Әнге айналған әдемі ғұмыр!

Нүрикамал, Нүрикамал!..

Соққандай боп таңнан самал,
Жаққандай боп шамнан жанар.
Жаңа туған айдай болып,
Жүруші еді Нүрикамал!

Төгетін-ді маңына арай,
Көркі қандай, жаны да бай.
Көп ішінен топ жаратын,
Сендей өжет табыла ма-ай?!

Тот баспайтын лағыл едің,
Лаулап оттай жанып едің.
Қазағыңның аспанында,
Әнге айналып қалып едің!

Сені жоқ деп кім айта алар,
Ән атыңды мың қайталар.
Аңыз қызы қазағымның,
Қош, енді, қош, Нүрикамал!!!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

«Жақсының – аты, ғалымның – хаты өлмейді». Сол өлмейтін жақсының бірі – Нүрикамал тәтеміз болатын…
Бірде Астанадан телефон шалды. «Жалғыз інім-ау, амансыңдар ма? Хабарсыз кеттіңдер ғой, «Нүрикамал апам аман ба?» деп звондауды да білмейсіңдер» деп тықсырып алды.
– Қайдағы Апа? – деп мен де қисая салдым.
– Немене, мені енді Апа деуден де қалдыңдар ма? – деп бас салсын.
– Мен Сізден Апа көріп тұрғам жоқ. Мен үшін Сіз «Нүрикамал тәтесіз!» дедім.
– Ойбуй, сендер мені осылай құртасыңдар ғой. Жетпіске келген мені осылай желкілдете беріңдер. Мені енді жасартамыз деп жүрсіңдер ме? – деп күлсін-ай келіп!
– Нүрикамал тәте, мен Сізге өкпелеп жүрмін, – дедім дауысымды өзгертіп.
– Тағы не жазып қалдық, айт өкпеңді, естиік.
– Мені «Жалғыз інім-ау» деп жүргеніңіз өтірік екен ғой. Өткенде тойда көрдім, Нұрлыбекті де осы «жалғыз інім» деп желпінтіп жатыр едіңіз ғой, – дедім өкпелеген болып.
Бұл жолы тіпті рахаттанып күліп алды да, айтқаны: – Иә, солайы, солай. Сен немене, соны да білмейсің бе?! Сендердің әрқайсыларың мен үшін жалғызсыңдар! «Әр қазақ менің жалғызым» деп жүрген жоқсыңдар ма?! Оның қасында саусақпен санарлық сендерді «Жалғызым» демегенде, кім деймін, – демесі бар ма?
Тағы да күлкіге кезек бердік. Күлкімен бас-талып, күлкімен аяқталатын осындай ойлы да, ойнақы, есте қалатын есті сөзді біздің Нүрикамал тәтемізден басқа кім айта алар дейсің енді?!
Міне, қашан, қай жерде жүрсе де, жан-жағына нұрын шашып, шуағын төгетін, кішіні – еркелетіп, үлкенді – көтермелеп, қатарын – көбейтіп жүретін Нүрикамал тәтеміздің жаратылысы бөлек, жан-дүниесі ерекше, кең жатқан кемел жанның өзі десек, ешкім артық айтты дей алмас! Өмір бойы өнердің ортасында жүргендіктен де, оның өзі де өнерге айналып кеткен бе деп ойлаушы едік. Бейне бір өнер үшін ғана жаратылған жандай жарқырап, жанып жүретін ол қай ортаның болсын гүліне айналған жаратылыс болатын.
Ойлап қарасаңыз, өнер адамдарын басқару, оларды жұмылдыра білу екінің бірінің уысына түсе бермейтін, түйіні түйткіл шаруа. Өнерпаз болу, талантты болу бір басқа. Ал, әрқайсысы бір әлем, бір-біріне мойынұсына бермейтін өнер жұлдыздарын бір шоғырға айналдырып, оларды «сүттей ұйытып» ұстап отыру Нүрикамал сияқты сайыпқыран арулардың ғана қолынан келмек! Көкшеде көп жылдар бойы Мәдениет басқармасын басқарғанда да Торғайдағыдай бәрін уысында ұстады. Бәз біреулердей ешкімнің жетегінде кетіп, жолынан жаңылған да емес. Дүниеге қызығып, соңынан сөз ерткен кезі де болған жоқ.
Кеуделеріне қонған өнердің өрттей дерті мен күш-қуаты алып бара жатқан не бір жер тарпыған таланттар Нүрикамалдың алдында тырп ете алмайтын, «тәк тұра» қалатын.
Өйткені, олардың алдында – бастықтығын ғана бұлдаған біреу емес, қазақ деген халқына қаймықпай қызмет жасай алатын, орысыңды орысша, басқаңды басқаша түсіне алатын, бірақ бәрінен де өзінің туған халқын жоғары қоятын, ел-жұртының мұң-мүддесін санасымен сезіне алатын сергек те, сезімтал қазақтың қайсар қызы тұрғанын көргенде талайлары алдына түсіп жүре беретін. Осындай асқақ ойлы арудың бойында қатар өрбіген қазаққа тән қарапайымдылық пен хас сұлуға тән кірпияздық оны басқалардан даралап, аспандатып тұратын…
Қай жерде қызмет атқарса да – Торғай, Шымкент, Ақмола, Көкшетауда болсын оның осы қалпы, осы жаратылысы көзге түсіп, көш бастап жүре беретін. Тыңның орталығы болған Солтүстік өңірде туып-өсіп, басқа ұлттың тіліндегі мектепті бітірсе де, ата тәрбиесі мен ана қасиетін бойына дарытқан қазақ қызы қайда жүрсе де тастай батып, судай сіңіп қана қойған жоқ, ойып тұрып орнын алып жүрді. Өскен ортасы – орыстың өткірлігі, шығыстың сұңғылалығы мен Сарыарқаның дархандығын жанына қатар дарытқан Нүрикамалдың миллиондаған халқы бар, Қазақстанның ең үлкен облысы Шымкентке барып қызмет істеуіне де тура келді. Ол жерде абыройы асып, дәурені тасып тұрса да Торғай облысы қайта ашылып, қайта түлегенде туған еліне құстай ұшып оралды. Сол кезде Елге қайта келгендердің басым бөлігінің лауазымдары өсіп, абыройлары артып жатты. Бірақ, бірде-біреуі Нүрикамалдай «олжалы» болып оралған жоқ.
Қаймағы бұзылмаған қазақы орта – Оңтүстік ордасы Торғайдың тотыдайын таранған ару қызын аспандатып жырға қосты, әуелетіп әнге айналдырды. Қазақ даласында қайталанбайтын «Нүрикамалдай» ғажайып ән қанат қақты… Осылайша, Нүрикамал тәтеміз талай сұлулар мен ақ маңдай аруларға бұйыра бермейтін «олжаға» оранып, Торғай қызының сыр мен сымбатына тамсанған «Нүрикамал» әнін Қазақ даласында қалықтатып оралған еді…
Естайдың «Хорланы» мен Ақан серінің «Балқадишасы» тәрізді халқымен бірге жасап, ғасырдан-ғасырға кететін ғашықтық әуенінің мәңгілік ғұмыры басталды… Сонымен бірге, біздің Нүрикамал тәтеміздің ғажайып әнге айналған әдемі ғұмыры – мәнді де, сәнді ғұмыры басталды!
Хош, хош бол, Қазақтың ақ маңдай аруы Нүрикамал!!!

Жалғасбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий