Әлеуметтік әріптестік еңбек қатынастарын реттейді

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті. Оның барысында баланың еңбек құқықтарын қорғау, кәсіпорындардағы жалақы берешегін өндіру, еңбек жағдайындағы түрлі шиеленістердің алдын алу мәселелері талқыланды.

Қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Жәния Дондағұлова бала еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі қоғамда әлі де өзекті мәселе болып отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, қалада балаларды мәжбүрлеп еңбекке жегу фактілері орын алмаған. Сарапшылар көп жағдайда адамдардың балалар еңбегі мен еңбек тәрбиесін шатастыратынын айтады. Еңбек тәрбиесі дегеніміз – үйде ата-анаға көмектесу, қоғамдық жұмыстарға араласу. Балаларға мұндай еңбектен келіп-кетер қауіп жоқ. Керісінше, бұл баланы тәрбиелеудегі, болашақ өмірге бейімдеудегі негізгі құрал болып табылады.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қысқа мерзімде кәсіптік-техникалық мамандар даярлау мақсатында Көкшетау қалалық білім бөлімімен 4 колледжге аспаз, құрылысшы, шаштараз, радиомеханик, механик, ІТ технолог, тігінші мамандықтарына 315 жолдама берілген. Биыл 139 адамды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімде оқыту көзделген. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар ұсынылады. Бүгінгі күні қала бойынша 30 адам 7 215 000 мың теңгенің грантын иеленген.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жетекшісінің орынбасары Инна Адамның мәліметтеріне қарағанда, соңғы 11 ай ішінде 2327 адам жұмыс іздеуге өтініш берген. 875 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. 2096 адам жұмыспен қамтылған. Қалада кәсіпорындарда, шағын және орта бизнес саласында 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылған, оның 1744-і тұрақты, 226-сы уақытша жұмыс орындары. 139 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілген. Жыл басынан бері 240 адам қоғамдық жұмысқа, 177 адам жастар іс-тәжірибесіне, 83 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. 40 адам 307451,5 мың теңгенің шағын несиесіне қол жеткізген. Биыл мүмкіндігі шектеулі 91 адам жұмыспен қамтылды. Қала кәсіпорындарында 993 ұжымдық келісімшарт жасалған.
Ақмола облыстық еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы Динара Батыкованың айтуынша, кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы 17554 кәсіпорынның 13972-інде 65579 жұмысшы 50 мыңнан төмен жалақы алады. Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, жаппай жұмыстан босатылу, еңбек келісімшартынсыз жұмысқа алудың алдын алу мақсатында жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Өңірде 144 кәсіпорын жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге ниет білдірген.
Отырыста облыстық еңбек инспекциясы мен кәсіподақ ұйымының еңбек кодексінің нормаларын түсіндіру барысындағы іс-шаралары талқыланды.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі енді әкімдік, жұмыс беруші мен жұмысшылар ұйымы арасында жасалған келісімшарт аясында қолға алынбақ. – Жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы ортақ келісім-шарт жасау бұл тараптар арасында дау-дамайдың орын алмауына септігін тигізбек. Ал, аймақта ортақ келісімсіз еңбек ететін мекемелер әлі де бар. Еңбек инспекциясы жүргізген тексерулер оны әшкере етті, – деді мемлекеттік инспектор Динара Батыкова.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий