Әлем таныған қайраткер

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Көкшетау» мәдениет сарайында «Елбасы – елімнің тірегі» атты салтанатты жиын өтті. Оның ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы «Қазақтың ұлы тұлғасы» бейнефильмі назарға ұсынылды. Сарайдың фойесінде ашылған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан!» көрмесінде еліміздің және оның ішінде біздің облыстың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Жиында сөз алған облыс әкімі Сергей Кулагин Ұлт Көшбасшысының егемен елдің іргесін бекітіп, шекарасын нығайтып, әлем мойындаған мемлекетке айналуына сіңірген еңбегі жайлы баяндады. Шара барысында Елбасының идеяларын табысты жүзеге асыруға үлес қосқан бірқатар ақмолалыққа облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Кез келген мемлекеттің дәрежесі оның Көшбасшысымен байланысты болады. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсімі, халықаралық ұйымдардағы қызметі және әлемдік масштабтағы беделі ең алдымен ел Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының халық пен мемлекет алдындағы осы еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты 2011 жылдың 10 желтоқсанындағы отырысында 1-ші желтоқсанды мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні деп жариялау туралы Заңды қабылдаған болатын. Бұл атаулы күннің тағы бір маңызы – 1991 жылдың 1 желтоқсанында жас және тәуелсіз ел Президентінің тұңғыш сайлауының өткізілуі. Бұл саяси додада Елбасы 98,78 пайыз дауыс жинады. Бұл халықтың сенімі мен жауапкершілігінің көрінісі болатын. Қиын геосаяси жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев аяғынан енді ғана тұрған жас мемлекетті дамыту жауапкершілігін өз қолына алды. Еліміз күрделі де қиын жолдан өтті. Аз ғана уақыттың ішінде жүз жылдықтарға пара-
пар белестерді бағындырды. Елімізде маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Өзіміздің Ата Заңымыз қабылданып, Елтаңбамыз айшықталып, Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Қазақ даласының шекарасы бекіп, көршілес мемлекеттермен байланыс нығая түсті. «Қазақстан-2050», «100 нақты қадам» Ұлт жоспарлары еліміздің одан әрі бекемдене түсуіне ықпал етті. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде біздің еліміз Doing Business әлемдік банкінің әлемдік рейтингісінде 35-ші орынға тұрақтады. Бұл Түркия, Ресей, Бельгия, Италия, Греция сияқты елдердің ішінен бизнес жасауға қолайлы ел ретінде озық шықты деген сөз. Әлемдік сауда ұйымына мүше болуымыз да біздің елімізді сауда-экономикалық әріптес ретінде танылғанының белгісі. Еліміздің соңғы 25 жылда халықаралық беделі өсіп, өзге елдер үшін стратегиялық сенімді әріптеске айналды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Евроодақ, Халықаралық Валюта қоры, МАГАТЭ, ЮНЕСКО-ға мүше, сондай-ақ, Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Шенген ынтымақтастық ұйымына мүше болу арқылы елімізде бейбітшілікті сақтау жолында келеді. Қазақ елі ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тартқан ел. Халықаралық қатынастарды нығайту мақсатында және еліміздегі тұрақтылықтың кепілі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы құрылып, 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындалып, «Нұрлы жол», «Болашақ», «Мәдени мұра» бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылып келеміз. Осының бәрі Елбасының көреген саясатының арқасында дей келе, облыс әкімі барша ақмолалықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Елбасының саясатын қолдап, болашақтағы бақытты елдің іргесін бірге қалап, бірге бекітуге шақырды. Салтанатты шара барысында түрлі сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы жиынның нүктесін қойды.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс