Әріптестеріміз алғысқа бөленді

«Достар» мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға өңірдің байланыс, ақпарат және коммуникация саласының өкілдері түгел қатысты. Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель құттықтады. Жағымды жаңалықтар мен күнделікті оқиғалардың бел ортасынан табылатын, байланыстың мінсіз болуына, хабар-ошардың уақытында жеткізілуіне жауапты жандар төл мерекесіне орай марапатқа ие болды.

 

Облыстық және қалалық басылымдар, телеарналар мен радиотілшілер «Алтын қалам» байқауының түрлі аталымдары бо-йынша ақшалай сыйлыққа ие болды. Қалалық «Степной маяк» газетінің бас редакторы Қарлыға Мұқатаева «Үздік сұхбат» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Осындай мәртебелі құрметке «Көкшетау» газетінің ардагері, сатирик-жазушы Сайлау Көшкенұлы да бөленді. Орталық коммуникациялар қызметі мекемесі директорының Алғыс хатына «Көкшетау» газетінің бөлім меңгерушісі Әсем Құлжанова және Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің Құрмет грамотасына «Көкшетау» газетінің корректоры Күлжиян Айтманова ие болды. Сонымен қатар Орталық коммуникациялар қызметінің құрмет грамотасымен «Степной маяк» газетінің тілшісі Марина Пушкарева да марапатталды. Бұл күні, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне «Акмолинская правда» газетінің жауапты хатшысы Юрий Брагин ие болды. «Үздік байланысшы» төсбелгілері де желілік сала мен пошта байланысы қызметкерлеріне табыс етілді.

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің ұжымын Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесімен құттықтады. Қоғаммен ілесіп, ақпараттан бұрын жүретін БАҚ өкілдері бұл жолы кезекті жаңалық іздеп келген жоқ. Кәсіби мерекелері қарсаңында қала басшысының құттықтауын қабылдау үшін бастары қосылды.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев күн сайын түрлі салада қызмет ететін жерлестеріміздің тағдыры мен шығармашылығы туралы қалам тербейтін журналистер қауымы шаһардың тыныс-тіршілігін танытуда үлкен рөл атқарып отырғанын жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары – билiк пен халықтың арасындағы алтын көпiр. Атқарушы билiк тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын халық баспасөз арқылы бiлсе, бiз де ел iшiнде қандай мәселе бар екендiгiн газет-журнал, теледидардан бiлiп отырамыз. Сондықтан дәнекерлiк жұмыстарыңызға толайым табыс тiлеймiн, – деген қала әкiмi өз саласында жемiстi еңбек етiп жүрген журналистерді Алғыс хаттармен марапаттады. Мереке құрметіне қос газеттің қызметкерлеріне Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің билеттері табыс етілді.
Қалалық мәслихат хатшысы Бауыржан Ғайса да журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық жұмыста ойы жүйрік, қаламы қарымды болуларына тілек қосты. Кәсіби мереке күні оқырман көзіне жиі түсе бермейтін қызметкерлердің де еңбегі елеусіз қалмады. «Көкшетау» газетінің корректоры Күлжиян Айтманова және «Степной маяк» газетінің тілшілері Аружан Сатыбалдинова, Марина Пушкарева қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс