Әр көше атауы қызу талқыланды

Көкшетау қалалық әкімдігінің акт залында қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, тұрғындардың қатысуымен облыс орталығы көшелерін қайта атау жөнінде қоғамдық талқылау болып өтті. Онда қалалық тіл саясаты және ономастика комиссиясының төрағасы, қала әкімінің орынбасары А.Әміренова ауыстырылатын көшелердің жаңа атауларын ұсынды. Жиынға депутат Е.Исімбаев төрағалық етті.

DSC_4740Кесімді уақыт болмай жатып-ақ, залдың лық толуы қала тұрғындарының бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамайтындығын аңғартқан еді. Расында да солай болды. Әр көше атауы аталған сайын қатысушылар ортаға өз пікірлерін айтып, депутаттар дауысқа салып отырды. Ұсыныстар орынды шықса, ду қол шапалақпен қошталды, көңілге қонбаса уәж көлденең тартылды. Қоғамдық пікірдің мақсаты да осы – көпшілікті тыңдау, ойды салмақтау, пысықтау. Осы жолы қабылданған ұсыныстар бұдан әрі облыстық ономастикалық комиссия ғұзырына ұсынылады. Онда тағы сараланып барып, депутаттар қарауына жіберіледі.
Дегенмен, қисынды сөз бүгін айтылып, болашақ көше атауының іргетасы бүгін қаланбақ. Әркім өзі тұратын көшенің қыр-сырын, жағдайын біледі. Көрші-көлемімен ақылдасып келген орынды ұсыныстары бар. Мысалы, «Қаһармандар» атауы басқа көшеден гөрі Красный Ярдағы ауған соғысына қатысқандар тұратын көшеге берілуі керек. Бірлік кентінің тұрғындары бұған дейін көп қол жинап Ботаническая деген көшелерін Байымбет батыр атымен атауды сұраған. «Теректі» деген қарапайым сөзден де тұрғындар ұсынысын қолдаған орынды, деп шешті депутаттар. Әлі атау берілмеген «Нұрлы көштегі» көшелерге Жерұйық, Аманат, Бел-асар, Берен, Бәйге, Бәйтерек, Жаңа дәуір, Жосалы, Заңғар, Қазына, Мирас, Шапағат, Шертер деген атаулар ұсынылды. Көкшетау қаласының өзіндегі Западная көшесінің Байдалы би, Капцевичтің – Бәйкен Әшімов, Восточнаяның Әлдебек би, Тихаяның Үмбетей жырау, Новоселовтың Бапан би, Заводскаяның Саққұлақ би, Мирзоянның Жұмағали Тлеулин аталуына үлкен-кіші дүркірете қол соғып қуаныштарын білдірсе, ол қисынсыз атаулардан құтылып, елге еңбегі сіңген, тарихта есімі қалған ардақтыларымызды мадақтау, құрметтеуге білдірілген шын ризашылық нышаны еді. 8-ші Март, Красный Ярдағы Мир көшелеріне бірнеше ұсыныстардың қатар түсуіне байланысты атауларын өзгертуді кейінге қалдыру ұйғарылды. Жалпы, тарихи тұлғаларға қала орталығынан лайықты көшелер берілуі керек деген тоқтамға келді жиын. Сондықтан, ұсыныстар алдын ала ономастикалық комиссияға ұсынылып, тұлға жөнінде толыққанды мәлімет-деректер жиналып, мұқият талқылануы керек. Ең бастысы, бұл жолы 28 көшені өзгертуге ұсыныс жасалған болса, алға қарай бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Демек, өткенімізді екшеп, бүгінімізді зерделеп, сүйікті қаламыздың көшелерін лайықты тұлғалар атымен атауға атсалысайық.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий