Ән өнерінің ақтаңгері

Биыл аспандағы аққуға үнін қосқан, әйгілі қазақ композиторы, сал-сері, қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған Біржан салдың туғанына 185 жыл. Біздің заманға ақынның алпысқа жуық әндері жеткен. Оның шығармалары нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса әлеуметтік мән-мазмұнымен де құнды. Дара тұлғаның туған топырағында өткен той әнші-сазгердің мерейін асырып,, ажарын айшықтай түсті.
Арқаны, Арқаны ғана емес, Алаш даласын әнімен тербеткен Біржан сал Қожағұлұлының жалпақ жұртқа ортақ тойы еді бұл! Іс-шара аясында сәндік-қолданбалы өнер, тарихи және ұлттық қолөнер көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Ғасырлар аманаты» атты көрмені бөле-жара айтуға болады. Өткеннің өңді елесін көрген жанның көз алдына әкелетін көрме көне замандағы қазақтың музыкалық аспаптарының үлгілерімен толықтырылыпты. Өнер қонған өлкенің өрісін айқын аңғартып тұрғандай. Соның ішінде тянь-шандық шырша мен еуропа үйеңкісінен жасалған Біржан сал домбырасының көшірмесі көп көңілін өзіне аударды.
Тағы бір баға жетпес жәдігер бар. Ол 1991 жылы табылған, қазіргі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында тұрған Біржанның бірегей домбырасы. Тұтастай алғанда көрмедегі жәдігерлер сонау Біржан заманындағы рухани әлемді әйгілеп тұр. Жалғыз өнерге қатысты бұйымдар ғана емес, тұрмыстық заттар да қойылған. Бүгінгі жастар бағзыдағы бабалардың тұтынған мүлкіне құмарта қарап, көз сусындатты.
Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының қойылымы бағзы заманның бейнесін сол қалпында мөлдіретіп көрерменнің көз алдына әкелді. Көкірегі ашық, көңілі ояу көпшілікке рухани нәр берген шара «Біржан – қазақтың музыка мәдениетінің алыбы, сал-серілер, әнші-композиторлардың ұстазы» тақырыбында өткізілген ғылыми-практикалық конференция болды. Конференция барысында Біржан салдың өмірі мен шығармашылығы толық қамтылды. Сөз арасында бірер сәтін сабақтай кетелік. Ән алыбы Жөкей көлінің жағасында 1834 жылы дүниеге келген. Туған жерін ет жүрегі елжірей сүйген ақын:
Бүркітті асуынан талай өттім,
Қалың ну орманында
сайран еттім.
Айнала Жөкей көлдің
жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім, – деп жырлайды.
Арғы атасы Бертістен Айшуақ, Байшуақ, Жаншуақ, Қожамқұл, Қожағұл деген бес ұлы болыпты. Қожағұлдан Тұрлыбай, Тұрлыбайдан Біржан өреді. Бала кезінде үлкен анасы бауырына салып алып баққан. Біздің баламыз деп еркелеткен. Міне, сондықтан Біржан Қожағұлдың баласы атанып кеткен.
Табиғат Біржан салға көрген кісі қызығарлық келбет берген. Ұзын бойлы, кең иықты, қыран қабақты, қыр мұрынды, шырайлы адам болса керек. Өз заманында ат тұяғы жететін жерге Атымтай жомарттығымен әйгілі болған Қожағұл шешенге сол заманның ақын-жыраулары, әнші-күйшілері үйір болса керек. Өнер ордасының қара сабасы күні-түні күмпілдеп жатқан соң бала Біржан сол қазынаны бойына сіңіре береді. Ауыл молдасынан сауат ашқан, кейін Қызылжардағы медресені өте жақсы тәмамдап, араб, парсы, көне түрік тілдерін үйренген. Он бес-он алты жасында елдегі от ауызды, орақ тілді өнерпаздардың қасына еріп, ән-жырларын жатқа айтқан. Әдемі киім киген, жүйрік ат мінген Біржан Қызылжар төңірегіндегі Арыстан ақынның, Көкшетау маңындағы Орынбай мен Нүркей ақындардың жанына еріп, замана заңғарларын ұстаз тұтқан.
Өз шығармашылығында достық пен махаббатты, ынтымақ пен татулықты дәріптеген. Бұл сөзімізге «Көкек», «Бурылтай», «Алтын балдақ», «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», «Телқоңыр», «Айтпай» тәрізді ән өлеңдері дәлел. Е.Брусиловский өзінің операларында Біржан әндерін кеңінен пайдаланған. Ақынның өлмес ескерткішін жасаған қазақтың талантты композиторы Мұқан Төлебаев болды. Ол өзінің «Біржан-Сара» операсында ақын шығармашылығын кеңінен пайдаланды. Біржан бабамыздың шығармашылық өміріндегі тағы бір елеулі оқиға, Абай ауылына баруы. Білетіндердің айтуына қарағанда, Абай хәкімнің әсері Біржан салға өте күшті болған.
Ғылыми-практикалық конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов, тарих ғылымдарының докторы Қадіржан Әбуев, ақын Қорғанбек Аманжол, осы өңірдің тумасы, Қазақстанның құрметті журналисі Мейрам Базарұлы әнші-композитордың өмірі мен өнерінің өрісі жайлы егжей-тегжейлі баяндады.
Той тағы бір шырайлы шарамен шуақтана түсті. Ол мерекелік концерт болатын. Ақын тойына жиналған ақындар бір-бірімен сөз қағыстырса, әншілер ән шырқады және бір ерекшелігі, негізінен Біржан салдың әндері орындалды. Алғашқы жұп болып сахна төріне көтерілген көкшетаулық ақын Әлібек Серғалиев пен жезқазғандық Ботагөз Мұхиденованың айтысы көп көңілінен шықты. Нағыз қыз бен жігіт айтысының жарқын бір үлгісі. Әдемі әзіл, қазақы қалжың, астарлы сөз қыз бұрымындай болып өрілген қыз бен жігіт айтысы көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Ботагөздің: «тап сендей сараң сері көргенім жоқ» деген өкпесіне Әлібек те оңтайлы жауап қатып, жүзік таққаны жарасымды болды. Республикалық жыр додасында айтыстың ақтаңгері атанып жүрген Дидар Қамиев, Жетісудан келген Арзыгүл Қайымбектер көп көңілінен шықты. Ал, әншілердің ішінде көкшетаулық дәстүрлі әнші Қажыбай Жахиннің шоқтығы биік болды. Біржанның «Айбозым» әнін орындаған ол халықтың базынасына орай Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндерін шырқап, Біржан сал заманындағы ұлы тұлғалардың өміршең өнерін тағы бір паш етті. Ақын Қорғанбек Аманжолдың сөзіне жазылған ерейментаулық сазгер Сайлау Жылқыбаевтың «Сал Біржан елінде» деп аталатын әні де ұлы тойдың көрігін қыздыра түсті. Көпке көзтаныс «Көкек» халықтық-фольклорлық ансамблінің баба тойына қосқан бағалы үлесі молынан болды.
Келесі күні той шеңберінде ұлттық ойындар өткізіліп, мерекенің мерейін келістіре түсті.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий