Ән шырқалып, би биленді

Красный Яр селосының тұрғындары да 19 наурызда Ұлыстың Ұлы күні мерекесін өткізді. «Бақ берекем – әз-Наурыз» шарасына келгендерді Алдар Көсе мен Қожанасыр құшақ жая қарсы алды. Орталық алаңға жиналған қауымды Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса құттықтады.

Наурыз мерекесі Красный Яр селосында орталық алаңда атап өтілді. Мұнда да киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. «Бақ берекем – әз-Наурыз» атты театрландырылған көрініспен ашылған шара «Қазақтың дәстүрлері-ай», «Сырғалым» және «Гүлсің-ау» әндерімен әрленді. Красный Яр селолық кітапханасы ұлық мереке туралы «Наурыз нышандары» атты ақпарат беретін әдістемелік-библиографиялық нұсқама әзірлепті. Жекеменшік иелері, сауда орындары жәрмеңке ұйымдас-
тырды. Жергілікті әкімшілік, мешіт және №3 агротехникалық колледж ұжымы тұрғындарға Наурыз көже, палау, бауырсақтан дәм татырып, балаларға балмұздақ үлестерді. Епті жігіттер қазақ күресі, армрестлинг, канат тарту, кір көтеруден сайысқа түсті. Арқан тартудан №2 Красный Яр мектебі бірінші орынды, екінші орынды село тұрғындары, ал үшінші орынды №1 Краснояр орта мектебі еншіледі. Қыздар мен жігіттер тоғызқұмалақ ойнап, алтыбақанда тербелді. Спорт сайысында белсенділік танытқандардың бәрі грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Селолық округ әкімі Базарбай Әбуов тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, сәттіліктер тіледі. Аталған округте 30 ұлттың өкілі тату-тәтті тұратыны да айтылды. Ұлыс мерекесі осы дәстүрді одан әрі бекіте түспек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс