Әлемді елжіреткен әз-Наурыз!

Үстіміздегі айдың жиырма бірінші жұлдызы Көкшетау қаласында Наурызға арналған ауқымды мерекелік шара өтіп, оған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

DSC_1469Наурыз мейрамын кең көсіліп, еркін есіліп, жадырап қарсы алуға биыл Табиғат-Ананың өзі ыңғай беріп, пейіл танытқандай. Әйтпесе, біз жайлаған еліміздің солтүстік өңірінде күн рай бере қоймайтын. Аязды арқаның ызғары қайтып, қары кетіп, жері кеуіп үлгермейтін де, мерекелік шаралар кең құлаш жая алмайтындай еді. Биыл, қар кетіп, ызғар қайтып, күн нұрын төгіп, мерекенің арқа-жарқа, көңілді өтуіне жол ашылды. Көкшетаудың Тәуелсіздік алаңы, орталық бағы, Абылай хан алаңы түгел мерекелік бағдарламалармен қамтылған. Күй төгіліп, бишілер мың бұралып, айнала қызылды-жасылды алуан гүлдер, жалаушалар, шарлармен безеніп, ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан-қазан палау, наурыз көже, кәуаптардың буы бұрқырап, той салтанаты қыза түскен. Ортаға ат үстінде ақ сақалды, ақ пейілді, Қызыр баба шығып, ақ батасын төгіп, одан әрі қаумалаған қалың қонаққа наурыз көже, бүрін жарып, ырысын ұсынып, символикалық көрініске жалғасып қауызын ашқан алып гүлден төгілген алма, ақ орамдағы ақ құрттан дәм, ертеңгі күнге деген сенім ұшқынындай шағын құтыдағы көшеттегі гүл өскіндері ұсынылды. Оны жақсы ырымға балаған көпшілік дәмнен ауыз тиіп, көшеттерге қуана қол созды.
Одан әрі салтанатты сахна төріне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев көтерілді. Ол жиналған жұртты халқымыз жыл басы санаған көне де көрнекті мереке – Наурыз мерекесімен құттықтап, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның сәулет құрып, дамуына, әлемге танылуына, ел экономикасының алға басып, халықтың әл-ауқатының артуына қосқан өлшеусіз үлесі, сіңірген еңбегін атап өтті. Оның ел Президенті лауазымынан өз еркімен отставкаға кетуін де ел дамуының қамы ретінде бағалады. Облыс әкімі алдыңғы күні ғана облыстық мәслихат депутаттары, ел ақсақалдары, құрылған жұмыс тобымен ақылдаса отырып, Көкшетаудың орталық көшелерінің бірі Максим Горький көшесін Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауға шешім шығарғанын жеткізді.
Осы тұста алаңға шығарылған ақ боз атқа өз тұрғыластарының арман-мақсат, аманатын арқалаған жас ұланды мінгізу рәсімі орындалды. Оған өңір басшысы Ермек Маржықпаев ізгі тілегін айтып, атқа отырғызды.
Облыс әкімі алаңға қаз-қатар тігілген қонақжай киіз үйлерге бас сұғып, басқа да сән-салтанаты жарасқан көріністер, ұлттық дәм, ұлттық бұйымдар қойылған сөрелерді аралап көрді.
Облыс өнерпаздары сахнадан алма-кезек ән мен күй төгіп, аспан-көкті күмбірлетсе, Абылай хан, Тәуелсіздік алаңдарында қазақ күресі, қол күрестіру, тоғызқұмалақ, дойбы, асық ату, қойды иығына салып отырып-тұру, кір көтеру, аударыспақ сияқты сан-салалы спорт түрлерінен жарыс қызып жатты. Нұрын төккен шуақты күн астында ақ дәм ұсынған көшпелі ас үйлер, кәуап, палауын, наурыз көжесі мен шәйін алға тартқан аспаздар көп. Салынған ән, төгілген күй, осынау молшылық көңілін көкке көтерген жұрт ойын-сауықты талмай тамашалады.
Наурыз тойына арналған шаралар тек қос алаңда ғана емес, «Бурабай» спорт кешенінде, «Оқжетпес» балалар мен жасөспірімдер мектебінде, №6, №2, №3, №21, №22 мектептерінде, «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы IT-мектебінде, «Хоум Кредит Банк» АҚ, Станционный кенті, Орталық мешіт, КТИ алаңдары, тағы басқа жерлерде көңілді аталып өтілді.

С.Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий