Әлеуетімізді әлемге әйгілейді

2014 жылғы 24 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының сол жағалауындағы 174 гектар ақселеулі аймаққа салтанатты түрде капсул салып, «ЭКСПО-2017» көрме қалашығы құрылысының тұсауын кескен болатын. Содан бері бұл аймақ «ғасыр құрылысы» алаңына айналды. Жақында ел аймақтарындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін көрме кешеніне баспасөз туры ұйымдастырылды. Қатысушылар халықаралық және тақырыптық павильонның қалай салынып жатқанын көріп қайтты. Шара аясында өткен брифингте ұлттық компанияның өкілдері журналистерге көрменің басты нысандары, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндап берді.

«ЭКСПО» – бүкіләлемдік бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме. Ең алғаш 1851 жылы Ұлыбританияда өткен. Содан бері қарай бұл көрме алпыс бес рет өткізілген. Елімізде «ЭКСПО-2017» 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекте аяқталады. Астанадағы көрме «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен өтеді. Қазіргі таңда 106 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатындығын растады. Ұйымдастырушылар әлемнің әр түкпірінен 5 миллионға жуық адамның келетіндігіне болжам жасап отыр. Бүгінде 25 гектар құрылыс алаңына шоғырланған «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі нысандары жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта барлық жұмыстардың 95 пайызы орындалған. Жалпы алғанда осы уақыт аралығында көрме қалашығына қарасты құрылыс алаңдарына 50 мың адам жұмылдырылған.

«ЭКСПО-Сити» қалашығы

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов аймақ журналистерімен өткізген баспасөз-мәслихатында қазан айының соңында көрменің алғашқы нысандары тапсырылғанын жеткізді. Ұйымдастырушылар бірінші болып бес елге тиесілі павильонды аяқтапты. Яғни, Қытай, Франция, Германия, Түркия мен Венгрия халықаралық көрме өтетін аумақтағы жеке нысандарын қазірден бастап безендіре алады. Павильондардан бөлек, «ЭКСПО» қалашығы да дайын. Сондай-ақ, көрменің кеңсесі мен энергия зерттеу орталығының құрылысы да аяқталу қарсаңында. Ал, Қазақстанға тиесілі «Шар» іспеттес нысан жыл соңына дейін аяқталмақ. Астананың іргесінде салынып жатқан «ЭКСПО-
Сити» көрме қалашығында павильондар, қонақ үйлерден басқа, тұрғын үйлер, тамақтану орталықтары, дүкендер, басқа да тұрмыстық нысандар болмақ. Мұндағы тұрғын үйлерді болашақтың ғимараты деу-ге болады. Көшелері түзу, ғимараттардың өлшемі белгілі бір зерттеулерге сәйкес есептелген. Мұның бәрі тұтынатын энергия-ны тиімді пайдалану арқылы онда тұратын адамдардың неғұрлым жайлы тұрмыс кешуі үшін лайықталған. Ендеше, «жасыл экономиканың» жүзеге асатын жері, баламалы қуат көздерінің кең қолданысқа енетін аймағы, таза технологиялардың тұрмысқа дендей енетін территориясы осы – ЭКСПО-Сити қалашығы болмақ. Қалашықтағы ғимараттар ғана емес, оған қатынайтын қоғамдық көлік түрлері де жаңа сипатта болады. Жеңіл рельсті трамвайлар, электромобильдер қалашықтың ауасының тазалығын сақтап, табиғаттың тұмса болмысын аялауға екпін береді.

Туристік маршруттар

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең жаңа, заманауи технологиялар көрмеге қойылып қана қоймай, олардың жұмыс істеу принциптері көрсетіледі. Сол арқылы біз жаңа технологияларды көріп, әлемдегі озық технологиялар мен техниканың қай бағытта, қалай дамып бара жатқанына куә боламыз, өз еліміз бен дамыған елдердің арасындағы технологиялық прогрестің айырмашылығын бағалай аламыз. Үш айлық науқан барысында Қазақстанға қызмет көрсету саласын сыннан өткізіп, тәжірибе жинақтап алуға, сол арқылы тәжірибені жетілдіруге мүмкіндік туады. Осы қысқа мерзімде еліміздегі жеке кәсіп саласы, қонақ үй, тамақтану сияқты қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер пайдаға кенеледі. Көрмеге келетін қонақтар тек Астана қаласымен шектелмей, Алматы қаласы мен Бурабайдың көрікті жерлеріне атбасын бұрары сөзсіз. Кейін Қазақстанның жарнамасын жасайды, бұл туризм саласы үшін маңызды рөл атқарады. Шара үш ай бойы өтетіндіктен, шетелден келген қонақтарға жол бастау, аудармашы болу сияқты міндетті атқаратын шет тілін білетін және үйреніп жүрген жастарға үлкен тәжірибе. Қонақтарды күтіп алатын орындарды дайындау да жан-жақты қарастырылған. Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы отандық туроператорлармен бірлесе отырып, мазмұны жағынан маңызды әрі мейлінше қызықты 70 экскурсия маршрутын әзірледі. Демек, көрмеге келген әрбір турист астанамыздың көрікті жерлерімен танысып қана қоймай, Қазақстанның тарихи және мәдени нысандарын көру мүмкіндігіне ие болады. «Экспо-
2017» көрмесі қарсаңында мейрамханалар мен қонақүйлерде және қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары күшейтіледі. Осылайша, келген қонақтар мен жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.
Жеті қабатты алып шар

Көрме аумағындағы алып шар тәрізді ғимарат 7 қабаттан тұрады. Әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналады. Ал, сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы-2050» экспозициясына арнайы бөлінген. Аталмыш сфераның төменгі табанындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон болады. «Мұндай үлкен диаметрлі шар әлемде алғаш рет салынып жатыр, бұл көрме аяқталғаннан кейін «Болашақ» мұражайы болады. Орталық павильонның шатырында бүкіл ғимаратты энергиямен қамтамасыз ететін арнайы жел генераторлары орнатылады», – дейді компания өкілі Ә.Пірметов. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты аймаққа бөлінеді. Көрмеге отандық ғалымдардың үздік жобаларын, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамаларын, «Жасыл экономиканың» республика аймақтарында жемісті жүзеге асырылған жобаларын қою көзделген. Қатысушыларға атақты әртістер мен басқа да мәдениет өкілдері өнер көрсетпек. Мұндай жағдайда іс-шаралардың түрі мен ауқымына байланысты олар «Амфитеатр», «Энергия» холы, «Конгресс» немесе «Өнерлер» орталығында өтеді.

Этноауылдар қайта
жанданады

Көрмені ұйымдастыру барысында туризмнің сан саласын дамыту көзделіп отыр. Мысалы, экотуризм, мәдени туризм, арт-фестивальдар ұйымдастырылады. Шара аясында Алматы, Көкшетау және Қарағанды қалаларына да туристерді шақыру, орналастыру, түрлі таңғажайыптар ұсыну – Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктер болмақ. Мысалы, Байқоңыр қалашығы мен ғарыш айлағын «ЭКСПО» туристерін шақыратын маңызды нысанға айналдыру жоспарланған. Туристеріне ұсынылатын ғажайыптардың бірі – Бурабай курортты аймағы болмақ. Ондағы су қоймалары тазартылып, арнайы туристік қалашықтар салынады. Астанадағы туристердің бір мезгілде шамадан тыс шоғырлануы да қиындық туғызуы мүмкін. Туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі – Қорғалжын қорығы. Туристер бұл жерде мұрты бұзылмаған табиғат тынысымен қауыша алады. Осы орайда, Ақмола облысында жоспарланған этноауылдар салу жобасы бекітілген. Елордадан 30-50 шақырым қашықтықта орналасатын ауылдар экологиялық таза технологияларды пайдаланатын болады. Осылайша, қазақ ауылы ХХІ ғасырда қайта жанданып, замана тынысымен жаңаша тұрмыс кешпек.

Өнертапқыштық тың ұсыныстар

Көрменің басты тақырыбына қатысты жұмыс авторларының бірі атыраулық өнертапқыш Ержан Нұридденов «Саманея» инновациялық зерттемесін ұсынбақ. Автор өзі ұсынып отырған «Күн ағашы» жобасы жаяужолдар, тіпті жақын маңдағы үйлерді жылытып, жарықтандыра алатынына сенімді. Сонымен қатар, құрылғы ауа температурасы мен ылғалдылығын, желдің жылдамдығын өлшейтін тетіктермен жабдықталған. Қалалықтар бұл құрылғы арқылы гаджеттерінің аккумуляторларын зарядтап, Wi-Fi жүйесіне қосыла алады. Ал, қазақстандық өнертапқыш Бақытжан Әлменов ағынсыз, яғни тұйық су көзін пайдалану арқылы арзан электр энергиясын алудың жолын ойлап тапқан. Инновациялық бұл жобаға патент алынып, халықаралық сараптамадан да өткен. Автордың пікірінше, оның экономикалық жағынан тиімді әрі экологиялық таза өнертабысы зиянды қалдық шығармайды, отын да, қаржы да шығындамайды. Энергияның баламалы көзін алудың тың тәсілін Бақытжан Әлменов те Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмеге ұсынбақ. Алмат Салғарин экологиялық таза әрі үнемді «Тәңір оты» пешін ойлап тапты. Ол қарапайым пештерге қарағанда отынды үш есе аз жұмсайды, тіпті үлкен бір жер үйді жылытуға да қауқарлы. Оны тұтынған адамға көмірден улану қаупі жоқ. Себебі отты жаққан уақытта мұржадан түтін де шықпайды екен. Өнертапқыш халықарлық көрмеге қатысуға құлық танытып отыр. Келген туристердің Қазақстаннан ұлттық кәдесыйлар ала кетуі үшін бүгінде еліміздің әр аймақтарында, жер-жерлерде қолөнер шеберлері кәдесыйлар әзірлеумен айналысып жатыр.

Әсем ЖҮНІС,
«Көкшетау» газетінің арнаулы тілшісі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс