Әлішердің ән кеші

Өткен сенбі күні «Көкшетау» мәдениет сарайында соңғы жылдары көрерменді ерекше дауысы, шынайы ізденістерімен қуантып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген әнші Әлішер Кәрімов концерт берді.

«Талант тас жарады» деген рас. Жарнамасы аяқ астынан ілінген, бір-ақ мәрте өтетін концертке жұрт жиыла қалған. Және тек жастар емес, үлкендер, ересектер көп. Гүл құшақтаған көрерменнің көңілдері алабұртып, әншінің үлкен өнеріне асыға, қуана келгенін аңғару қиын емес-ті. Көпшіліктің осы сенім-ниеті алдаған жоқ. Оның «Ниетің таза болса…» деп аталған мазмұн мен мағына меңзеген концерті «жанды» дауыспен, тартымды өтті. Жаратқан ие көкірегіне өнер ұялатқан Әлішер расында да үлкен әнші екенін қапысыз дәлелдеді. Репертуарында әйтеуір уақыт созып, жұртты алдандыруға арналған «кезекші» әндер жоқ. Тұла бойы тұнған әуен, ырғақ, музыка дерсің! Сахнада өзін еркін ұстайды, көрерменімен бүкпесіз сырласады. Екпіндеген, тасқындаған сырлы әуенге қосылып, билей жөнеледі. Билегенде кәсіби бишілерінен бір кем қалмайды. Ал, дауысындағы ерекшелік қалың көрерменге бұрыннан таныс. Жылы қоңыр дауысымен айта келіп, шығыстың әлдебір сағынышты, сырлы үніне салғанда деміңді ішіңе тартасың! Өнерпаздың ең басты мақсаты жұртын жақсылыққа, мейірімге шақыруы дер едік. Әндері концертінің атауына сай, мазмұнға толы. «Қазақтың тойы көп болсын», «Үмітіңді үзбе», «Әлия», «Шүкір», «Мама» сияқты әндері осы сөзімізге дәлел. Оның көптеген әндерді өзінің шығаруы да үлкен мүмкіндігінен хабар береді, қабілетті талант иесі екенінің айғағы. Сөйтіп, Әлішер Кәрімовтің Көкшетаудағы кезекті концерті сәтті өтті.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс