерткішінің алдында алыстағы Қазақстаннан әкесінің зиратына зиярат етуге келген 80 жастағы Жаңаболат Зиядин мен оның немересі Мәліктен сұхбат алды. Қазақ халқының әкеге деген құрметі украиндық тележурналистерді қайран қалдырып, шабыттандыра түсті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, соғыс зардабын шеккен украин халқы өздерін азат еткен бауырлас халықтарға қашан да қарыздар. Оны Черныш селолық округінің басшысы Владимир Краснопильский былайша жеткізді: «Біз Украинаны фашистерден азат еткен Кеңес әскерлерінің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Оны ұрпағымызға әрқашан үлгі етіп отырамыз. Мәселен, біздің Черныш селосын неміс басқыншыларынан азат ету үшін кескілескен шайқас болды. Оған бірнеше ұлт өкілдерінің жауынгерлері қатысты. Солардың бірі – қазақ Зияда Әбілпейісов. Өкінішке орай, оның аты-жөні аздап қате жазылыпты. Оны міндетті түрде түзетеміз. Біздің достығымыз сол соғыс кезінен бері мәңгілікке жалғасып келеді». Украинаның Чернигов облысы, Черныш селосындағы мектеп музейі тағы бір мұрағатпен толыға түсті. Ерлікпен қаза тапқан әке зиратына арнайы келген 80 жастағы ақсақал Жаңаболат Зиядин қазақ шапанын сыйға тартты. Достықта шекара жоқ деген осы екен-ау! Кітапханашы Людмила Попиченко қазақ халқының тарихын терең біледі екен. Біздің ел жайлы ақтарыла әңгімеледі. Ол Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірі мен халықтарының татулығына қызыға да қызғана қарайтынын жасырмады. Өкінішке орай, Черниговтен таяқ тастам жердегі Донбастан артиллерия дүрсілі естіліп жатты. Украинада 2-3 күн болған біздер кіндік қанымыз тамған туған жеріміз – Қазақстанға тез жетуге асықтық. Ал, Украина жерінде Ұлы Отан соғысы майданында шейіт болған атамыз Зияда Әбілпейісовтің мәңгілік ескерткіші қала берді.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
тележурналист.
Көкшетау-Киев-Чернигов-Көкшетау.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс