«Әр сәті өмірдің бақыттай!..»

 

(Ерболат Баят. «Жұмақ әуені». «Мерей» баспасы, Алматы, 2017. 

Ерболат Баят. «Уақыт бедері», «Әрекет-принт» баспасы, Алматы, 2017)

Ерболат Баятұлы шығармашылығы туралы кім, қашан айтса да оған үлкен үміт артатын. Алыптары көп, толқын-толқын таланттар келіп жататын әдебиет айдынына әлдебір жаңалық әкеледі, жарқ етіп көрінеді, деп ой түйіндейтін. Себепсіз емес. Ерболаттың терең білімі, туабітті таланты, ғылымға құмартқан қалпы, алаңсыз ізденісі осылай ойлауға жетелейтін. Шығып жатқан кітаптары, басылып жатқан өлең-жыр, әңгімелері, ғылыми монографияларын оқи тұра, олардың жоғары деңгейін бағалай тұра бұларын қанатын қомдар қыранның тұғыры ғана деп бағалайтын. Көзі қарақты оқырманын осындай ойға тіреу үшін де үлкен қуат керек екені тағы даусыз. Бұл оның шығып жатқан дүниелерінің кемшілігінен, әлсіздігінен емес-ті. Сол талантты дүниелерінің сыр бүгіп, тылсым бір талғамның әуенін жеткізіп тұрғандығынан болатын. Ұсынған шығармалары басқа бір сападағы саңлақ көркемдіктің лебін сездіретін.

Міне, жаңа жинағынан сол күткенімізді жолықтырдық. Ерболаттың «Жұмбақ әуені» атты кітабы қолға тиген. Әңгімелер, хикаяттар жинағы. Тіпті, жанрға жіктегенде де таптаурын талаптарға сыйыңқырамай тұрған сыңайлы. Өйткені, табиғаты бөлектеу. Мәселен, шағын ғана мөлдіреген әңгімелерден жырмен өрілер мұң сарыны менмұндалаған элегия, кейде сырлы сезімді әспеттер новелланың нәзік иірімдері еседі. Ол кемшілік емес, қаламгердің өрге тартқан өзіндік қолтаңбасы, жолы.

Ғылыми ізденістер үстіндегі автор оқырманына өзі жолыққан небір көңіл толқытар деректер, оқиғаларды, ұлы адамдар басынан кешкен тағдыр, әрекеттерді әсерлі, әдемі баяндайды. Әрі дерекке қанығып, мәлімет аласың, әрі сезім әлеміңе сәуле түсіп, жаныңды тазартасың. Қысқа ғана жылы шуақты әңгімелер баурап, сол әлемнің бір бөлшегіне айналасың. Кітапты жапқың келмей, әлгі әлеммен қоштасқың келмей, аңсарлы бір күйге түсесің. Шығармалары қазақтың бай, құнарлы тілінде, қысылып-қымтырылмай еркін төселе аққан баян-берекетті аққулы өзендей. Бүгінде сирек кездесетін сөздер, орайлы сөз тіркестері, қазақы қоңыр ұғымдар, қысқа да болса нұсқа көркем суреттер. Еміс-еміс естіген әлдебір әңгімелерің ондаған, жүздеген жылдарғы пердесін ысырып көз алдыңнан шыға келеді. Сәкен мен Иманжүсіптің кездесуі, Әлкей мен Мұхтардың жастық шақтары, Шоқанның жарымен сұхбаты, Гете, Шопен, Шыңғыс хан шерлері… «Жат келін» деп аталатын әңгімесі Ахмет Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның қасіретін жеткізеді. Қайғыға бөккен оның тектілігі, ері аман-сауда құрақ ұшқан кейбір ағайынның тайғанақтығы, тексіздігі қапысыз суреттеледі. «Ғалия» әңгімесі «Сол Ғалия едім!» деп айта алмағанына іштей қорланып бара жатты. Әлгі әйел осы ғұмырында бала көтеру бақыты бұйырмай, күйеуі Бержаннан жеген ащы таяғы мен азапты өмірін жеңілдету үшін Семейге барып, қайын жұртынан бір жетімекті бауырына салып әкеле жатқан Ғалия екенін, атақты Балуан Шолақтың Ғалиясы екенін олар білген де жоқ еді. Ауыр мұң мен аянышты тағдырды арқалаған қара пәуеске қара түннің қойнына сіңіп бара жатты» деп аяқталады. Қай әңгімесі болмасын әсер-дәмі таңдайыңа татып бара үзіледі. Тамсанып қала барасың. Оқиғаның мән-жайы көз алдыңда көлбеңдейді. Ауыр сызы, мұңы, сағынышы санаңда қалады. Тағдырдың қан-сөлсіз кепкен ағаштай қатты діңінің қалай күштенсең де илікпес қатыгездігіне бас шайқайсың, сол тағдырды кешкен біртуар дарақтардың қайрат-жігеріне қайран қаласың. Сөйтесің де өмір сабақтарын қайта парақтайсың. Үйренесің. Апырау, үйренбесіңе қояр ма?! Көп бұлғағы жоқ, қысқа дүниелер еріксіз үлкен ой кештіреді. Көлемі шағын шығармалардың ойыңды әр қияға бастатар қуатына тәнті боласың. Тек қана белгілі адамдар тағдырынан емес, өмір-тіршіліктің кейбір сәттерінен пәлсапа жеткізетін тартымды әңгімелері де жеткілікті. Мысалы, «Кері кеткен» деген  әңгімесінде нәпсі ләззатының алыпқашқан ауыздықтатпас әлегі суреттеледі. Оны қоштау, қоштамау оқырманның өз еркіне қалдырылған. Бірақ, сол бір ессіз құмарлықтың бізбен қатар өмір сүріп келе жатқаны, бар екені жасырын емес. Әдеп сақтап, қанша тартыншақтасаң да оны мойындауыңа тура келеді. Оны тізгіндей алмай әуреге түсушілер, кейде азып-тозушылар аз ба? Немесе, жасырын қадамын құпия ғұмыр  етіп, жанына демеу етіп жүргендер жоқ дер ме едіңіз?…

«Метаморфоза» болса, адамның итпен сөйлесуі арқылы көп нәрсенің бетін ашады. Қызық. Ойға қаласың. «Сіздер бір-бірлеріңізбен ырылдасқанда «Итсің!» деп тілдейсіздер. Осыған түсінбеймін» деп ұялтады-ау, итің!.. «Ұзақ сарынының» да айтар тәмсілі салмақты. Күшігінен айырылған қасқыр Көкшуланның да өзегінде өксік көп, ұзақ ұлиды, қу тіршілік күйбеңі қажытқан аңшы Қара-Бұланның да өкініш-күйініші жетерлік, домбырада тартқан сарыны ұзақ.

Адамның ішкі психологиялық қайшылықтарын қоршаған ортамен салыс-тыру арқылы айшықтау, адам түйсігінің қалтарыстарына көз жүгірту, оқиғаны ойға әкеп тіреу, бойға қанмен біткен қасиеттердің өшпейтін ізі, тағы басқа ерекшеліктер әңгімелер өрнегін қоюландыра түседі.Қысқасы, Е.Баятұлы өзіне тән жаңа бір сүрлеу салды. Бұрын мүлдем жоқ емес тақырып, тәсіл. Алайда, автордың өз стилі, өз тәсіл-шешімдері бар. Осы тапқан олжасымен бір емес, бірнеше дүние жазып, өз жолын жалдандырып, оқшаулап қойған. Алға қарай осы өз соны сүрлеуі айқындала түсер. Мүмкін, тағы да тыңнан жол салар. Талантқа, сірә, дау бар ма?! Қалай десек те, қай жанр, қай стильде жазса да автор жеңісі оқырманын үйіріп әкетуі, ізгі ойға жүгінтуі емес пе? Оқырманы іздеп жүріп оқитын болса, қаламгер үшін одан артық табыс бар ма? Біз «Жұмақ әуенін» іздеп жүріп оқушылар көптеп табылар деген сенімдеміз. Бұрыннан «Ақылды өлең» жазушылар қатарынан саналатын Ерболаттың «Уақыт бедері» деген жаңа жыр жинағы да оның өлең өлкесінде өз жүрісінен жаңылмағанының дәлелі. Сөздік қоры мол, көкірегі ояу, зерделі ақын өлеңдері көркем картинадай көз тартады. Ұтымды теңеу, келісті суреттер көп. Жалпы, ақын сыры, жүрек соғысы поэзиясында тұрады ғой. Автордың «Ақын деген» деп аталатын өлеңі оның прозадағы жетістігінің сыры, кілті іспетті.

Мінезі бар кейбір кезде ұяңдау,

Арманына құс ұшырып қиялдау.

Ақын деген жақсы көру ғаламды,

Ақын деген сүйіп тұрып сүйе алмау… Иә, ғаламды жақсы көру. Қилы тағдырлы, қуаныш пен мұңы, сәтсіздігі мен сәті алмасқан мынау жалғанда өмір сүру қалай да ғажап!.. Опындырса да, сағындырса да тәтті!..

Өтіп бара жатқан ғұмыр-жалғанның  қызығын құмарта  жырласа да өмірге құштар ақын өкініш айтпайды:

Жанымның жарқылы жақұттай,

Әр сәті өмірдің бақыттай, – деп оны қадірлеуге шақырады. Жырларының сазды сағынышы, үмітті аңсары, мөлдір мұңы бар. Сөйте тұра жаныңа жара салмайды, жүрегіңе салмақ түсірмейді. Мұң шілтерін жамылған жылы жырлары жазғы самалдай еседі.

Талай бойда қан тасып қызып егес,

Қайрат қылсаң қара нар күш табылар.

Өмір деген параллель сызық емес,

Шимайланып кететін тұстары бар.

Иә, солай… (92 бет. «Иә, солай…») – деп алып, өмірдің талай тартысы мен талқысын, көңілдің көкжиекке тартқан көріністерін суреттейді-ақ!

Өткенге барып бір сәт қайтар ма едік,

Сол шақты өз-өзіме айтам келіп.

Ол кезде әкем, анам тірі еді ғой,

Алыста… аман-есен, Алтайда едік… – деп балалық шағындағы небір қимас сәттерді Алтайдың ақ жаңбырындай төкпелейді. Шағын мақалада ақынның ақшуақ жырларын көбірек келтіріп, талғампаз оқырманды тұшынту мүмкін болмас. Жанға серік қып, кітабынан оқыған жөн.

Сөйтіп, Ерболат Баятұлы әдеби ортаға жаңа лепті, табиғаты бөлек, бітімі басқа ерекше прозалық шығармаларын, әдемі әдіпті, сұлу өрілген өршіл поэзиясын алып келді. Бұл автордың тамаша жетістігі, үлкен табысы! Алда әлі талай сыншылар, әдебиетшілерден жоғары баға алып, ауызға ілігеріне сенімдіміз. Алайда, қаламгер үшін ең биік баға оқырманның оны сүйіп оқып, қадірлеуі, сырласар досы ретінде қабылдауы ғой. Сол мақсатқа қол жетті деп түйеміз. Оның қаламынан алдағы уақытта да көкте тосыннан туар жарық жұлдыздай көзтартып, көңіл сүйсінтер керемет шығармалар туады деген сенімдеміз.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий