Әліби Жангелдіұлы – «Көкшетау қабыланы»!

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің музейі қазақ күресінен «Көкшетау қабыланы» атты қалалық турнир ұйымдастырды. 13 қараша күні «Қайрат» күрес залында өткен бұл сайысқа мектеп оқушылары қатысты. Қарсыластарын тізе бүктіріп, жауырынын жерге тигізбеген №18 орта мектептің оқушысы Әліби Жангелдіұлы «Көкшетау қабыланы» атанды.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек жарыс-ты ұйымдастырудағы мақсат өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлеріне баулу, оны мектеп бағдарламасына енгізуге қадам жасау, білім ошақтарында қазақ күресін дамыту және келешекте осы балалар арасынан «Көкшетау барысын» тәрбиелеп шығару екенін айтты. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жәния Дондағұлова мен ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Қойшин де құттықтау сөз сөйлеп, жас палуандарға сәттілік тіледі. Жарысқа №1, №2, №4, №19, №21 орта мектептер, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мектеп-гимназия-сы, №5 «Таңдау» көпсалалы гимназия, №7, №8, №13 экологиялық мектеп-гимназиялар мен дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушылары қатысты. Барлық белдесуді сәтті өткізген №18 орта мектептің оқушысы Әліби Жангелдіұлы жүлделі 1-ші орынды иеленіп, «Көкшетау қабыланы» атанып, жеңімпаздың арнайы белбеуін тағынды. Айта кетейік, Әліби «Бурабай» спорт сарайында жаттығады. Бапкері – Ерсана Қапаров. №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының оқушысы Елюан Оспанов 2-ші орынды, дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Айдар Темірболатов 3-ші орынды иеленді. Жас палуандар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Үзіліс уақытында музей қызметкерлері жиналғандарды Мәлік Ғабдуллиннің ғұмырнамасы мен шығармашылығына арналған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс