Әлеумет әлеуеті – ел дамуының басты бағдары

Көкшетаудағы Қоғамдық келісім үйінде өткен облыстық партия активінің отырысында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев партия съезінде әлеуметтік саясатты жүзеге асыру бағытында халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігінің табысын көтеру және қолдау, табысы аз азаматтардың баспана мәселесін шешу міндетін қойғаны белгілі. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін өңірде ауқымды істердің күтіп тұрғанын және биік жауапкершілік болуы керектігін атап өтті: – Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа бастамалар – партия жұмысының негізгі басымдықтары. Елбасы тапсырмасымен биылғы жылдың 1 шілдесінен облыстағы 32 мың бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артатын болады. Бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінетін болады. Аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларды қолдау басты назарда. Қазіргі уақытта өңірде 2700 аз қамтылған отбасылар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілгеннен кейін олардың саны 1 мыңға артады. Әлеуметтік көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылардың саны екі есеге көбейіп, 1430-ды құрайтын болады. Мемлекет басшысы мұқтаж жандарға жергілікті бюджет есебінен көмек көрсетуді тапсырды. Биылғы жылдың мамыр айынан бас-
тап облыста көпбалалы аналарды қолдау үшін 700 млн теңге бөлінеді, – деді әкім.
Облыста 13 мың оқушы тегін ыстық тамақпен және мектеп формасы, оқулықтар, кеңсе тауарларымен қамтылған. Ыстық тамаққа қосымша 213 млн теңге бөліну көзделіп отыр. Аудан орталықтары мен қалаларда 6900 ана мен бала қоғамдық көлікте тегін жүретін болады. Кірісі күнкөріс деңгейінен төмен 1150 отбасыға бірреттік көмек тағайындау мақсатында қосымша 44 млн теңге бөлінеді. Әлеуметтік көмек құны отбасының кірісіне қарай 30-50 мың теңге аралығында. 2 мың отбасыға улы газдан қорғайтын автоматты құрылғылар орнатылатын болады.
Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасылар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған, кірісі төмен жандарды баспанамен қамтуды тапсырғаны белгілі. Облыста 22 мыңнан аса отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 9 мыңы аз қамтылған, 809-ы көпбалалы отбасылар. Биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 20 арендалық және 12 кредиттік үйлер бой көтермекші.
Облыс орталығында құрылған арнайы жұмыс тобы тұрмысы төмен 300-ге жуық отбасылардың жағдайымен танысты. «Қоғамдық қабылдаулар барысында 59 адам жұмысқа орналастырылып, 28 отбасы мекенжайлық тіркеуге қойылды. 78 көпбалалы отбасыларға азық-түлік, отын-көмір, киім-кешекпен көмек берілді. Бүгінгі күні Көкшетауда тұрып жатқан 899 көпбалалы отбасыларда 4 мыңға жуық бала тіркелген. Өткен жылы 96 көпбалалы отбасыларға 17,5 млн теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. 1200 оқушы тегін тамақпен қамтылып, лагерьлерге жолдама берілді», – деді Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев өз баяндамасында.
Қалада 10236 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 4657-сі аз қамтылған, 318-і көпбалалы отбасылар. Қазіргі күні көпшілікті баспана, мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің көбеюі, қоғамдық көліктегі жолақы жайы алаңдатып отыр. «Отбасындағы кіріс күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жеткізілуі тиіс. Айталық, Астрахан селосындағы Юсуповтар отбасында сегіз адам тұрады, оның алтауы балалар. Бүгінгі күні олар алты айға 201840 теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алып отыр. 1 шілдеден бастап заңнамаға өзгертулер енгізілгеннен кейін бұл отбасы алты айда 932916 теңгеге қол жеткізетін болады», – деп түсіндірді облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісінің орынбасары Шолпан Рахматуллина.
Өңір басшысы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелерді, әсіресе, оның ішінде әлеуметтік қолдауларды, көпбалалы отбасыларына жасалатын мемлекеттік жеңілдіктерді, ол үшін қағазбастылықтың қысқарғанын жергілікті жерлерде әр тұрғынға жеткізу қажеттігін тапсырды. Бұл орайда ауыл әкімдерінің де жауапкершілігі үлкен екенін ескертті.
Отырыста сөз алғандар облыс аумағындағы жолдар мен инфрақұрылымдарды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, баспанамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, жеңіл өнеркәсіпті дамыту, өмір сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыру сияқты мәселелерді ортаға салды.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий