«Әлихан Бөкейханов ізімен»

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысы, энциклопедист-ғалым, публицист Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығына орай зиялы қауым өкілдері студенттердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиынды ашқан аталмыш партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығының ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтіп жатқанын айтып, оның өмірі мен қызметі, басты-басты еңбектеріне тоқталды.

Шараға арнайы келіп қатысқан «Алаш» мәдени-рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер «Әлихан Бөкейханов ізімен» атты экспедиция құрамында оның туған жерінен бастап, қайтыс болған қаласына дейін жүріп өткенде жиған-терген мәлімет-деректерін, түсірген бейнетаспаларын, салмақты сұхбаттарын алға тартты. Айгүл Смақова жетекшілік еткен экспедицияның танымдық тұрғыда атқарған жұмысы мол екен. Алаштықтардың Омбы шаһарында тұрып, жұмыс жасағандары белгілі, бірақ та, алаштың тұңғыш астанасы Омбы емес, Семей қаласы. Оның көптеген әріптестері, шәкірттерінің есімдері көше, қала, мектептерге, жоғары оқу орындарына берілген де, Әлиханның өз аты ұмыт қалған. Басқаларға ескерткіш көп, Әлиханға тек қана Семейде орнатылған. Жақында Санкт-Петербургте бюсті ашылды. Дөңгелек үстел басындағы мәжілісте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Сатыбайқызы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, ғалымдар Қасымхан Құсайынов, Аманжол Ыдырысов, Сәбит Жәмбек, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, тағы басқалар сөйледі. Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж директоры Нұртас Ахат, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті Сәбит Жәмбекке қоғамдық іске белсене араласып, жастар тәрбиесіне үнемі үн қосып келе жатқандықтары үшін «Ақ жол» партиясының ұсынысымен марапат – Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіндегі естелік медальдар табыс етілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс