Әр отбасына – газет-журнал

«Астана поштамт» Ақмола филиалы 7 қазанда Көкшетау қалалық пошта байланысы басқармасының ғимаратында баспасөзге жазылушылар үшін ашық есік күнін өткізді. Дәстүрлі бұл шараға жергілікті газет редакциялары қатысты. Филиал директорының орынбасары Мұрат Қазбековтың айтуынша, қазіргі таңда газет-журналдар үшін басты ең мақсат – таралымды көбейту. Ол үшін алдымен ақпарат құралдарының өтімділігіне қол жеткізу керек. Сондай-ақ, газет-журналдарды оқырмандар қолына уақытылы жеткізу де маңызды рөл атқарады. Шара барысында  осы мәселелер көбірек айтылды. Орталық учаскесінде дастархан жайылып, баспасөзге жазылушылар дәм татты. Ал, «ХоумКредит банкі» филиалының қызметкерлері викториналық сұрақтар қойып, жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етті. Қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің  он ардагері Қарттарды қолдау айлығына байланысты бір жылға тегін жазылу мүмкіндігіне ие болды. 

Қаланың тыныс-тіршілігін жергілікті басылым бетінен оқып, хабардар болатын жанның бірі – Жібек Майрамова. Хат тасушы болып ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан. Оның көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, жергілікті басылымға тегін жазылады. Жібек апайдың айтуынша, бұдан бұрнағы жылдары бір аулада 50-ге жуық оқырман газетке жазылып, тұрақты алып тұратын. Кейінгі кезде тираждың күрт азаюының басты себебі – жазылым бағасының тым қымбаттауы, бөлшек сауданың дұрыс ұйымдастырылмауы. Ардагердің бұл пікіріне қосарымыз, жыл басынан бері газет-журнал сататын киоскілердің жабылып қалуы кері әсер етіп отырғандығы шындық. Астана филиалының сату бойынша бөлімінің басшысы Айдын Қайдаровтың айтуынша, қазір интернет арқылы газетке жазылуға болады екен. Бұл жүріп-тұруы қиын қарияларға өте ыңғайлы. Тіпті, телефон арқылы хабарласып, өзінің мекенжайын айтып, тіркетсе, төлем карточкасы арқылы өтеуіне болады. Сонымен қатар пошта саласының қызметі жетілдіріліп келеді. Түрлі қаржылық операциялар пайда болған. Жеңілдіктері өте көп. Әрі қағазбастылықтан құтқарады, әрі уақытты үнемдейді. «Юнистрим», «Сәлем, теңге» қаржы аударымдарының тиімді тарифі жайлы түсінік берген пошта мамандары алдағы уақытта газет редакцияларымен қарым-қатынасты одан әрі жетілдіре түсуге уәде етті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс