Әлеуметтік мәселе ұдайы назарымызда

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен Қоғамдық келісім үйінде өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының биылғы жылдың 8 айындағы жұмыс қорытындысын саралауға арналған алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске емдеу, білім беру ұйымдары мен ведомстволардың басшылары, журналистер қатысты.

Облыстық білім басқармасының жетекшісі Балым Ізбасарованың айтуына қарағанда, соңғы уақытта өңірде мектепке дейінгі білім беру мекемелері 18 жаңа балабақшамен толыққан. Жыл аяғына дейін қосымша 4 нысан ашылады деп күтілуде. Десек те, Көкшетау қаласы мен Целиноград, Бурабай аудандарында балабақшаға бүлдіршіндердің кезегі азаймай тұр. Жергілікті билік оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы мен балалардың мектептер мен интернаттарға қатынауы мәселесін бақылауда ұстауы тиіс. Жаңа оқу жылы басталғанымен, білім беру мекемелерін жөндеуге бағытталған республикалық бюджеттің 2 миллиард теңгесі игерілмеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Гүлнар Құлышева өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқандығын тілге тиек етті. Қол жеткізген жетістіктерді сөз етер болсақ, өңірде қан айналымы аурулары азайған. Биыл облыс бойынша ана өлімі тіркелген жоқ. Алайда, соңғы мәліметтерге жүгінсек, туберкулездің асқынған түрімен ауыратын 10 науқас анықталып отыр. Медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биыл жоспар бойынша 100 түлек медициналық оқу орнында оқиды деп жоспарланғанымен, 96 бала құжат тапсырған. Облыстық мәдениет басқармасының жетекшісі Сәуле Бөрібаева ауылдардағы мәдениет ошақтары мен кітапхана жұмысын жандандыру мәселесін көтерді. Шалғайдағы елді мекендердегі мәдениет мекемелерін компьютерлендіру аса маңызды болып тұр. Дидактикалық материалдар, түрлі шаралардың сценарийлеріне қол жеткізу үшін міндетті түрде ғаламторға қосылу, сондай-ақ, модельді кітапханалар санын да арттыру қажет. Ауданның мәдениет мекемелері толыққанды жұмыс атқарып тұр деп айтуға әлі ертерек. Селолық жерлердегі мәдениет мекемелерінің бүгінгі жай-күйі айрықша көңіл бөлетін мәселеге айналып отыр. Өңірдің 50-ден аса елді мекенінде мәдениет үйі атымен жоқ. 15 мәдени нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Осы тұста облыс әкімінің орынбасары Н.Нұркенов шалғай елді мекендердегі өзі куә болған келеңсіздіктерге қынжылыс білдірді. Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндаған облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Айна Мысырәлімова алдымен өңірде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай өткізілетін шаралардың саны мен сапасына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, облыста қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған шаралар жүргізіліп келе жатқанын айта келіп, жастар саясаты, діни ұйымдармен жұмыс мәселелеріне тоқталды. Сарапшылардың зерттеуі бойынша жат ағымның жетегінде кеткендердің дені жұмыссыз, оның ішінде басым бөлігі жастар. Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының жетекшісі Ринат Галлямов жұмыссыздықтың халықтың кейбір топтарын кедейленуге ғана емес, сонымен қатар рухани құлдырауға алып келетіндігіне қатты алаңдаушылық білдірді. Мәжілісте өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыру барысы, басқа да әлеуметтік маңызы зор мәселелер қаралды. Мәжіліс жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Жалпы, аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Дегенмен, мәселе толық шешілді деуге тағы болмайды. Дәстүрлі дін мен теріс діни ағым арасындағы айырмашылықтар және шектен шығушылықтың неге әкеліп соқтыратынын жастардың санасына сіңіруіміз қажет, – деді.

Әсем Жүніс

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс