Әлеуметтік сала – мемлекет әлеуетінің көрсеткіші

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері Ақмола облысындағы жұмыс сапары барысында өңір тұрғындарымен кездесті. Үкімет мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру, аз қамтылған азаматтар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша жүзеге асырылатын жобаларды түсіндірді.

DSC_1692«Бұған дейін еліміздің батыс өңірлерінде болып, ел тұрғындарының жағдайымен таныстық. Жұмыс тобының мақсаты – жергілікті жерлерде қандай проблемалар бар, соны анықтау, халықпен пікір алмасу», – деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова. Оның айтуынша, әлеуметтік сала, үймен қамту бойынша басты жобалар үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Елімізде атаулы әлеуметтік көмек жағдайы ең төмен отбасыларға ғана төленеді. Медицина, білім сапасын арттыру – басым бағыттар. Баспана бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, өзге өңірлер тәжірибесі де үлгі болуға тиіс екенін атап өтті Вице-Премьер. Еліміз бо-йынша 830 мың адамға бұл көмек түрі тағайындалады. Соның ішінде 17651 ақмолалық АӘК-пен қамтылады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың механизмін халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігін алға тартты: – Құжатты сәуірдің аяғында өткізсе де азаматтар атаулы әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алады. Әрі бұл көмек түрі ең мұқтаж жандарға ғана төленеді.
DSC_1705Министр көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдетілген несие туралы да түсіндіріп өтті: – «Атамекен» ҰКП бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізді. Ауылдық жерлерде тұратын көпбалалы отбасыларға өз кәсіптерін ашу үшін 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріледі. Үйлерінде мүгедек бала асырап отырған жандарға өз кәсібін ашуға көмектесу керек. Олар қысқа мерзім ішінде тігінші, аспаз, т.б. сұранысқа ие мамандықтарға оқытылады.
Министр Бердібек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға кәсіпкерлерді де тарту керектігін алға тартты. Жергілікті жерлерде баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жандарға кәсіпкерлер тарапынан пәтер алуға, оны жөндеуге көмек көрсетілуі тиіс екенін айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алғашқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселесін атап өтті. Негізгі проблемалардың бірі – кадрлар тапшылығы. Мемлекеттік грант бойынша оқыған барлық медицина қызметкерлері үш жыл бойы нақты медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге міндетті болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің жалақысы төмен қызметкерлерінің еңбекақысын 30%-ға арттыру жоспарлануда.
«Бұл еліміздің барлық ауыл тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Елжан Біртанов. Мысалы, ескіргендердің орнына жаңа нысандар салу Ақмола облысында қарастырылған. «Қосымша 4 нысан қарастырылған. Бұл үшін 120 млрд теңге мемлекеттік, сондай-ақ, жеке инвестициялар бағытталады», – деп түйіндеді министр.
Кездесу аясында Ақмола облысының тұрғындары Денсаулық сақтау министріне, дәрі-дәрмекке баға белгілеу, жаңа дәрілік заттарды тіркеу, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы сұрақтар қойды.
Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету және цифрлық қызмет көрсету орталықтарында болып, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасымен және өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақмола облысы бойынша филиал директоры Бахытжан Ақанның айтуынша, аймақта 25 фронт-офис, оның ішінде мамандандырылған бөлім мен көші-қон қызметтерін көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері филиал 180 мың мемлекеттік қызмет көрсетті.
Цифрлы қызмет көрсету орталығында Премьер-Министрдің орынбасарына Digital ХҚО-ның жұмысы баяндалды. Онда азаматтар өз бетінше «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы электрондық қызметтерді ала алады, сондай-ақ, ұялы телефондарының көмегімен, атап айтқанда телеграмбот және mGov мобильдік қосымшалары арқылы анықтамалар алудың жаңа тәсілдерін үйренеді. Сонымен қатар мұнда көкшетаулықтардың цифрлық сауаттылық курсынан өтулеріне арналған арнайы сыныптар жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері Ақмола облысы бойынша 160 мыңнан астам азамат электрондық қызмет алды.
Айта кету керек, жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлу керек екенін нақтылап айтып, филиалдың атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша кеңес беру бөлігіндегі жұмысына оң бағасын берді.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий