Әкім есебі: тұрғындар тілегі – қызмет тірегі

ҚР Президенті  Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 15 тамызындағы №615 Жарлығына сәйкес  әр деңгейдегі әкімдер өздерінің жыл ішінде атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есеп беруде. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қаңтар айының 18, 19, 20, 22 жұлдызы Станционный, Красный Яр кенттерінде, қаланың  №14, №21, №13, №19, №6, №12 мектептерінде тұрғындармен кездесулер өткізді. Есепті кездесуде жоспарлы жұмыстардың жүйелі орындалуының барысына қоса, Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтылған негізгі тапсырмалар таныстырылып, талқыланды.

2 DSC_6590

Станционный кентіндегі тұрғындармен кездесуді ашқан қала әкімі Ермек Маржықпаев алдымен сөз кезегін осы кенттің әкімі Ардақ Тасқынбайға беріп, шағын ауданның тыныс-тіршілігі, кем-кетігі мен атқарылған істері, алдағы жоспарларымен жете танысуды жөн санады. А.Тасқынбай 2414 адам тұратын кенттегі 1231 тұрғынның жұмыс жасауға қабілетті, оның ішінде 1124 адамның тұрақты қызметі бар екендігін айтты. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда тұрғындар саны 40 адамға өскен. Мектеп жасындағы балалардың саны 438, мектепке дейінгі балалар 276. Зейнеткерлер мен мүгедектер 327, 7 адам жалғыз тұрады. 1 отбасы арнайы әлеуметтік көмек алған, 3 отбасы мемлекеттік балаларға арналған көмекке ие болған. 18 адамды құрайтын 9 отбасы  118, 6 мың теңгелік тұрмыстық көмек алса,  12 адамға 477,6 мың теңге бір реттік материалдық көмек берілген. Ардақ Тасқынбайұлы одан әрі кентте өткізілген мәдени-көпшілік шараларға, коммуналдық шаруашылық барысына, шағын кәсіпкерліктің дамуы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша орындалған шаруаларға тоқталды.

Мінберге көтерілген қала әкімі Е.Маржықпаев, ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған 10 атаулы тапсырманы межеге алып, жүргізілуге тиіс істер жөнінде айтып, Жолдау көтерген мәселелердің маңыздылығын жеткізіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған міндеттердің де күн тәртібінен түспейтінін, ол бағытта да мазмұнды жұмыстардың жүргізіле беретінін айтты.

Қала әкімі өткен жылғы осындай кездесуден кейін құрылып, тұрғындар тілегі тіркелген ұсыныстарды саралады.

– Тұрғындардың өткен жылғы кездесуде айтқан ұсыныс-тілектерінің бірқатары орындалды, кейбірі орындалу үстінде. Әртүрлі себептермен орындалмағандары әлі назарда болады. Айтқан бірде-бір ұсыныс, пікірлеріңіз ескерусіз қалмайды, – деді Е.Маржықпаев. Әкім жыл ішінде кентте 1 жасанды төсенішті спорт алаңы, 2 балалар ойын алаңы пайдалануға берілгенін, МЖД №21, Юбилейная көшесіндегі №25 үй аулаларын жасақтау басталғандығын, 719,0 мыңға көшелердің жарықтандырылғанын, 283,5 мың теңгеге  көшеттер отырғызылғанын, көше жолдарын жөндеуге де 1 млн. 250 мың теңге бөлінгенін, тағы басқа жұмыстарды тілге тиек етті.

Расында да, Станционный кенті соңғы уақытта кәдімгідей жаңғырып, көрер көзге көркейіп қалды. Оны тұрғындар бірауыздан мақұлдап, осындай ауқымды істерді атқарып келе жатқан қала басшылығына алғыстарын айтты.

Ал, кентке дәріхананың керектігі, ішкі жолдар жиегінен жаяу жүргіншілерге тротуар төсеу, шеткі көшелерді жарықтандыруды жалғастыру күн тәртібінен түскен жоқ. Ол мәселелер алдағы уақытта шешілетін болады.

2DSC_6611

* * *

Көкшетау қаласының әкімі Е.Маржықпаев Красный Ярдағы кездесуде де алдымен сол кент әкімі Н.Айсиннің баяндамасын тыңдап алуды жөн көрді. Сөйтіп, елді мекеннің дәл бүгінгі жағдайымен танысуға мүмкіндік туды. Бір кезде бір бүйірде бұйығы қалған бұл кенттің де соңғы жылдары жедел даму үстінде екені белгілі. Көп жыл күткен жаңа заман талабына сай бу қазандығы салынды, көше жолдары жаңғырды, жарықтандыру қолға алынды. Есік-терезелері үңірейіп, бос қалған көпқабатты үйлерге жан кірді. Ал, өткен жылғы есептен бергі уақытқа келер болсақ, 8 адам 597,0 теңгені құрайтын арнайы әлеуметтік көмек алған. Мемлекеттік балалар көмегіне 30 отбасы ие болған. Ол 1 176,5 мың теңге қаражат. «Өрлеу» жобасы бо-йынша 19 отбасы 2248,2 мың теңгені құрайтын қаражатпен қамтылған. Жұмыспен қамту орталығына Краснояр селолық округінен 139 адам хабарласса, оның 93 пайызы, 129 адам жұмысқа ораналасқан. 16 әлеуметтік қызметкер жасы ұлғайған, жалғыз тұратын 81 зейнеткерге көмектесуде. 56 кәсіпкерлік нысандары тұрғындарды азық-түлік, күнделікті қажет тауарлармен қамтамасыз етуде.

Тұрғындар тілегін, кент әкімінің ұсыныстарын тыңдаған қала әкімі Е.Маржықпаев Красный Яр селосының дамуына алға қарай да көңіл бөлініп, жоспарлы жұмыс-тардың жалғаса беретінін айтты.

* * *

№14 мектепте өткен кездесуде қала әкімі Е.Маржықпаевқа айтқан ұсыныс-тілектер ішінде негізінен көктем кезінде көптеген аялдамаларды су алып, жақындауға мүмкіндік болмайтыны, жол жиектеріне жаяу жүргіншілер тротуарының қажеттігі. Бұл бұрыннан келе жатқан проблемалар. Бірақ, тұрғындар мектеп ауласының қоршалуы, кентте монша салынып, спортзалдың ашылуына дән риза. Қолайлы монша қалтқысыз қызмет істеп келе жатыр. Көптеген жасөспірімдердің жаңа спортзалында спортпен шұғылдануының оң әсері тиіп, тәртіп бұзушылар саны күрт азайған.

Сондай жетістіктер үшін әкімшілікке тұрғындар алғысы шексіз.

* * *

Қала әкімі Ермек Маржықпаев №19 және №21 мектептерде тұрғындармен жүздесіп, олардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Шаһар басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, жоспарда тұрған басты шаруаларды тізбеледі. Көрікті Көкшетаудың келбетіне нұқсан келтірмей, баршамыз бірігіп оны жаңартуға, жандандыруға ат салысайық деді. Заңды бұзып, тәртіпке көнбегендердің саны өткен жылы 600-ден асқан. Оларға әкімшілік айыппұл салынып, тіпті қамауға алынғандары да бар. Жауапсыздық демекші, тұрғындардың жылуға қарызы 400 миллион теңгеге, суға қарызы 132 миллион теңгеге жеткен. Бірақ бұл мәселелердің «Жайлау» мөлтек ауданына еш қатысы жоқ екен. Бұл жердің тұрғындары жылу мен суға қарыз емес. Тұтынған коммуналдық қызметіне уақытында төлем жасайды.

Өткен жылы Ермек Боранбайұлы халық алдында есеп бергенде алға тартылған сауалдардың бірқатары шешімін тапқан. Соның бірі мектептің балалар өтетін жеріне кедергі жолағын салу болатын. Ол мәселе оңтайлы шешілген. Сондай-ақ, автобус жүретін жолдың оң қапталына жаяу жүргінші соқпағы да салынды. Бұл жолы ата-аналар білім ошағының алдында көлік тұрағы жоқтығын, мектептің кіреберіс есігін бүйір жағынан шығару қажеттігін айтты. Сонда балаларға да қауіпсіз болады, әрі көліктер жол үстінде қаңтарылып тұрмайды. Қала әкімі бұл мәселені қарастырып, шешімін әбден табуға болады деді. «Жайлау» мөлтек ауданының №60, 63, 72-ші үйлері ортақ кәріз желісіне қосылмаған. Бұл бірнеше жылдан бергі қордаланған жағдай. Шаһар басшысы оған жауапты мекеме жетекшілеріне жобалық-сметалық құжатын дайындап, бәрін есептеп, түйінді мәселенің орайын табуды талап етті. Тұрғындар сондай-ақ, қоқыс контейнерлерін орнату, кей көшелерді жарықтандыру, «Мерей» балабақшасына өтетін жерге жол кедергісін салу, қаңғыбас иттерді аулау сияқты сауалдарын жолдады.

Зеренді саяжайларында тұратын 90 отбасы атынан сөз алған Майра Хамзина балаларды №21 мектепке әкелетін арнайы автобус бөлінгеніне ризашылығын білдірді.

Қала әкімі №19 мектепте жергілікті аумақ тұрғындарымен жүздесіп, олардың да сұрақтарына жауап берді. «Центральный» мөлтек ауданы 43-ші үйде көпбалалы ана бесінші қабатта тұрады. Бірнеше жылдан бері үйінің төбесінен су ағады. Көмек сұрап бармаған жері жоқ. Бірақ әлі шешімін табар емес. Қала әкімі көпбалалы анаға тиісті құжаттарын реттеп, прокуратураға жазуға қолғабыс етуге уәдесін берді.

«Васильковка» мөлтек ауданы 10-шы үй тұрғыны хоккей кортына су құю және ол маңды қардан тазарту қажеттігін алға тартты. Бірақ шаһар басшысына тұрғындардың немқұрайлылығы ұнамады. Көкшетауда жалпы 225 аула бар. Олардың бәрін бақылап, реттеп, бар мәселесін шешу мүмкін емес. Тұрғындар өз балалары үшін өздері әрекет етуі тиіс. Алақан жайып отыра беруге болмайды. Мысалы, өз ауласында қардан тау тұрғызып,  өздері су құйып, балаларына сырғанақ жасап бергендер бар. Сондай белсенді тұрғындардан үлгі алу керек.

Облыстық мәслихат депутаты Әлібек Баймағамбетов қала әкіміне және оның командасына атқарып жатқан істері үшін алғысын білдірді. Көп мәселелерді өз қаржысына шешуге тырысып жатқаны да құптарлық. Ал, жаңа жылда Көкшетау қаласында жаңа үш көпір салынады. Наурызбай батыр көшесі күрделі жөндеуден өтеді. 17 ойын, 7 спорт алаңы салынады. Өткен жылдан қалған 12 үй салынып, оған қосымша 15 тұрғын үй бой көтереді. Қылшақты өзені аумағындағы 72 гектар жердің детальды жоспары жасалады. Осылайша қаланы дамыту, көркейту, көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады.

№13 мектеп-гимназиясында тұрғындар алдында есеп берген Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев өз баяндамасында тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыспен қамту, коммуналдық шаруашылық мәселелерін сөз етті.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде Гүлсім есімді қала тұрғыны адамдар көп жүретін көшелерге жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары қалыпқа келтіріліп, Мир көшесі бойындағы қураған ағаштар кесілсе деген өтініш білдірді. Қала басшысы өткен жылы 52 көше жолдарына жөндеу жүргізілгенін, облыс орталығындағы 300 көшенің барлығын бір күнде қалыпқа келтіру мүмкін еместігін, барлығы арнайы смета бойынша жүзеге асырылатындығын жеткізді.

«Қалада қырық жылдан бері тұрамын. Соңғы жылдары қаланың жаңарып келе жатқанын байқамау мүмкін емес. Қаншама тұрғын үйлер, сәулетті ғимараттар бой көтерді. Алайда, қалаға кіреберісте Уәлиханов көшесінің сол жағындағы жер үйлер қала көркін кетіріп тұр. Қаланың бас жоспары бойынша өзгерістер күтілуде ме?» – деген Александр Александрович есімді қала тұрғынының сауалына қала басшысы былайша жауап берді: – Бұған дейін Қопа көлінің маңындағы бірнеше жер үйлердің орнына көпқабатты зәулім үйлер салынғанын білесіздер. Алдағы уақытта бұл жер үйлер де сүріліп, орнына жаңа үйлер мен ғимараттар салынатын болады. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған екі қабатты үйлер де сүрілетін болады. Кездесу барысында Бейбітшілік шағын ауданының тұрғындары былтыр Қажымұқан көшесіне дейінгі жолдың ғана жөнделгенін, шеткі көшелердің күн ерігенде лай-батпаққа айналып, балалардың мектепке барып-келуі қиындайтынын жеткізді. Қала басшысы жобалық-сметалық құжат жасалған соң шеткі көше жолдары тегістелетініне уәде берді. Тұрғындардың бірі қоғамдық көліктерден бөлінетін қалдықтардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан залалы туралы сөз қозғады. Қала басшысы: – Жасырары жоқ, қаладағы автобустардың дені ескірген. Былтыр №10, 1, 16 бағыт бойынша жүретін метанмен жүретін жаңа автобустар тестілеуден өтті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл 50 автобус сатып алынады деп жоспарлап отырмыз, – деді.

* * *

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың тұрғындармен есепті кездесуі №1 орта мектепте өтті.

Кездесу барысында округ тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сұрақтарына жауап алды. Көпшілікті алаңдатқан сауалдардың бірі баспана мәселесі болды. Пәтерге қол жеткізе алмай жүрген Ұлжан есімді қала тұрғынының өтінішіне қала әкімі: «Баспана мәселесі заң аясында ғана шешіледі. Тұрғын үйлер салынып жатқанымен, пәтер кезегі азаяр емес. Негізі, жылдап кезек күткенше, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, КИК, «Бәйтерек» бойынша жинақ ашқан тиімді», – деп жауап берді. Кездесуде тұрғындар көше мәдениеті жайлы да мәселе қозғады. – Бұл күнде ұсақ құқықбұзушылық қоғамда күрделі мәселеге айналып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын қалада эстетикалық талғамға сай 30 шақты шыны аялдамалар орнаттық. Алайда, біреулер бірін қалдырмай сындырып кетті. Егілген гүлдер де жоқ боп кетеді. Парктердегі орындықтар да жиі ұрланады. Мұнымен күресу полицияның немесе әкімнің ғана міндеті емес, бәріміз жұмыла күш біріктіретін – баршаның ісі. Көшедегі келеңсіз көріністермен бәріміз бірігіп күрессек қана құқық бұзушылықтың алдын аламыз, – деді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Кездесуде соңғы жылдары қаламызда болып жатқан оңды өзгерістер де тұрғындар назарынан тыс қалған жоқ. Ардагер ұстаз Салтанат Хамитова: – Қала келбеті жыл санап көркейіп келеді. Осы орайда қала басшылығымен қыруар жұмыс атқарылғанына куә болдық. Осыдан алты жыл бұрын балаларымызды қараңғы көшемен мектепке жіберу қиындық туғызатын. Қазір айнала жап-жарық, жуырда округте полиция пункті ашылды. Ең бастысы, биыл аулаішілік жолдарымыз асфальтталып, балалар ойын алаңдары қалыпқа келтірілді, – деп алғысын білдірді. Сондай-ақ, музыкалық мектептің материалдық базасын нығайту үшін қаражат бөлінгендігі үшін ұстаздар тарапынан да алғыс айтылды. Кездесу соңында жиналған тұрғындар қала басшысына болашақта атқарар жұмыстарына жеміс тілеп тарқасты.

* * *

Тұрғындармен кездесу осы аптаның дүйсенбісі №6 және №12 мектептерінде болып өтті. Бұл кездесулерде де қала әкімі
Е. Маржықпаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы тапсырмаларын таныстырып, қаланың есепті мерзім ішіндегі экономикалық және әлеуметтік дамуы жөнінде хабарлама жасады. Негізінен тұрғындар қала басшылығына жөнделген жолдар, салынған аллея, балалардың ойын, спорт алаңдары үшін алғыстарын жеткізді. Әкім жасалып жатқан осындай жұмыстардың алдағы уақытта жоспарлы түрде жалғасын табатынын айтып, құжаттары өлшеніп-пішілген бірқатар нысандарды атады. Су, жылу желілерінің тозығы жеткендігіне қарамастан қырық градусқа таяп тұрған қатты аязда жылу берудің талапқа сай болатынын айтып, дегенмен сақтық шараларын мұқият сақтауға шақырды.

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий