Әлемдік өркениетке ілесу – заман талабы

Ақмола облысына арнайы сапармен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев облыс орталығындағы бірқатар білім ордаларында болып,  бизнес қауымдастық өкілдерімен партиялық жобалар жайын талқылады. Мәулен Әшімбаев алдымен М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясына ат басын бұрды. Мұнда партияның балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныптар ашу жобасы бойынша арнайы сынып жұмыс істейді. Сол арқылы оқушылар «Pascal», «Java»,«PhP»,«Delph» сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мүмкіндік алып отыр.

Мәулен Әшімбаев А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде ашылған ІТ-орталықтың да жұмысымен танысты. Бұл орталық партияның ІТ-мамандар даярлау жобасы аясында ашылып отыр. Мұнда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жергілікті азаматтар бағдарламалау негіздері бойынша білім алады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен басқосуда тараптар өңірдің бас жоспары енгізілген интерактивті карта даяр-лау бастамасын талқылады. Бұл карта арқылы ақмолалық кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, бос жер телімдері туралы толық мәліметтер алатын болады. Сол арқылы кәсіпкерге өз ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік тумақ. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханаға арнайы келді. Бүгінде бұл нысанда коворкинг орталығы ашылып, келушілердің кітап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Мұнда топпен немесе жеке жұмыс істеуге арнайы орындар қарастырылған, тегін Wi-Fi орнатылып, қажетті техникамен жабдықталған. Сондай-ақ, «Мобильді кітапхана» интерактивті оқу залы жұмыс істейді. Ал, «Рухани қазына» жобасы аясында 94 әлеуметтік-мәдени және инфрақұрылымдық кіші жоба қолға алынған. Өткен 2017 жылы кітапхана тарапынан жалпы сомасы 298 миллион теңгені құрайтын 42 жоба сәтті жүзеге асырылғанын да атап өткен жөн. Одан бөлек, ауылдық кітапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кітапхана – білім мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс істейді. Бүгінде бұл кітапхананың кітап қорында 361 036 кітап бар. Оның ішінде
122 215 кітап цифрландырылған. Сапар соңында Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық активімен кездесіп, партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін жан-жақты талқылады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий