Әлем – балғындар көзімен!

Балалардан құралған бірнеше барабаншылар отряды, үрмелі оркестрлер мен ансамбльдер, би ұжымдары салтанатты шарада жүріп өтті.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыс басшысының атынан еліміздің ертеңі – балаларға мықты денсаулық, табыс тіледі. «Бүгінгі күні өңірімізде 200 мыңнан астам бала бар. Балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты сапалы білім мен тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Өңірде 615 мектепке дейінгі білім мекемесі жұмыс істейді. Оған 40 мыңнан астам бала барып жүр. Орта біліммен 120 мыңнан астам бала қамтылған», – деді ол құттықтау сөзінде.
Шерудің ең кішкентай қатысушылары – түрлі костюмге жасанған балдырғандар қатары шараны көрікті ете түсті. Ролик таққан балалар мен велосипед мінген балдырғандардың қуанышты жүздері, қолдарында ойыншықтары бар балақандардың шат күлкісі мерекені шырайландырды. Балалардың көңілдерін көтеріп, қала тұрғындарына арналған ауқымы кең шеруге студенттер, мұғалімдер, колледждер мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, ата-аналар мен мәдениет және спорт салаларының өкілдері де ат-салысты.
Әр білім ошағының балалары жүріп өткен кезде сол мектептің жетістіктері айтылды. Бұл жас буынның бойында мақтаныш сезімін тудырып, олардың отансүйгіштік рухын оятары сөзсіз. Қызықты репертуар, музыкалық инструменттердің әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі музыкалық-театрландырылған шеру мерекелік қалып тудырып, әсерлі тыныс берді.
Мерекелік шара қаланың орталық саябағында жалғасын тапты. Онда балаларға арналған түрлі байқаулар мен театрландырылған көріністер, балалар ұжымының мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Ата-анасының жанында алаңсыз жүрген балалар алаңдағы қызықты бағдарламаларды тамашалап, әткеншектерге мініп, тәтті-дәмділерден дәм татты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий